Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Алматы облысында 100 мың теңге пара алған басшы 2 жылға бас бостандығынан айырылды

    Алматы облысында 100 мың теңге пара алған басшы 2 жылға бас бостандығынан айырылды

    Алматы облысында 100 мың теңге пара алған басшы 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте мәлім болды.

    «Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық соты Ауыл шаруашалық министрлігі Ветеринариялық бақылау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының басшысы С.Б. Ермековке қатысты үкім шығарды.Ол жылқыларды Ресей Федерациясына әкетуге ветеринариялық сертификат бергені үшін кәсіпкерден 100 мың теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды», — деді антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров.

    Ведомство өкілінің мәліметінше, сот үкімімен Ермеков мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Оған 2 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

     

  • «Елорда құрылыстың» бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды

    «Елорда құрылыстың» бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды

    Бұл турады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

    Астана соты «Елорда құрылыс» компаниясының бас директоры Кәдесов пен азамат Дәулетовке қатысты үкім шығарды. Кәдесов Дәулетов арқылы Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу шарты бойынша аванс төлегені және сметаны ұлғайтқаны үшін мердігер ұйым басшысынан 170 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен Кәдесов 10 жылға, Дәулетов 6 айға бас бостандығынан айырылды, – деді Бигайдаров.

    Кәдесовтен төрт автокөлік тәркіленді. Сондай-ақ 170 млн теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • Күштібаевтың дауы: сот хатшысымен тағы екі адам сотталуы мүмкін

    Күштібаевтың дауы: сот хатшысымен тағы екі адам сотталуы мүмкін

    Талдықорған қалалық полициясының бұрынғы басшысы Марат Күштібаевқа қатысты сот дауы әлі де сейілер емес. Күштібаевтың өзі қыз зорлады деген айыппен 11 жылға сотталған болатын. Енді осы іске қатысты сот хатшысы мен тағы екі адам сотталуы мүмкін. Оларға қатысты тергеу аяқталды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті брифингінде мәлім болды.

    «Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алаяқтық жасады деген күдікпен Талдықорған қалалық сотының сот отырысының хатшысына және екі азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.Хатшы сотта жәбірленушінің айғақтарын Талдықорған қаласы Полиция басқармасының бұрынғы бастығының пайдасына өзгертуге жәрдемдесу деген атпен берілген 40 млн теңгенің жартысын иемденген.Қалған 20 млн теңгені жәбірленуші мен оның серігі соттағы айғақтарды сотталушының пайдасына өзгерту сылтауымен алған», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров.

    Брифингте мәлім болғандай, күдіктілерге қатысты соттың санкциясымен «үй қамағына алу» және «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды.

    «Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», — деп толықтырды аталған ведомствоның ресми өкілі. 

     

  • Елімізде 4 мыңнан астам науқас ағза ауыстыруға мұқтаж

    Елімізде 4 мыңнан астам науқас ағза ауыстыруға мұқтаж

    Бұл күннің мақсаты – әлемнің түкпір-түкпіріндегі қан донорларына құрмет көрсету, сондай-ақ, қоғамның қан тапсырудың маңыздылығын түсінуіне ықпал ету.
    Мәселен, елімізде 4 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж.

    Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, науқастардың басым бөлігі бүйрекке зәру. Оның ішінде 3 мың 661-і ересек адам, 85-і бала. Бауырға 180 ересек пен 10 бала мұқтаж.

    20 ересек қазақстандық өкпесін ауыстыру бойынша, ал жүрек бойынша 136 ересек пен 5 бала күту парағында тұр.

    Сондай-ақ жүрек-өкпе кешеніне 4 ересек пен 2 бала мұқтаж, деп жазады qazaqstan.tv.

    Кейінгі кезде мәйіттік донор бойынша нәтижелер жақсарып келеді. Соның ішінде қайтыс болған бес адамның ағзасы 19 адамның өмірін сақтап қалды.

  • Қазақстанда жыл соңына дейін 20 мыңнан астам жас әскерге жіберіледі

    Қазақстанда жыл соңына дейін 20 мыңнан астам жас әскерге жіберіледі

    Олар Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдары қатарын толықтырмақ.

    ІІМ өкілінің мәліметінше, елімізде 700 мыңнан аса адам әскер қатарында есепте тұр. Арнайы өткен брифинг барысында әскердегі қауіпсіздік мәселелері мен әскери қызметтен жалтарғандарға қатысты жаза туралы да айтылды.

    Мерзімді әскери қызметке шақырылудан бас тартқаны үшін заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауаптылық көзделген. Әскери ортада құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жеке құрам мен жұмысқа жаңа бастамалар енгізілген. Барлық әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйелері орнатылған. Тұрақты негізде социологиялық сауалнамалар жүргізіледі, психологтар жұмыс істейді,-деді ҚР қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев.

    Бұдан бөлек, азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандырудың жаңа тетіктері талқыланды. Мысалы әскерге шақырылғандарға білім беру саласында жеңілдіктер жасау, сондай-ақ мерзімді әскери қызметке баратындар үшін кредиттік демалыс беру қарастырылған.

  • Есірткі сататындар ашқан 118 чат пен интернет-арна бұғатталды

    Есірткі сататындар ашқан 118 чат пен интернет-арна бұғатталды

    Қалалық прокуратураның ақпаратынша, жыл басынан бері Астанада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 987 қылмыс тіркелген, оның 249-ы есірткіні сатумен байланысты.

    «Заңсыз айналымнан 578 келі есірткі тәркіленіп, жойылды, соның ішінде мефедрон – 254 келі, каннабис – 224 келі, гашиш – 80 келі, кокаин – 48 гр. Прокуратураның үйлестіруі негізінде құқық қорғау органдары 3 есірткі зертханасын анықтады. Тыйым салынған заттарды сату бойынша жұмыс істейтін 118 чат пен интернет-арналар бұғатталды», – деп мәлімдеді ведомство.

    Бұдан бөлек, граффити арқылы есірткіні жарнамалаудың көптеген фактісі тіркелген. Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы (есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталды. Бір адам сотталған.

  • Талғардағы жасөспірім өлімі: полиция бейнебақылаудағы жазбалардың өшірілгенін жоққа шығарды

    Талғардағы жасөспірім өлімі: полиция бейнебақылаудағы жазбалардың өшірілгенін жоққа шығарды

    Алматы облысының Полиция департаменті камераға түсіп қалған Талғардағы жанжалдың бейнежазбалары жойылды деген ақпаратты жоққа шығарды.

    «Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілді деген жалған ақпарат тарауда.
    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазбалар полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз», — делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазбалар зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.

    «Тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз. Бейненің бар екендігі туралы ақпаратты растау ретінде постқа скриншот қоса беріледі», — деп толықтырды полицияның баспасөз қызметінен.

    Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен 16 жастағы жасөспірім қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.https://sona.kz/kk/on-alty-zhastagy-sherzattyn-olimi-sot-talgarda-zheti-kuediktini-2-ayga-qamady-8337/

  • Ақбөкен мүйізін тасымалдамақ болған тұрғын 8 жылға сотталды

    Ақбөкен мүйізін тасымалдамақ болған тұрғын 8 жылға сотталды

    Қостанай облысында ақбөкен мүйізін заңсыз тасымалдамақ болған күдіктіге сот үкімі шықты

    Айыпталушы мүйіздерді Астанадан Қостанайға апармақ болған.

    Полицейлер көлікті Әулиекөл тас жолында тоқтатып, 823 ақбөкен мүйізін тапты. Келтірілген шығын көлемі екі миллиард теңгеден асты.
    Сот айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • 2027 жылы Қазақстанда дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді

    2027 жылы Қазақстанда дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді

    Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
    Министр Будапештке сапарында Халықаралық Дзюдо Федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен маңызды кездесу өткізді.

    «2027 жылы дзюдодан Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені чемпионат Лос Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді», — деп атап өтті Мырзабосынов.

    Сонымен қатар, Халықаралық дзюдо федерациясы академиясының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

  • Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды

    Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

    Рыспеков Дастан 1984 жылы Жезқазған қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын бітірген.

    Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің болжамдау және түсімдер бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

    2007-2016 жылдары Алматы қаласында Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясында, Астана қаласы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

    2018-2019 жылдары — Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы, Павлодар қ..

    2019 жылдың сәуір айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.

    2020 жылдың ақпан айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылғанын хабарлаған болатынбыз.