Есірткімен күрес қызметі Жамбыл облысының екі тұрғынын ұстады. Олардан 270 кг марихуана мен гашиш және 2022 жылғы қаңтар оқиғасында ұрланған Макаров тапаншасы тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр. ІІМ азаматтарды есірткі мен қару туралы хабарлауға шақырды.
Рубрика: Қазақстан жаңалықтары
-

Яндекс Такси бағасына шектеу қойылды
Қазақстанда Яндекс Таксиге тарифті үш еседен артық көтеруге тыйым салынды. Монополияға қарсы агенттік пен Цифрлық даму министрлігі жүргізген тексерістен кейін компания бірнеше өзгеріске келісті:
• Ауа райы нашар күндері тариф 3 еседен аспайды;
• Баға өссе, Яндекс 3 күн бұрын хабарлайды;
• Артық комиссия алынбайды, жүргізуші табысы өседі;
• «Эконом» тарифіндегі комиссия 2 жылда 1 рет қымбаттайды;
• Сапар бағасы толық көрсетіледі (2025 жылға дейін).Мақсат — тұтынушылар құқығын қорғау.
-

Алты судья заңдылықты бұзғаны үшін жазаланды
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтті. Онда 8 судьяға қатысты 8 тәртіптік іс қаралды.
Істерді қарау қорытындысы бойынша заңдылықты өрескел бұзғаны үшін 6 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды: 4 судьяға қатысты сөгіс түріндегі тәртіптік жаза, 2 судьяға қатысты ескерту түрінде жаза қолданылды.
Сонымен қатар 2 судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу олардың іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.
Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енген жоқ, тәртіптік жаза қолданылған судьялар Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы.
-

Бір қыз көліктен пышақтарды алып, жігіттерге тарата бастады – Нұрғанат Ғайыпбаев
Талдықорғанда атышулы Шерзат Полат ісі бойынша өтіп жатқан сотта прокурор Дана Сәрсенбай марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың алдын ала тергеу кезінде берген жауабын оқып берді.
Нұрғанаттың айтуынша, оқиға болған күні ол үйде ұйықтап жатқан. Жеңгесі оятып, Шерзаттың біреумен ерегесіп қалғанын хабарлаған. Нұрғанат оқиға орнына барып, алдымен Шерзаттың әкесі Қаржаубаймен сөйлескен. Дүкеннің маңында Шерзаттың Дархан есімді азаматпен сөзге келіп қалғанын көреді.
«Шерзат әкесіне дөрекі сөйлеген Дарханнан «неге сөйттің?» деп сұрап жатқан. Сол сәтте Дархан сөз арасында Шерзаттың анасын боқтады. Шерзат оны ұрып жіберді. Қаржаубай болса, Дарханға: «Кішкентай баламен болған жанжалға неге басқа адамдарды шақырып тұрсың?» деді», – деп сипаттайды Нұрғанат.
Оның сөзінше, кейін ол Дарханды сабырға шақырған. Дархан кешірім сұрағанымен, дауды доғармаған. Оқиға орнына Нұрбол есімді азамат келген. Ол «Чика» деген жігітке және тағы бірнеше адамға хабарласқан.
Нұрғанаттың айтуынша, дүкен алдына жиналғандар арасынан Чика көліктен түсіп, бір топ жігітке: «Делайте!» деп бұйрық берген. Сонымен қатар, тергеу барысында Шерзаттың анасы мен марқұм Нұрғанат Ғайыпбаев қана «Чика» есімді жігіт туралы айтқан. Бұл адамның тұлғасы әлі күнге дейін анықталған жоқ. Адвокаттардың айтуынша, оның кім екені сот процесі барысында белгілі болады. Кейін өзі оқиға орнынан кетіп қалған.
«Сол кезде бір қыз көліктен бірнеше пышақ алып шығып, жігіттерге тарата бастады. Бірнеше жігіт маған жабылып, ұра бастады. Сол сәтте Шерзат жаныма келіп: «Ағатай, маған бірдеңе тығып алды» деді. Қасына барсам, пышақ сұғылғанын көрдім. Оған қарауға үлгермей, біз жаққа сегіз адам жүгіріп келді. Жараланғанымызға қарамай, тепкілей берді. Сол жерде менің саныма Абзал Шынасыл мен Нұрқияс Ілиясов пышақ сұқты. Басымнан темір затпен соққы алдым», – деп марқұм алғашқы тергеу кезінде жауап беріпті.
Айта кетейік, бұл жауап Нұрғанат Ғайыпбаевтың көзі тірісінде тергеу кезінде берілген. Ол – марқұм Шерзат Полаттың ағасы. Сот процесі басталмай тұрып, Нұрғанат қайтыс болды. Алдын ала болжамдарға қарасақ, өз-өзіне қол жұмсады деген сөздер айтылды.
-

Шерзат ісі: сотта екінші куәгер қыз оқиға кезіндегі жағдайды баяндады
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Сот отырысында былтыр 3-інен 4-ші қазанға қараған түні оқиға орнында болған куәгер Дана Жақсыгелді сөз сөйледі. Ол оқиға қалай болғанын баяндады.
Оның айтуынша, Равиль Сәкиевтің шақыруымен куәгер Эльмира Нұрбековамен бірге мейрамханаға барған. Онда айыпталушылардың бірнешеуі болған.
“Үйге қайтамыз дегенде «апарып тастаймыз, бірақ жолда дүкенге кірейік» деді. Бізде де темекі бітіп қалған еді. Сөйтіп дүкен алдында бір топ адам тұрды. Кейін біз дүкенге темекі алуға кірдік. Бірақ бізге «сатпаймы» деді. Сосын біз шықтық, сол кезде ерегес басталып кетті. Мен көліктің артына кеттім. Сол кезде атыс басталды. Сұр киім киген сақалды жігіт бірінші аспанға, сосын екі рет бізге қарай оқ атты. Кейін төбелес көшенің арғы бетіне кетіп қалды. Мен көліктің ішінде отырып, 5 минуттан кейін шығып ұлдарға «қайтайық» деп айқайладым. Ол кезде ешкім естіген жоқ. Қайтып көлікке отырдым. Төбелес не үшін басталғанын білмедім”, – деді Дана Жақсыгелді.
Прокурор куәгерден «102», «103»-ке неліктен хабарласпағанын сұрады.
“Ондай ойымда болған жоқ. Бір жағынан мылтықты өмірімде бірінші рет көрдім. Содан кейін қорқып, көлікте отырып қалдым. Өз өмірі үшін қорықтым”, – деді ол.
-

ШҚО-да қытай компаниясына экологиялық заңбұзушылық үшін 1 млрд теңге айыппұл салынды
«СИНЬСИН» компаниясы Шығыс Қазақстан облысында экологиялық рұқсатсыз өндіріс жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Тексеру кезінде асфальтобетон қондырғысы мен ұсақтау кешенін заңсыз қолданғаны анықталды.
Компанияға 1 миллиард теңге айыппұл салынды. Апелляция шешімді күшінде қалдырды.
-

1 маусымнан бастап «Орал–Маңғыстау» пойызында әйелдер вагоны ашылады
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 1 маусымнан бастап №614/613 «Орал–Маңғыстау» бағытындағы пойыз құрамында әйелдер вагонын іске қосады. Осылайша, жаңа вагонның қосылуымен «Әйелдер вагоны» қызметі көрсетілетін бағыттардың жалпы саны 12-ге жетеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Қазіргі уақытта әйелдер вагондары келесі бағыттарда бар:
- №77/78 «Алматы – Маңғыстау»;
- №351/352 «Алматы – Маңғыстау»;
- №45/46 «Павлодар – Түркістан»;
- №37/38 «Маңғыстау – Семей»;
- №47/48 «Атырау – Астана»;
- №33/34 «Ақтөбе – Алматы»;
- №4/3 «Астана – Алматы»;
- №71/72 «Астана – Шымкент»;
- №354/353 «Астана – Семей»;
- №24/23 «Ақтөбе – Алматы»;
- №25/26 «Алматы – Шымкент»;
- №614/613 «Орал – Маңғыстау».
Әйелдер вагонында билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады, ал қызмет көрсету міндетін арнайы дайындықтан өткен әйел жолсеріктер орындайды. Сонымен қатар, бұл вагонда жеті жасқа дейінгі ұл балалардың бірге жүруіне рұқсат берілген.
Әйелдер вагонына билеттерді вокзалдағы кассалардан сатып алуға болады. Бұл кезде касса қызметкеріне әйелдер вагонынан орын таңдағыңыз келетінін алдын ала айту қажет. Сондай-ақ билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан онлайн сатып алуға мүмкіндік бар. Онлайн рәсімдеу кезінде билеттің әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ӘВ» (әйелдер вагоны) белгісіне назар аудару керек.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан сатып алуға болады. Билеттер сатылымы пойыздың жөнелтілуіне 45 күн қалғанда ашылады, бұл жолаушыларға өз сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
-

Шерзат өлімі бойынша сот отырысы басталды
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Іс бойынша 9 айыпталушы бар.
Сот отырысын Жоғары соттың Youtube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.
Еске салайық, судья Ержан Жанұзақовтың бекітуімен келесі сот отырыстары 29 сәуір, 5-6 мамыр сағат 10:00-де өтеді.
-

Каспий теңізінде жер сілкінісі болды
Каспий теңізінде жер сілкінісі болғаны анықталды. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Республикалық сейсмологиялық қызмет орталығының деректеріне сәйкес, жер асты дүмпулері Астана уақыты бойынша сағат 19:13-те болған.
Магнитудасы 3,6 болды, ал эпицентрі 58 км тереңдікте жатты.
-

Онкоскрининг енді тегін болады – заңдағы жаңа өзгерістер
Президент Тоқаев қол қойған жаңа заңға сәйкес, 2025 жылдан бастап онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін скринингтер барлық азаматтарға тегін қолжетімді болады. Бұған дейін бұл тек міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ғана жүргізілетін.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл өзгеріс 3,5 млн сақтандырылмаған азаматты қамтиды. Сонымен қатар, есту қабілеті төмен адамдарды аппаратармен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты.
Заң бойынша медициналық PhD докторантура гранттары енді ұлттық ғылыми орталықтарға да бөлінеді. Бұл болашақ дәрігер-ғалымдардың тәжірибені тікелей клиникаларда алуына мүмкіндік береді.
