Рубрика: Жаңалықтар

  • Қазақстандық полицейлер күшейтілген режимге көшті

    Қазақстандық полицейлер күшейтілген режимге көшті

    Полиция қызметі күшейтілген режимге ауыстырылды. Бұл шешім Республикалық референдумның өткізілуіне байланысты қабылданып отыр. Ішкі істер министрлігі науқан кезінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамсыз етеді. Дауыс беруге арналған учаскелерге комиссиялық тексерулер жүргізілетін болады. Олардың техникалық сипаттарға және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, терроризмге қарсы қорғалуы қаралады.

  • 189 адам «Хелен» дауылынан қаза тапты

    189 адам «Хелен» дауылынан қаза тапты

    АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис «Хелен» дауылынан зардап шеккен аймақтарға аттанды. Соңғы мәліметке қарағанда, жауындатып соққан сұрапыл желден қаза тапқандар саны 189-ға жеткен. Сонымен қатар, бес штатта 1 миллиондай үй мен кәсіпорын жарықсыз отыр. Бұған қоса, Оңтүстік және Солтүстік Каролина, Джорджия, Флорида, Теннесси штаттарында сан мың үй қирап, көпірлер мен жолдар, құбырлап бұзылып, жүздеген мың тұрғын ауыз сусыз қалды. Қазір апат жайлаған аудандарда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр.
    «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, кейінгі күндері Атлант мұхитында «Кирк», «Лесли» атты дауылдар күшейіп келеді. Дегенмен, олардан төнген қауіп жөнінде әзірге ескерту жасалмай отыр.

  • Алматыда жылу ертерек беріледі

    Алматыда жылу ертерек беріледі

    Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, 7-11 қазан аралығында нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу жоспарда. Бірінші кезекте, жылу әлеуметтік мекемелерлерге, оның ішінде балабақшаларға, мектептерге және медициналық-әлеуметтік нысандарға берілетін болады.

    «АлТС» ЖШС қазірдің өзінде айналым режимін іске қосуға дайын, бұл қажет болған жағдайда жылу беруді жедел бастауға мүмкіндік береді. Коммуналдық кәсіпорын материалдық – техникалық базадан бастап бригадаларға арналған арнайы техника мен киімге дейін барлық қажетті заттармен толық жабдықталған, олар ықтимал авариялар мен технологиялық іркілістерді жоюмен айналысатын болады», — деп хабарлады әкімдіктен.

    Биыл жылыту маусымына дайындық аясында қаланың алты ауданында 20 км жылу желісі қайта жаңартылды. Мамандар желілерді сынау мен жөндеуді аяқтап, сорғы жабдықтарын жаңартты. Барлығы 69 сорғы станциясы және 24 резервуар-аккумулятор дайындалды, бұл ыстық су желісіндегі ең жоғары жүктемелерді теңестіруге мүмкіндік береді.

  • Тынышбай Досымбеков: Тағы төрт жолбарыс әкелу жоспарда бар

    Тынышбай Досымбеков: Тағы төрт жолбарыс әкелу жоспарда бар

     Өткен аптаның басты жаңалығы – Нидерландыдан екі амур жолбарысының келуі болды. 2017 жылы еліміз бен WWF International (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) арасындағы меморандум нәтижесінде арнайы бағдарлама түзілді. Мұның аясында алаңы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватын құру, оңтүстік Балқаш маңы экожүйесін қалпына келтіру қолға алынды. Sona.kz тілшісі Іле-Балқаш табиғи резерватында аумақтық сарапшы Тынышбай Досымбековті аз-кем әңгімеге тартты.

    –  Тынышбай мырза, «Іле-Балқаш» резерватын құру жұмысының басы-қасында жүргеніңізді білеміз. Бұл идея қашан туындады? 

    – Өзім Балқаш ауданының тумасымын. Осы ауданның алғашқы әкімімін. Біз Балқаш ауданынан ерекше қорғалатын аймақ ашу мәселесін 2008 жылдан бері көтеруге атсалыстық. Неге десеңіз, бұл жаққа демалыс күндері Алматы қаласынан келімді-кетімді қонақ көп. Сенсеңіз, шамамен 500-дей джип көліктері ағылады. Жанашырлық танытқан ауыл азаматтары «Ештеңе қалмайтын болды. Балықты да сүзіп әкетіп жатыр. Аң-құсты да атады. От жағады, өртейді. Тіпті, Іленің бойында бос орын болмайды» деп айтып жүрді. Содан кейін аудан әкімдігі экологиялық пост қойды. Бірақ оған бағынып жатқан адам жоқ. Әрбірден кейін лауазымды азаматтардың өзі тоқтамай өте шығады екен. Содан ерекше қорғалатын аймақ жасайық деген ұйғарымға келдік.

    2014 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда 417 мың га жерді қоршап қойдық. Оған дейін арнайы мекеме қорықты қай жерден ашуға болатынын зерттеуге кірісті. Сөйтіп, Балқаш көлінің батыс жағынан 86 мың га, шығыс жағынан 365 мың га, жалпы аумағы 417 мың га жерді белгіледік. Енді резерватты ашуға әреккеттенгенде «жолбарыс әкеледі екен» дегенді естіген аудан халқы қарсы болып, Президент әкімшілігіне дейін хат жазған еді. Оның үстіне зоологтар да «Көшуге дайындалыңдар!» депті жұртты дүрліктірген.

    Экология және табиғи ресурстар министрлігі

    Қазіргі кезде Балқаш ауданында 29 мың халық тұрады. 3 млн 700 мың га жері бар. Алматы облысы жерінің 35 пайызы Балқаш ауданына тиесілі. Содан кейін 2015 жылы қорықтан зейнетке шығып, осында келіп Бақанас, Қараойға барып түсіндіру жұмысын жүргіздік. «Темір қазып, көмір өндіріп жатқан жоқсыңдар. Бұл жердің табиғи байлығы жетеді. 400-ден астам табиғи биоәртүрліліктің түрі бар. Бұл жерден теміржол өтпейді. Нағыз қолайлы жер. Ертең шаруашылық қайта қалпына келіп, ел жұмысқа тұрады. Туристер келіп, тіршілік пайда болады» дедім. Олар да «Бізге сіз сияқты ешкім түсіндірмеді. Жолбарыс әкеледі, ертең жеп қояды. Көшіңдер!» деді. Біз неге кетеміз? Керісінше, ерекше қорғалатын аймақты ашқандарыңызға ризамыз» деді. Содан не керек, 2018 жылы резерват ашылды. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бөлімшесі жұмыс істейді. Ал табиғи резерват мемлекеттік меншікке бағынышты мекеме ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Директорын сайладық. Қараойдан бір бөлімшесін аштық. Өтетін жолдарға бекініс қойылды.

    – Ал амур жолбарысын елге әкелу жоспары қалай жүзеге асты?

    – 2010 жылы жабайы жануарлардың дүниежүзілік қорының Санкт-Петербург қаласындағы бөлімшесі жиналыс өткізіп, Ресейден Қазақстанға амур жолбарысын беру туралы келісімшартқа қол қойған. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз ынтымақтастықтың арқа­сын­да екі Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи ре­зер­ватына Нидерландтағы «Свя­того льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан жеткізілді. Бұл – тұран жолбарысын қалпына келтірудің алғышарты. Бір әңгімеде тұран жолбарысы 1939 жылы атылған дейді, енді бірі 1946 жылы Балқаш көлінің маңынан ізі көрінгенін айтады. Оның анық-қанығын ешкім білмейді. Бірақ тұран жолбарысының соңғы тұяғы 1978 жылы немістің зообағында өліп, содан жойылған деген дерек те бар. Сонымен не керек, «Екі жолбарысты қайда апарамыз?» дегенде, Балқаш ауданының Іле жағасы таңдалды. Өйткені, басқа жерде халық көп, өндіріс орындары жұмыс істейді.

     

    – Білуімізше, бұл екі жолбарыстың жерсініп кетуіне бір жылдай уақыт кетеді екен. Оның тамағы, күтімі де мамандардың қадағалауын қажет ететін шығар.

    – Резерватқа жеткізілген Богдана мен Кума атты Амур жолбарыстары арнайы зообақта, қолға үйренген. Оны Дүниежүзілік жабайы табиғат қорындағы зообағы бар меценат сыйға берген. Еркегі – 13 жаста, ұрғашысы – 9 жаста. Жолбарыс тұратын жер жасау үшін 10 га жер қоршалып, бес бөлікке бөлінді. Мамандар арнайы монитор арқылы қадағалап, көзден таса қылмайды.

    Күніне жейтін 4 келі етті Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры әкеп береді. Алдағы уақытта тағы 4 жолбарыс әкелу жоспарда бар. Өзіміз алдыңғы жылы 60 құлан апардық. Биыл қазан айының соңына дейін 35 құлан жеткізіледі. Одан бөлек тоғай бұғысы 260-қа жетті. Жабайы шошқа қой сияқты жайылып жүр.

    Демек, Тұран жолбарысының Амур жолбарысынан соншалықты айырмашылығы жоқ. Сондықтан амур жолбарысы мекен еткен табиғаты, климат белдеуі бізге сәйкес келеді. Басты мақсат – Орталық Азияда жойылып бара жатқан жыртқыш-тұран жолбарысын қалпына келтіру. Кейін олардың шөнжігін табиғатқа жі­беріп, көбейте аламыз.

    «Іле-Балқаш» резерваты аймақтың экотуризмін дамытуға таптырмас мүмкіндік пе?

    – Жалпы, биоэкономикалық негіздеме деген болады. Соны жасағанда резерватқа 2 млрд 242 млн қаржы құйылып, Қараойдан әкімшілік ғимарат, бизнес орталық, демалыс орны ашылуы тиіс. Одан бөлек ауыр техника мен көліктік базасы қалыптасады. Сондай-ақ, 169 адам жұмыспен қамтылады деген есеп болған. Қазір мұнда 64 адам жұмыс істейді. Жаз маусымында 100-ге жуықтайды.

    Өзім БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ)  аясында жұмыс істеймін. Қазір БҰҰДБ қамқорлық жасап резерватқа қажетті техниканы, дүрбі, квадрацикл көлігін алып берді. Бұл үкіметтен тыс беріліп жатқан көмек. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) экотуризмді дамыту үшін ауыл адамдарына шағын несие берді. Қазір БҰҰДБ тарапынан 130 метр тереңдіктегі су ұңғымасын қазылды. Бітеліп қалған Қара Бақанас өзегін тазалау бойынша құжат экспертизада жатыр. Сметасы дайын. Егер жасалса, Іленің Қара Бақанас  тармағы ашылып, үлкен оазис пайда болады.

    Екінші, Балқаш ауданында туризмді дамыту. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, алдағы уақытта кэмпинг, тікұшақ, ұшақ қонатын жолақ салынады, су шығатын ұңғыма қазылады. Қараойда әкімшілік ғимарат салынса, Бақанаспен ортадағы жол жөнделеді. Оған 1 млрд 150 млн теңге бөлінеді делінді. Одан бөлек мамандарды даярлап, интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде болады.

    – Әңгімеңізге рақмет! 

  • Футзалдан Бразилия құрамасы әлем чемпионатының финалына шықты

    Футзалдан Бразилия құрамасы әлем чемпионатының финалына шықты

    Жартылай финалдық ойынның бірінші күнінде Украина мен Бразилия құрамалары шеберлік байқасты. Жанкүйерлердің басым бөлігі бұған дейін бес дүркін әлем чемпионы болған бразилиялық футзалшылар қарсыласын оңай жеңеді деп болжаған еді. Дегенмен кездесу барысында Украина құрамасы оларға лайықты тойтарыс бере білді.

    Ойын басынан қос құрама бірден шабуылға көңіл бөлді. Нәтижесінде украиналық Игорь Чернявский 18-минутта мергендік танытып, өз құрамасын алға шығарды. Бразилиялық футзалшылар одан кейін таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

    Екінші кезеңде бразилиялықтар жылдам екі гол соғып кетті. Алдымен украиналық Ростислав Семенченко 21-минутта автогол авторы атанса, 22-минутта Диего мергендігімен көзге түсті. Ал, украиналық Игорь Корсун 29-минутта есепті теңестірді. Алайда бразилиялық футзалшы Диего пенальти тебуге мүмкіндік алып, командасының жеңісті голын соқты. Осылайша қарсыласынан 3:2 есебімен басым түскен Бразилия финалға жолдама алды.

    Енді 3 қазанда екінші жартылай финалдық кездесуде Франция мен Аргентина кім мықтыны анықтайды. Финал мен 3-орын үшін ойын 6 қазанға белгіленген.

  • 12 облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    12 облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен жаңбыр күтіледі, республиканың оңтүстік-батысында қатты жаңбыр болжанады, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде кей уақыттарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады.

    Елдің батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында найзағай күтіледі, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында ғана жоғары қысымды өрістің әсерінен құрғақ және жылы ауа райы күтіледі. ҚР бойынша желдің күшеюі күтіледі, түнгі және таңертеңгі сағаттарда солтүстікте, солтүстік-батыста, елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда тұман болады.

    Қарағанды, Абай облыстарында, Ақтөбе облысының солтүстігінде, солтүстік-шығысында, Ұлытау облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Қызылорда облысының солтүстік-батысында, Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында, Қостанай облысының оңтүстігінде, Маңғыстау облысының шығысында, батысында, оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

    Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Ұлытау облысында, Қарағанды облысының батысында, шығысында, Абай облысының оңтүстігінде, Жетісу облысының батысында, солтүстігінде, орталығында, Алматы облысының солтүстігінде, батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

  • Елорданың бас санитариялық дәрігері тағайындалды

    Елорданың бас санитариялық дәрігері тағайындалды

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Айгүл Қошмұхаметқызы Шағалтаева Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    2 қазан күні Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова жаңа басшыны ұжымға хабарлап, әрі қарай қызметіне табыс тіледі.

    Айгүл Шағалтаева 1968 жылдың 26 шілдесінде Қарағанды облысында дүние келген.

    1993 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институты, гигиенист-эпидемиолог дәрігері мамандығы бойынша аяқтады.

    Еңбек жолын 1993 жылы Ақмола қаласы санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық дәрігер болып бастады;

    1998 жылдан 2001 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық бөлімінің меңгерушісі;

    2001 жылдан 2003 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының санитарлық дәрігері;

    2003 жылдан 2005 жылға дейін Астана қаласы медициналық колледжісінің оқытушысы;

    2005 жылдан 2007 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің құрылыс және объектілерді қайта құру бөлімінің бас маманы;

    2007 жылдан 2014 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің емдеу профилактикалық объектілерге бақылау және дезинфекциялау, стерилизациялау іс-шараларын жүргізу бөлімінің бастығы;

    2014 жылдан 2017 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министірлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің ішкі ауруханалар инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы;

    2017-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары;

    2019 жылдан бастап «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Астана қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті» басшының орынбасары қызметін атқарды.

  • Қазақстаннан Дубайға қатынайтын ұшақтардың бағыты өзгереді

    Қазақстаннан Дубайға қатынайтын ұшақтардың бағыты өзгереді

    Ұшақтар Иранның әуе кеңістігін айналып өтеді. Көлік министрлігі барлық әуе компанияларына осындай кеңес берді. Астана мен Алматы қалаларынан Дубайға қатынайтын рейстердің бағыттары өзгеріп, ұшу уақыты ұзарады.

    Ал Жиддаға рейстер өзгермейді, бірақ өңірдегі әскери әрекеттер күшейген жағдайда қайта қаралуы мүмкін.

    Естеріңізге сала кетейік, Тау Шығыстағы күрделі саяси жағдайға байланысты Иран, Израиль және Ливанда жедел желілер іске қосылды. Ондағы Қазақстандық азаматтар қандай да бір көмек қажет болса, елшілікке жүгіне алады.

  • Израиль, Иран және Ливанда жедел желілер іске қосылды

    Израиль, Иран және Ливанда жедел желілер іске қосылды

    Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Сыртқы істер министрлігінде, Израиль, Иран және Ливанда жедел желілер іске қосылды. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.

    «Бүгінде Қазақстанның консульдығы есебінде Израильде 120 азамат, Иранда 102 азамат және Ливанда 139 азамат тұр. Оның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері де бар. Көптеген азаматтың консульдық есепке тұрмайтынын айта кету керек. Осы орайда байланыс орнату және Қазақстан азаматтарының тізімін дайындау біраз уақыт алады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып Қазақстан азаматтарын аталған елдерде консульдық есепке тұруды шақырамыз. Қазіргі уақытта Израиль, Иран және Ливанда тұратын Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса тұрып жатқан жерлерінен шықпауға, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтіп, сақтық пен қырағылық танытуды сұраймыз», — деді Айбек Смадияров.

    Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Иран сейсенбінің кешінде Израиль аумағына 200-ге жуық зымыран жібергенін хабарлаған болатынбыз. https://sona.kz/kk/iran-izrail-awmagyn-200-ge-zhwyq-zymyranmen-atqylagan-7125/

  • Антикор білім беру саласындағы жемқорлықты анықтады

    Антикор білім беру саласындағы жемқорлықты анықтады

    Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты.

    2022-2023 жылдары саладағы жемқорлықтан мемлекетке 17 млрд теңге залал келген. Мысалы, Талдықорған қаласында білім беру бөлімінің меңгерушісі, бас бухгалтер, бірқатар мектеп директоры 4 млрд теңгеден астам қаржы ұрлаған. Тіпті, (күдіктілерді) ұстау барысында көліктен шамамен 1 млрд теңге табылды. Осыған ұқсас фактілерді өзге өңірлерде де анықтадық, — деді Ұлан Сарқұлов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

    Оның пікірінше, білім берудегі жемқорлықты жою үшін саланы цифрландыру керек.

    Адами факторды болдырмау үшін барлық процесті цифрландыру қажет. Іс-қағазды жүргізгенде манипуляция болмауы шарт. Қазір біз профилді министрліктер және әкімдіктермен түрлі ақпараттық жүйені енгізіп жатырмыз. Нәтижесінде мұндай деректердің айтарлықтай төмендегенін байқап отырмыз, — деді төрағаның орынбасары.