Рубрика: Жаңалықтар

  • Тағы 2800 орын ақылы тұраққа айналады – Астана әкімдігі

    Тағы 2800 орын ақылы тұраққа айналады – Астана әкімдігі

    Бұл туралы қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Kazinform сауалына жолдаған жауапта осындай мәлімет айтты.

    «Мемлекет-жеке меншік әріптестігінің шартына сәйкес 10 000 ақылы тұрақ орындарын іске қосу көзделеді. Бүгінгі таңда 7 200-ден астам ақылы тұрақ енгізілді. Ақылы тұрақтар әлеуметтік нысандар мен үйлердің аула аумақтарының жанында орнатылмайды», – деп жазылған басқарма жауабында.

    Басқарма мамандарының айтуынша, ақылы тұраққа төленген ақшаның 25 пайызы қала бюджетіне түсіп жатыр. Мұндай принцип 2038 жылға дейін жұмыс істейді деп айқындалған.

    «Кірісті бөлуге келсек, мемлекет-жеке меншік әріптестігінің шартына сәйкес, 2018 жылғы қарашадан 2022 жылғы қарашаға дейін мемлекеттің үлесі 5%, жеке әріптестің үлесі 95% болған. 2022 жылғы желтоқсаннан 2038 жылғы қарашаға дейін мемлекеттік серіктеске 25%, жеке серіктеске 75% үлес белгіленген. Сондай-ақ, ақылы тұрақ қызметтерін төлеуден жалтарғаны үшін салынатын айыппұлдан түскен ақшаның бәрі қала бюджетіне түседі», деп жазады әкімдіктегілер.

  • 10 млн теңгенің вейпі тәркіленді

    10 млн теңгенің вейпі тәркіленді

    Облыстық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 10 миллион теңгеден астам сомаға электрондық темекі (вейп) партиясын тәркіледі. Операция шегілмейтін темекі өнімдерінің және электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар шеңберінде жүргізілді, деп мәлімдеді облыстық ПД.

    Жоспарлы іс-шара барысында тәртіп сақшылары 24 жастағы азамат тізгініндегі автокөлікті тоқтатты. Көлікті тексеру барысында жалпы саны 1627 дана болатын 15 қорап электронды темекі өнімдері анықталып, тәркіленді. Аталған тауарларды ұсталғандар сатуға апара жатқаны белгілі болды. Заңсыз электрондық темекіні сату әрі тарату күдігі бойынша 21 мен 24 жас аралығындағы үш адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр, – деп қосты ведомство.

    Биылғы 19 сәуірде Қазақстанда никотинді (вейптерді), сондай-ақ олар үшін сұйықтықтар тұтынудың электрондық жүйелері айналымына тыйым салатын заң қабылданып, ол 20 маусымда күшіне енді. Сақшылар азаматтарға заңнаманы сақтау қажеттігін және электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз саудасына қатысуға сақ болуды ескертеді.

  • СІМ: Иран, Израиль, Ливандағы қазақстандықтар референдумда дауыс бермейді

    СІМ: Иран, Израиль, Ливандағы қазақстандықтар референдумда дауыс бермейді

    ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран, Израиль, Ливанда Қазақстанның елшілігі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлім етті. Аталған ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, осы үш елдегі күрделі ахуалға байланысты референдумның дауыс беру учаскелері жұмыс істемейді. Ондағы қазақстандықтар референдумға дауыс бермейді.

    «Соңғы бірнеше айда Таяу Шығыстағы жағдай айтарлықтай шиеленісті. Осыған байланысты Израиль, Иран және Ливандағы қазақстандық дипломаттар күшейтілген жұмыс режимде жұмыс істеп жатыр. Осы елдердегі Қазақстан азаматтарымен байланыс құрылды, олармен тұрақты байланыс бар. Елдегі жағдайға байланысты қажетті ұсыныстар беріледі. Қазақстанның елшіліктері әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты елден кету керектігін бірнеше рет жариялады», — деді Айбек Смадияров.

  • 4 мыңнан астам адам бәс тіккен казиноның иесі табылды

    4 мыңнан астам адам бәс тіккен казиноның иесі табылды

    Қаржы мониторинг агенттігі жазғандай, құмар ойын «Club GG» қосымшасының терісін жамылған болып шықты.

    «Бәс тігу ставкасы 100 мың теңгеге дейін баратын «Club GG» деген покер 40-тан астам ойын үстелін қамтыған. Бәс тіккісі келгендерге 20 оператор қызмет көрсеткен және телеграм-арнасы болған. Ставка да, ставканың ұтысы да адамның шотына аударылған. Осы ойынды ұйымдастырып бергендер айналымдағы ақшаның 10% алып отырған. Жыл басынан бері бұл заңсыз покердің табысы 55 млн теңгеден асқан», — деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.

    Дереккөзге сүйенсек, осы онлайн казиноға 4 мыңнан астам адам бәс тіккен.

    «Ұсталғандардың Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы үйлерінен, көліктерінен, кеңселерінен ондаған ноутбук пен компьютер, ұялы телефон, ақша, мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылған», — деп хабарлады ҚМА.

  • Алматы полициясы интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырды

    Алматы полициясы интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырды

    Алматы полициясының мәліметінше, алаяқтар көбінесе келесі қылмыстық тізбектерді пайдаланады:

    – банктік қауіпсіздік қызметінің қоңырауы: алаяқтар сіздің шотыңыздағы күдікті транзакциялар туралы хабарлайды және шоттарды қорғау үшін шотыңыздан аударымдар жасау керек деп сендіреді.

    – Ұлттық қауіпсіздік комитетінен және басқа да құқық қорғау органдарынан қоңырау шалу: алаяқтар қауіпті алаяқты ұстау бойынша арнайы іс-шара жүргізіліп жатқанын хабарлайды және сіздің шотыңыздағы қаражаттың жоғалуына әкелетін әрекеттерді жасауға көндіреді.

    – Ұялы байланыс операторынан қоңырау шалу: алаяқтар өздерін ұялы байланыс операторларының қызметкерлеріміз деп таныстырып, СИМ-картаңыздың мерзімі аяқталуға жақын деп хабарлайды. Келісімшартты жаңарту үшін олар сізді телефоныңызға жіберілетін СМС-кодтарын айтуды сұрайды.

    – брокерлердің қоңырауы: алаяқтар айына 50 пайыздан астам кірістілікпен криптовалютаға, алтынға, акцияларға пайдалы инвестиция жасауды ұсынады. Инвестицияны алғаннан кейін қаскөйлер құрбанды барлық әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде бұғаттайды.

    – жоқ өнімді немесе қызметті сату: алаяқтар әлеуметтік желілерде және интернет-платформаларда өнімді немесе қызметті сату туралы жарнаманы орналастырады. Төлемді алғаннан кейін олар жоғалады.

    – басшыдан келетін хабарлама: алаяқтар мемлекеттік органдардың немесе жеке ұйымдардың жоғары лауазымды басшыларының атынан Whatsapp мессенджерінде аккаунт ашып, оның ашық дереккөздерден алынған суретін өздерінің аватарына салып, сосын қол астындағыларға түрлі сылтаулармен жедел түрде үшінші адамдардың әртүрлі шоттарына ақша қаражатын жіберу қажеттігі туралы жазады. Барлық жағдайда Алматы полициясы әңгімені дереу тоқтатып, бұл деректі банкке және аумақтық құқық қорғау органдарына хабарлауды қатаң түрде ұсынады.

  • Қазақстанның 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр

    Қазақстанның 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр

    Ал, 1 мыңнан астам шетелдік Қазақстанда жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.

    «Қазір еліміздің 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр. Кейінгі 5 жылда 160 адамды Қазақстанға қайтардық. Биылғы 9 айда 24 адам қайтарылды. Сонымен қатар үшеуіне қатысты қайтарудан бас тарттық», — деді Ғ. Қойгелдиев Мәжілістің жалпы отырысында.

    Сонымен қатар ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге шетелде жазасын өтеп жүрген 900 адамның басым бөлігі Ресейде қамауда отырғанын айтты.

    «1 мыңнан астам шетелдік Қазақстанда жазасын өтеп жатыр, олардың көбісі Өзбекстан азаматы», — деді Бас прокурордың орынбасары.

    Оның сөзіне қарағанда, еліміздің жастары оңай ақша табамыз деп шетелге барып, келеңсіз жағдайларға ұрынып жатыр.

    «Осындай оқиғалар өте көп. Әсіресе, есірткі тасымалдау әрекетімен істі болып отыр. Бұл жаза бойынша сотталғандарға өте ауыр түседі», — деді Ғалымжан Қойгелдиев.

  • Бизнеске кредит беру рәсімдері цифрландырылады

    Бизнеске кредит беру рәсімдері цифрландырылады

    Бизнеске кредит беру рәсімдері цифрландырылады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен мәлім етті.

    «Кредит беруді ынталандыру жөніндегі жұмыстың маңызды бағыты — банктердегі кредиттерді мақұлдау рәсімдерін одан әрі оңтайландыру және оңайлату. Осы мақсатта бизнеске кредит беру рәсімдерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.Атап айтқанда, Smart Bridge платформасы және электрондық Үкімет шлюзі арқылы банктерді мемлекеттік дерекқорымен ықпалдастыру жалғастырылды. Тиісті ведомствоаралық жол картасы қабылданды. Оны іске асыру нәтижесінде 2023 жылы банктердің ақпараттық жүйелерін заңды тұлғалар, жылжымайтын мүлік, салық деректері, лицензиялау, заңды тұлғаны тіркеуге өтініш беру, заңды тұлғалардың кірістері және т.б. бойынша деректерге қатысты 37 сервиспен ықпалдастыру қамтамасыз етілді», — делінген агенттіктің хабарламасында.

  • Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы бірнеше өңірде  орманшылардың жалақысы өспегенін жеткізді. Осы мәселені шешу мақсатында ол депутаттық сауалын ҚР Премьер — Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

    «Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді», — деді  Нартай Аралбайұлы.

    Депутат орманшылардың жалақысын өсіру бойынша қол қойылған құжаттың барлық өңірде жүзеге аспағанын сынады. 

    «2024 жылдың 1 шілдесінде  Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы  қаулыға қол қойды. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Бөркімізді аспанға атып, алақайладық.

    Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді. Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде», — деді халық қалаулысы.

    Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында,  Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Депутат  орманшылардың жазған арызы қолында екенін жеткізді. 

    «Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да қаржысы жоқ. «AMANAT» партиясы бұл жағдайды бірнеше рет көтергенін қаперлеріңізге сала кетейін.Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді.Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған  қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын», -деп Нартай Аралбайұлы депутаттық сауалын қорытындылады.

     

     

  • Депутат Дайрабаев су шаруашылығындағы былықты жіпке тізіп берді

    Депутат Дайрабаев су шаруашылығындағы былықты жіпке тізіп берді

    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев  су шаруашылығындағы кемшіліктерді тізіп,  Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады.

    «2017 жылы «Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарының су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау» жобасын іске асыруға мемлекеттің кепілдігімен 173,8 млн АҚШ доллар немесе 53,9млрд. теңге Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі тарапынан алынған болатын.

    Қарыз қаражатының қолжетімділік мерзімінің аяқталуына, оның толық игерілмеуіне және құжаттарды рәсімдеу уақыты созылуына байланысты Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі 664,9 млн. теңге қосымша комиссия есептеген.

    Аталған жобалар бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, мердігерлердің жауапсыз жұмысына байланысты Үйлестіру кеңесінің шешімімен 2023 жылға, одан кейін 2025 жылға ауыстырылды.

    Бүгінде осы жобалардың орындалу барысыда мәз емес. Бұған кім жауап береді? Артық кеткен шығындардың сұрауы барма?», — деді депутат, «Ауыл» партиясы Фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев.

    Халық қалаулысы  жаз айында өңірлерді аралау барысында Жамбыл облысының сайлаушылары осы мәселені көтергенін жеткізді.

    «Бүгінгі күнге жоспарланған 315 каналдың тек 137 каналы жөндеуден өткен.Жұмыстың баяу жүруі жыл сайынғы вегетациялық кезеңнің өткеру сапасын төмендетуге әкеледі, берілетін судың шығыны 20-30 пайыздан асады», — деді депутат. 

    Жигули Дайрабаевтың мәліметінше,  Ақтөбе  қаласы бойынша инфрақұрылымның жетіспеушілігі салдарынан бөлінген 5,6 млрд теңгенің 1,3 млрд теңгесі игерілмеген. Ал Түркістан облысы бойынша бөлінген 18,5 млрд. теңгенің тек 2,2 млрд. игерілген.

    «Бұдан басқа, «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ПУИД-2) жобасы бойыншада шешілмеген сұрақтар көп.Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында бұл жоба аясында жыл басынан тек 3,35 млрд. теңге Үкімет Резервінен бөлінген.Сондай-ақ, өткен жылдан бері Дүниежүзілік Банк тарапынан төленетін 1,1 млрд. теңге қарыз әліде болса төленбеген, ал жобаны орындау мерзіміне аз уақыт қалды.Бюджетті нақтылау кезінде қаржы бөлінеді деген уәделестікте жоқ.Қажетті 28 млрд. теңгені сонда Үкімет қашан бөлмекші? Шешуге тиісті мәселені одан әрі ушықтырмай нақты жұмыс ұйымдастыру керек емес пе?»,— деп толықтырды Жигули Дайрабаев.

    Депутат, елімізде су тапшылығы жыл өткен сайын күрделі мәселеге айналып келе жатқанын жеткізді.

    «Ал бізде суды үнемді және тиімді пайдалану тетіктері әліде болса жоқ. Сондықтан жыл сайын миллиардтаған теңгенің шығыдарын көрудеміз.Тасқын суды жинау және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін салалық министрлік 2,6 млрд. текше метр су сақтай алатын 42 жаңа су қоймасын салуды, жалпы көлемі 3,7 млрд. текше метр болатын 37 су қоймасы мен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналды реконструкциялауды жоспарлап отыр екен.Министрлік бұрынғы жоспарлаған міндеттерін орындамай жатып, құрылыстың басталуы 2012 жылдан бері созылып келе жатқан, жырға айналған Жамбыл облысындағы 3 су қоймаларының мәселесі әлі шешілмеуде, аталған Қалғұтты, Ырғайтты мен Ақмола су қоймаларының құрылысы 34,5 мың гектар суармалы жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік берер еді»,- деді Ж. Дайрабаев.

    Ал, депутат су шаруашылығы бойынша жаңадан  құрылған министрліктің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. 

    «Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында су ресурстарының маңыздылығын атап, оны тиімді пайдалануды тапсырып, жаңа ведомства құрып еді. Дегенмен, қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың көңілінен шықпауда, су шаруашылығы саласындағы ұйымдастыру жұмыстары сылбыр жүруде. Министрлік құрылғанына бір жыл өтседе, бүкіл Республика бойынша ревизиялық жұмыстар әлі толық біткен жоқ.

    Мәселен, Шығыстағы судың 40%-на ие Семей өңірінде Облыстық деңгейде ҚазСуШар мекемесі әлі күнге дейін құрылмаған, Ұлытаудада осындай жағдай. Су шаруашылығы объектілерін ұстау, пайдалану мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететітін ұйымы болмаса, басқасы туралы не айтуға болады!

    Осыған орай, сауалда көтерілген 3 мәселе бойынша қандай шаралар қабылдануда? Құрылыстардың аяқталу және күрделі жөндеу жұмыстары қай уақытта бітеді?Осы сұрақтарға жауап  беруіңізді сұраймыз», -деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында.

  • Қазақстандық әуекомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып өту ұсынылды

    Қазақстандық әуекомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып өту ұсынылды

    Қазақстандық әуекомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып өту ұсынылды. Сейсенбіде Иран, Израиль, Иордания, Ирактың және аймақтың басқа елдерінің үстінен өтетін рейстерді билік тоқтатты, бұл әуекомпанияларды дереу әрекет етуге және рейстерінің бағытын өзгертуге мәжбүр етті. Көлік министрлігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

    «Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық әуекомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып өтуге немесе баламалы бағыттарды таңдауға, сондай-ақ тиісті өңірде ұшу бойынша бұрын жолданған нұсқаулар мен ұсынымдарды басшылыққа алуға ұсынылады», – деді Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.