Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Air Astana: ұшақ корпусындағы жарықшақ ұшу қауіпсіздігіне әсер етпейді

    Air Astana: ұшақ корпусындағы жарықшақ ұшу қауіпсіздігіне әсер етпейді

    Air Astana ұшағынан ұзындығы 25 мм болатын сызат табылды. Әуе компаниясының мәліметінше, ол қауіпті емес жерде – жүк бөлігіндегі панель маңынан анықталған. Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, ұшақ қайта қолданысқа берілді. Компания жалған ақпарат таратпауға шақырды.

  • Елімізде 37 градусқа дейін ыстық күтілуде

    Елімізде 37 градусқа дейін ыстық күтілуде

    «Қазгидромет» мәліметінше, 26, 27 және 28 сәуір күндері еліміздің басым аумағында атмосфералық фронттардың әсерінен тұрақсыз ауа райы сақталады.

    Көптеген өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Әсіресе, 27 сәуірде Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында, 28 сәуірде Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында толассыз жауын жауады деп күтілуде.

    Бұдан бөлек, республиканың батысында, шығысында және оңтүстік-шығысында тұман түседі. 26 сәуір түнінде Абай облысында, 26-27 сәуір аралығында Шығыс Қазақстан облысында 1-3 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.

    Ауа температурасы қалай өзгереді?

    Батыс өңірлерде түнгі ауа температурасы 10–15 градустан 2–10 градусқа дейін төмендейді. Күндіз 20–27 градустан 6–14 градусқа дейін салқындайды.

    Оңтүстік-батыста түнгі температура 12–20 градустан 7–15 градусқа дейін түсіп, 28 сәуірде күндізгі температура 10–18 градусқа дейін төмендейді.

    Солтүстік-батыста түнде 10–17 градустан 7–12 градусқа дейін төмендейді, күндіз 20–28 градустан 12–22 градусқа дейін түседі.

    Солтүстік өңірлерде түнгі температура 5–10 градустан 10–17 градусқа дейін көтеріледі, ал күндіз 21–28 градустан 18–23 градусқа дейін төмендейді.

    Орталық Қазақстанда түнде 5–15 градустан 12–17 градусқа дейін, ал күндіз 23–30 градус аралығында жылы ауа райы сақталады.

    Шығыста түнде 1–8 градус жылы болып, солтүстік-шығыста 1–3 градус үсік жүруі мүмкін. Күндіз 20–27 градустан 23–31 градусқа дейін жылынады.

    Оңтүстікте түнгі температура 15–20 градустан 17–23 градусқа дейін жоғарылап, күндіз 28–33 градустан 32–37 градусқа дейін ыси түседі.

    Оңтүстік-шығыста түнде 5–17 градустан 10–20 градусқа дейін көтеріледі, күндіз 22–30 градустан 27–35 градусқа дейін ысиды.

    Сәуір айының жалпы ауа райы қандай болады?

    Бұған дейін Қазгидромет мамандары 2025 жылғы сәуір айына арналған кеңес сипатындағы болжамды ұсынған болатын. Онда айдың алғашқы онкүндігінде жаңбыр жауып, солтүстікте қар мен көктайғақ болуы мүмкін екені айтылған. Желдің екпіні кей жерлерде 20 м/с-қа дейін жетеді. Ай ортасында жаңбыр мен сулы қар жауады деп күтілсе, ай соңында көбіне жауын-шашынды ауа райы сақталады. Температуралық ауытқулар -5 градустан +32 градусқа дейін жетуі ықтимал.

  • SCAT әуе компаниясына айыппұл салынды

    SCAT әуе компаниясына айыппұл салынды

    Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, биылғы 25 ақпанда «Өскемен-Астана» рейсі уақытынан 8 сағаттан артық кешіккен. Соған қарамастан әуе компаниясының өкілдері жолаушыларды қонақүйге орналастыруды уақтылы қамтамасыз етпеген.

    Тек кешкі сағат онға қарай кезекші прокурордың араласуынан кейін ғана жолаушыларға демалуға орын берілген. Адамдар ешқандай қызмет көрсетілместен күні бойы әуежайда өз рейсін күтіп отырған.

    – Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы азаматтардың құқықтарының бұзылуына ден қойды. Тексеру қорытындысымен авиакомпания әкімшілік жауапкершілікке тартылды – ҚР ӘҚБтК-нің 567-бабының 2-бөлігімен 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – делінген Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.

  • Air Arabia Abu Dhabi Алматыға жаңа рейс ашады

    Air Arabia Abu Dhabi Алматыға жаңа рейс ашады

    1 маусымнан бастап БАӘ-нің Air Arabia Abu Dhabi әуе компаниясы Алматыға тікелей рейс ашады. Ұшулар аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері Airbus A320 ұшағымен орындалады. Алғашқы рейс 3 маусымға жоспарланған.

    Абу-Дабиден ұшу – 09:20, Алматыға келу – 14:35. Қайтар рейс – 15:35, Абу-Дабиге жету – 19:20. Ұшу кезінде SkyTime платформасы, SkyCafe мәзірі және Air Rewards бонустық бағдарламасы қолжетімді.

    Айта кетейік Қазақстан азаматтары БАӘ-ге визасыз 30 күнге дейін бара алады.

  • ББҚ-ларға бақылау күшейді

    ББҚ-ларға бақылау күшейді

    Қазақстанда биоқоспаларға (ББҚ) бақылау күшейтілді. Енді олар міндетті түрде тіркеліп, құрамындағы заттар арнайы тексерістен өтеді. Улы өсімдіктер мен қауіпті қоспаларға тыйым салынған.

    2025 жылдан бастап ББҚ-лар арнайы сәйкестендіру таңбасымен белгіленеді. Бұл өнімнің қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді.

    Дәрігер кеңесінсіз қолданбаңыз. ББҚ-ды тек дәріханалар мен мамандандырылған дүкендерден алыңыз. Қаптамада нақты ақпарат болсын: құрамы, сақтау шарттары, қолдану тәсілі мен жарамдылық мерзімі.

  • Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімі жауапқа тартылмақ

    Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімі жауапқа тартылмақ

    Облыстық полиция департаменті мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған фотосуретке байланысты тексеру жүргізілген.

    Ақтөбе облысында қызғалдақпен фотоға түскен Мұғалжар ауданына қарасты Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаева әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

    Бұл оқиғаға байланысты оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша хаттама толтырылды.

    Тексеру барысында әкімнің гүлдерді кәмелетке толмаған балалары жұлғанын айтқаны анықталған. Осыған орай, балаларының әрекетіне қатысты жауапкершілік анасына жүктеліп отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, әкім 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

    Сонымен қатар, бұл жағдай мемлекеттік қызметкердің этикалық нормаларды бұзуы ретінде қаралып, мәселе Әдеп жөніндегі кеңесте талқылануы ықтимал. Аудан әкімдігіне тиісті ұсыныс жолданған.

    Еске салайық, ауыл әкімі Ләззат Бердібаеваның қолында гүл ұстап түскен суреті әлеуметтік желіде кең таралып, қызу талқыға түскен еді.

  • 7 мың ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартты

    7 мың ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартты

    Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева мәлімдеді.

    Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде, әлемнің көптеген елдері сияқты, қызылша мен көкжөтел аурулары көбейіп келеді. Бұл жағдай, әсіресе, жоспарлы екпе алмаған балалар арасында жиі тіркелуде.

    – Қызылша жұқтырғандардың 75 пайыздан астамы, көкжөтелге шалдыққандардың 87 пайызы – вакцина салдырмағандар. Бұл деректер иммундаудың инфекцияның алдын алудағы маңызын айқын көрсетіп отыр. Дегенмен, вакциналаудан бас тартушылардың саны өсуде. Жыл басынан бері 7 мың ата-ана екпеден бас тартқан, – деді Нұршай Әзімбаева.

    Маманның сөзінше, мұндай үрдіс елдегі эпидемиологиялық ахуалға, әсіресе, қызылша мен көкжөтел бойынша, тікелей әсер етіп отыр. Сондықтан иммундаудың маңыздылығын түсіндіру шаралары жалғасын табуы тиіс.

  • Жұмыс орнында сексуалдық қысым көрсеткендер жазаланады

    Жұмыс орнында сексуалдық қысым көрсеткендер жазаланады

    Қазақстанда еңбек кодексіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс барысында сексуалдық қысым көрсеткендерге жаза тағайындауды ұсынды.

    Ведомствоның мәліметінше, бүгінде заңда мұндай әрекеттерге қатысты нақты түсініктеме мен шағым беру тәртібі жоқ. Жаңа заң жобасы жұмыс орнында қауіпсіз орта қалыптастырып, қызметкерлердің құқығын қорғауға бағытталған.

    Құжат 15 мамырға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

  • Мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеу тиіс – Президент

    Мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеу тиіс – Президент

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда. 

    Президент тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланатынын айтты.

    «Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады.

    Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз.

    Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады», – деді президент.

  • 3,2 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

    3,2 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

    2025 жылы 3 203 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Еңбек министрлігі.

    — Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 151 мыңнан астам этникалық қазақ оралды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (48,1%) Қытайдан, 39,5% — Өзбекстаннан, 5,8% — Түрікменстаннан, 2,5% — Монғолиядан, 1,9% — Ресейден және 2,2% басқа елдерден. Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 8,2%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 27,8%-ы орта кәсіби білімді, 52,9%-ы жалпы орта білімді, және 1,4% білім жоқ, — делінген министрлік хабарламасында.

    Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

    Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

    Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 642 қандас қоныс аударды.