Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қазақстанда кәмелетке толмағандарды «алып қашу» бойынша алғашқы қылмыстық істер қозғалды

    Қазақстанда кәмелетке толмағандарды «алып қашу» бойынша алғашқы қылмыстық істер қозғалды

    Қазақстанда алғаш рет «алып қашу» — яғни, қызды еріксіз некеге мәжбүрлеу деректері бойынша қылмыстық істер тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Hola.news-ке сілтеме жасап. Оқиғалар Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында болған. Жәбірленушілер — кәмелетке толмаған қыздар.

    2025 жылдың қыркүйегінен бастап елде жаңартылған Қылмыстық кодекс күшіне енген. Енді «алып қашу» үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекет ауыр зардаптарға әкелсе, жаза мерзімі он жылға дейін ұлғаяды.

    Қазіргі таңда істер прокуратураның бақылауында. Жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.

  • Алматыда “Дикий Арманның” ісі бойынша аппеляциялық сот басталды

    Алматыда “Дикий Арманның” ісі бойынша аппеляциялық сот басталды

    14 қазан күні Алматыда 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына қатысты іс бойынша апелляциялық сот отырысы басталды. Фигуранттардың бірі — “Дикий Арман” атанған Арман Жұмагелдиев, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Қалалық сотта өтіп жатқан тыңдау жабық режимде ұйымдастырылды — БАҚ өкілдері мен тыңдармандар қатыстырылған жоқ. Апелляциялық шағымдарды сотталғандар, соның ішінде Арман Жұмагелдиевтің өзі де түсірген. Ол үкімнің қайта қаралуын сұрап отыр.

    Еске салайық, 2025 жылғы 27 қаңтарда сот Арман Жұмагелдиевті қылмыстық топ құрғаны, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны және 24 адамды ұрлағаны үшін кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

    Сонымен қатар, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген 8 жылға, ал ҰҚК-нің 5-басқармасының экс-басшысы Руслан Искаков 15 жыл 6 айға сотталып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған.

    Дикий Арманның ұйымдасқан тобының 13 мүшесіне 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейін жаза тағайындалды. Ал өзге қатысушыларға 1,5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзім берілді. Кейбірі сот залынан босатылды — тергеу абақтысында өткізген уақыты жазасына есептелді.

    Апелляциялық сот отырыстары алдағы күндері жалғасады.

  • Жүргізушілерді даярлау мектептерін ашу тәртібі қатаңдайды — ІІМ жаңа ережелер енгізбек

    Жүргізушілерді даярлау мектептерін ашу тәртібі қатаңдайды — ІІМ жаңа ережелер енгізбек

    Қазақстанда жүргізушілерді даярлайтын мектептерді ашуға қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді көлік жүргізушілерін даярлайтын оқу орталықтары Ішкі істер министрлігінің ресми рұқсатын алғаннан кейін ғана жұмыс істей алады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    ІІМ басшысы Ержан Саденовтің айтуынша, қазір жүргізушілерді даярлайтын мектептердің қызметін рұқсат беру тәртібімен реттеу жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Министр атап өткендей, 2018 жылы мемлекеттік бақылаудың алынып тасталуы оқыту сапасының төмендеуіне және жалған құжаттар жасау секілді заңсыздықтарға жол ашқан.

    «Барлығын қайта ретке келтіріп жатырмыз. Өткен жылы өзін-өзі даярлау жүйесін тоқтаттық, барлық жүргізушілерді даярлайтын мектептер есепке алынды. Курстар мен медициналық анықтамалар электрондық форматқа көшірілді. Енді жүргізушілерді даярлайтын мектептерді тек ІІМ рұқсатымен ғана ашуға мүмкіндік болады», — деді Ержан Саденов.

    Министрдің айтуынша, бұл шаралар саладағы заңсыз қызметтің алдын алып, болашақ жүргізушілердің білім сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, ІІМ біртұтас деректер базасын енгізу және емтихан өткізу процесін автоматтандыру мәселесін қарастырып жатыр.

    Жаңа талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілерді даярлау жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуы тиіс.

  • Атырауда әйел бірге тұратын азаматын өлтірді: іс бойынша тергеу басталды

    Атырауда әйел бірге тұратын азаматын өлтірді: іс бойынша тергеу басталды

    Атырау қаласында тұрмыстық жанжалдың соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Әйел адам өзімен бірге тұратын азаматты пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Sona.kz Kris_p_astana-ға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, оқиға үй жағдайында болған. Ерлі-зайыпты арасында жанжал туындап, ашуға булыққан әйел пышақ алып, ер адамға соққы жасаған. Алған жарақатының ауырлығынан ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.

    Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

    Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

    Полиция өкілдері мұндай тұрмыстық жанжалдардың жиілеп кеткенін атап өтіп, азаматтарды агрессия мен дау-дамай туындаған жағдайда психолог немесе медиация орталықтарына жүгінуге шақырды.

    Айта кетейік, соңғы уақытта Атырау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бірнеше қайғылы оқиға тіркелген.

  • Қазақстанда биыл 10 оқушы есірткі «жасырғаны» үшін ұсталды

    Қазақстанда биыл 10 оқушы есірткі «жасырғаны» үшін ұсталды

    2025 жылдың басынан бері Қазақстанда есірткі қылмыстары бойынша 61 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 10-ы — мектеп оқушысы, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов Үкімет сағатында айтты. Оның сөзінше, ұсталғандардың 40-ы — колледж студенттері.

    «Есірткі сату үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Кейде қоғамда оны 13 жасқа дейін төмендету туралы ұсыныстар айтылады, бірақ бұл тек аса ауыр қылмыстарға қатысты», — деді ол.

    ІІМ өкілі соңғы жылы есірткі өндіру мен таратқаны үшін жазаны күшейтетін түзетулер енгізілгенін атап өтті.

    «Биыл 16 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, 20 қылмыстық іс қозғалды. 60 адам, оның ішінде 16 жетекші ұсталды. 950 келіден астам есірткі тәркіленді», — деді Әмірханов.

    ? Ведомство мектептер мен колледждерде түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, интернеттегі есірткі саудасына қарсы бақылауды күшейтуде.

  • Қонаев қаласында 200-ден астам ағаш егілді

    Қонаев қаласында 200-ден астам ағаш егілді

    Қонаев қаласында “Таза Қазақстан” акциясы өтті.

    Экологиялық науқанға қоғамдық ұйымдардың мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, тұрғындар қатысты. Олар Сейфуллин көшесінің бойына 215 ағаш екті. Оның ішінде тораңғы, терек, үйеңкі, қарағаш болды.

    Бұған дейін №5 жағажай аумағына 20 ағаш егілген болатын. Алдағы уақытта да қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасады.

  • Президент Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарын ауыстырды

    Президент Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарын ауыстырды

    Қазақстан Президентінің жарлығымен Ақан Рахметуллин Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысының басқа жарлығымен бұл лауазымға Ержан Әшікбаев тағайындалды.

    Ержан Әшікбаев 1974 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Гарвард университетінің Кеннеди мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару саласының маманы.

    Дипломатиялық қызметін 1998 жылы бастаған, ҚР СІМ орталық аппаратында және шетелдік өкілдіктерде түрлі лауазымдар атқарған. 2021–2025 жылдары АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

  • ҚР Президенті Тәжікстанға ресми сапармен барды

    ҚР Президенті Тәжікстанға ресми сапармен барды

    1. Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе қаласына сапармен барды.

    Мемлекет басшысын халықаралық әуежайда Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода қарсы алды.

    Сапар барысында Президент Эмомали Рахмонмен екіжақты кездесу өткізіп, «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.

    ? Кездесуде аймақтық серіктестік, экономикалық байланыстар мен қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

  • Қонаевта санитарлық-профилактикалық жұмыстардың екінші кезеңі жүргізілуде

    Қонаевта санитарлық-профилактикалық жұмыстардың екінші кезеңі жүргізілуде

    6 қазаннан бастап Қонаев қаласында санитарлық-профилактикалық шаралардың екінші кезеңі басталды. Бұл жұмыстардың мақсаты – қала аумағындағы санитарлық жағдайды жақсарту және кеміргіштер мен зиянкестердің көбеюіне жол бермеу.

    Іс-шаралар аясында ашық аумақтар мен кәріз құдықтарында дератизация жұмыстары (егеуқұйрықтар мен паразиттерге қарсы өңдеу) жүргізілуде. Бұл жұмыстар қалалық саябақтар мен скверлерде, балалар және спорт алаңдарында, коммуналдық жағажайларда, арық жүйелерінде, қоқыс контейнер алаңдарында және өзге де қоғамдық орындарда атқарылып жатыр.

    Бүгінгі таңда №18, №19, №20 шағынаудандар мен «Спутник» шағынауданында жұмыстар толық аяқталды. Қалған аумақтарда санитарлық өңдеу шаралары жоспарға сәйкес жалғасуда.

    Қонаев қаласының әкімдігі КСК мен ПИК-терді өздеріне тиесілі тұрғын аумақтарда осындай алдын алу шараларын ұйымдастыруға шақырады.

    Кеміргіштер немесе жәндіктердің шоғырланған жерлері анықталған жағдайда, тұрғындар тәулік бойы жұмыс істейтін «109» қалалық қызметіне хабарласа алады.

  • Блогер Ерболат Жанабылов пен жұбайының ісі бойынша апелляция қанағаттандырылмады

    Блогер Ерболат Жанабылов пен жұбайының ісі бойынша апелляция қанағаттандырылмады

    Апелляциялық сот блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Толегеноваға қатысты шешімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Қорғаушы тарап істі тоқтату туралы шешімнің негізсіз екенін айтты. Адвокат Олег Черновтың мәлімдеуінше, сот Жанабыловтың әрекетінде Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша ешқандай нақты белгі таппаған.

    Алайда апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды. Сот төрағасы Жанна Нұрғалиева Жанабылов өткізген іс-шараларда лотерея белгілері бар екенін, сондай-ақ қатысу құны мен қатысушылар саны нақты анықталмағанын айтты.

    Эльмира Толегенованың да шағымы қанағаттандырылмады.

    Еске салайық, бұл іс блогердің 10 автокөлік ойнатуы салдарынан қозғалған еді. Тексеру барысында Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті Жанабыловтар сатқан курстардың мазмұны формалды болғанын және 30 мың теңгелік бағасы негізсіз жоғары екенін анықтаған.

    Туризм және спорт министрі бұған дейін басқа блогерлерге де қатысты тексерістер жүріп жатқанын, бірақ олардың есімдері әзірге жарияланбайтынын мәлімдеген болатын.