Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Ақнәр Хамит: Екінші құрбысы өз нұсқасын айтты

    Ақнәр Хамит: Екінші құрбысы өз нұсқасын айтты

    Қайғылы түнде бірге болған екінші құрбысы Рана алғаш рет мәлімдеме жасап, оқиға барысын баяндады.

    Рананың айтуынша, сол түні Ақнәр мен Дидар дәмханадан кейін өз пәтеріне шақырып, алкоголь ішкен. Біраз уақыттан соң Ақнәрдің мінезі күрт өзгеріп, айқайлап, құрбыларына шабуыл жасаған. Рана оны “өз-өзіне қол жұмсамақ болды, сүрелер оқыды, түсініксіз әрекеттер жасады” деп сипаттады.

    Рана Ақнәрдің бұрын да терезеден секірмек болғанын, ақпанда жатақханада және сәуірде Дидардың үйінде осындай жағдай қайталанғанын айтты.

    Полиция істің бақылауда екенін мәлімдеді. Қазір “Өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бабы бойынша тергелуде. Қоғам белсенділері мен отбасы “Қинау” және “Адам өлтіру” баптарын қосуды талап етуде. Күдіктілер бостандықта жүр.

  • Шетелден алынған тауарға 5% салық салынбақ

    Шетелден алынған тауарға 5% салық салынбақ

    Қазақстан азаматтары шетелдік онлайн-дүкендерден алған тауарлары үшін 5% мөлшерінде кедендік төлем төлеуге міндеттелуі мүмкін. Бұл ЕАЭО-ның Кеден кодексіне енгізілетін жаңа ережелер аясында қарастырылып жатыр.

    Комитет мәліметінше, мұндай тауарлар енді “электрондық сауда тауарлары” деп жеке санатқа бөлінеді. Арнайы декларация да енгізіледі. Алайда құны 200 еуроға дейінгі заттар бұрынғыдай баж салығынан босатылады.

    Тапсырыс жеткізу екі жолмен жүреді: шетелден тікелей немесе отандық қойма арқылы. Ереже ЕАЭО елдері мақұлдағаннан кейін күшіне енеді.

  • 20 жыл бойы жасырынып жүрген есірткі тасымалдаушы экстрадицияланды

    20 жыл бойы жасырынып жүрген есірткі тасымалдаушы экстрадицияланды

    Ол героин мен опийді ірі көлемде тасымалдап, сатумен айналысты деген күдікке ілінген.

    Бас прокуратураның мәліметінше, 2003 жылы күдікті Өзбекстаннан Қазақстан арқылы Ресейге есірткі жеткізумен айналысқан қылмыстық топ құрамында болған. Ол есірткіні сақтау, тасымалдау және басқа қатысушыларға өткізуге жауапты болған.

    Сол жылы Қызылорда мен Қарағанды облыстарында өткен арнайы операция кезінде 35 кг героин мен 28 кг опий тәркіленіп, бірнеше қылмыскер ұсталған. Ал күдікті із суытып үлгеріп, 20 жыл бойы жасырынып жүрген.

    Ол 2024 жылдың желтоқсанында Ресейдің Самара облысында ұсталып, жақында Қазақстанға жеткізілді. Қазір тергеу изоляторында отыр.

  • Ақнәр Хамиттің жұмбақ қазасы: Анасы шындық іздеуде

    Ақнәр Хамиттің жұмбақ қазасы: Анасы шындық іздеуде

    Ресми нұсқа — «өз-өзіне қол жұмсау», бірақ анасы бұл — қасақана кісі өлтіру деп есептейді.

    Оның қолында қызының азапталғанын дәлелдейтін бейне мен соңғы хабарламасы бар:
    «Қасымыздағы қыз біреуді қылқындырып жатыр…»

    Ақнәрдің денесінде зорлық белгілері анықталған. Сараптама да екі қыздың мас, ал марқұмның қанында ішімдік болмағанын көрсеткен.

    Анасы тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы. Полиция тергеу жалғасуда деп жауап берген.
    Халықаралық ұйымдар да істі әділ тергеуді талап етті.

  • Қонаев әкімдігі халық санының күрт азаюын түсіндірді

    Қонаев әкімдігі халық санының күрт азаюын түсіндірді

    Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады.

    «Баршаға мәлім, 2024 жылдың 9 қаңтарында Алатау қаласы құрылды. Оған Қонаев қаласы аумағындағы Заречный, Арна ауылдары толығымен енгізілді. Сәйкесінше, қала халқының саны азайды. 2023 жылы Қонаев тұрғындарының саны 70512 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65024-ке төмендеген. Алайда, халық саны қайта өсіп келе жатыр, қазіргі көрсеткіш 65934-ті құрап отыр. Осы себептен, халық арасында «Облыс орталығы өмір сүруге қолайсыз қала» деген жаңсақ пікір тудырмауларыңызды сұраймыз», — деп жазды әкімдік.

    Тұрғындар не дейді?

    Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сергей Горяной шаһарға облыс орталығы болғалы жан біткенін айтады.

    «Қонаевта күнделікті мәдени, спорттық шаралар өтіп жатыр. Оның ішінде жазғы және қыстық дрифт шоу, Оушенмэн, түрлі марафондар, жарыстар бар. Осының өзі-ақ қалаға жан біткенін көрсетеді. Тұрғындардың демалуына қолайлы орта жасалып, денешынықтырушылардың саны артқан. Оның дәлелі — Кроссфит алаңы мен жаңа жағажайлар. Шомылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Инвестициялық жобалар да жүзеге асуда. Тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды. Тізбектеп айта берсек, көп әрине. Халық саны азайды деп айта салу – оңай. Ел ішінде не болып жатқанына аса мән беру қажет», – деді ол.

    Тағы бір пікірмен «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы бөлісті. Жас маманның сөзінше, қала халқының бірлігі бекем, тіршілігі таудай.

    «Қонаев қаласының тұрғындары әрқашан бірлесе қызмет етеді. Оны азаматтық ұстанымдарынан аңғаруға болады. Қаладағы мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне бір кісідей атсалысады. Халық саны маңызды шығар, алайда, оның күнделікті тіршілігі одан да маңыздырақ. Бас жоспар бойынша тұрғындар саны 200 мың болады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 65 мыңнан асып тұрсақ, бұл межеге тез арада жетеміз. Жоспарда анықталғандай, «Жаңа Іле» аумағы игеріліп, Академиялық қалашық салынса, қоныстанушылардың саны артып, шаһар дамиды. Қазірдің өзінде даму қарқыны жаман емес», — деді Әділет Айтқазы.

    Айта кетейік, жалған ақпарат таратып, әлеуметтік шиеленіс тудырғаны үшін ҚР заңнамалары шеңберінде жауапкершілік қарастырылған.

  • Шерзат ісі: Адвокатқа жедел жәрдем шақырылды

    Шерзат ісі: Адвокатқа жедел жәрдем шақырылды

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің жағдайы күрт нашарлады. Қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған.

    Адвокаттың жағдайы тұрақталып, сот отырысына қайта қатысып отыр. Процесс жалғасып жатыр.

  • Қонаевта Отан қорғаушы күні қалай аталып өтті?

    Қонаевта Отан қорғаушы күні қалай аталып өтті?

    Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиналған қауым LED-экраннан Астанада өткен әскери парадты тамашалады.

    Іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйледі. Ол Президенттің тапсырмасымен еліміздің Қарулы Күштерінде жүйелі жаңғырту жүргізіліп жатқанын атап өтті.

    «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жаңғыру үстінде. Олар ұлттық қауіпсіздіктің кепіліне, қоғамның тірегіне айналуда. Біздің Отан қорғаушыларымыз тек шекараны күзетіп қана қоймай, азаматтық келісімді нығайтуға және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді», – деді өңір басшысы.

    Мерекелік шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Алматы облысы әкімінің атынан Қонаев гарнизонының және Ұлттық ұланның жиырма шақты әскери қызметшісіне алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандар арасында полковник Жеңісжан Байжан, подполковник Данияр Маменов пен Берік Елікбаев, гвардия майоры Дархан Жәнсікбаев, майор Нұрлан Ожаров, лейтенант Лаура Бекболатова және сержант Елдос Қарбозов пен өзге де қызметкерлер бар.

    Мерекелік көңіл-күйді шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама жалғастырды. Сонымен қатар №20030 әскери бөлім аумағында заманауи әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысып, жабдықталу деңгейіне жоғары баға берді.

  • Алматының ботаникалық бағы уақытша жабылады

    Алматының ботаникалық бағы уақытша жабылады

    – Басқа күндері жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады. Ботаникалық бақ күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Кассадағы техникалық үзіліс: 15:00-15:30. Санитарлық күн техникалық себептер бойынша немесе айдың бірінші дүйсенбісі мереке күніне сәйкес келсе, кейінге қалдырылуы мүмкін, – деп хабарлады бақтан.

    Еске салайық, бұған дейін дауыл салдарынан Алматы ботаникалық бағы бірнеше күнге жабылған болатын.

  • Ресейлік тарихшыға Қазақстанға кіруге рұқсат берілмеді

    Ресейлік тарихшыға Қазақстанға кіруге рұқсат берілмеді

    ТМД елдері институтының Қазақстан және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Андрей Грозин Қазақстанға кіруге рұқсат ала алмады.

    Ол Астана қаласында 28-29 сәуірде өтетін ресей-қазақстан қарым-қатынастарындағы мәселелерді талқылауға арналған іс-шараларға қатысуы тиіс еді.

    27 сәуірде паспорттық бақылау кезінде Грозинге кіруге рұқсат берілмегені анықталды. Себептері түсіндірілмегендіктен, ол Мәскеуге оралуға мәжбүр болды.

    ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин бұл жағдайды Қазақстан тарапынан қонақтарға қатысты екіұшты және достыққа жатпайтын әрекет деп бағалады.

    2023 жылы Затулинге де Қазақстанға кіруге кедергі жасалғаны туралы еске салынды. Ол Байқоңырдан ғарыш кемесін ұшыруға қатысу үшін келген болатын.

  • Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

      Кодекс Мемлекет басшысының Жарлығы мен Жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген.

    Депутаттық корпус пен Үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде, оның iшiнде қосылған құн салығы реформасы бойынша, бiрқатар шешiм қабылданды. Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

    Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

    Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр.

    Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.

    Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді.

    Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:

    – жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа

    – 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;

    – дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;

    – резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.