Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясы басталды

    Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясы басталды

    Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысы басталды.

    Іс-шараға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр. Сессияның өзі екі күн жалғасады. Күн тәртібі – «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл».

    Сессия жұмысына барлығы 1600-ден астам адам қатысады, олардың арасында Парламент депутаттары, барлық өңірден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері бар.

    Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарлары Дмитрий Останькович пен Расул Ахметовті қабылдап, қызметтеріне табыс тілеген. Президент қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісінде ҚХА ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

  • Қазақстанда енді жұмыстағы харассмент үшін жаза қарастырылмақ

    Қазақстанда енді жұмыстағы харассмент үшін жаза қарастырылмақ

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жариялады.

    Еңбек кодексіне жұмыс орнындағы сексуалды тиісу мәселелері де қарастырылмақ.

    Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, жұмысшылардың 30%-на жуығына жұмыс орнында әріптестері тиіскен. Құжатта мұндай жағдайда шағымдану мен қорғаудың нақты тетігі жоқ екені айтылған.

    Қазақстан мемлекеттердің қызметкерлерді зорлық-зомбылық пен қудалаудан қорғау жөніндегі міндеттемелерін қарастыратын халықаралық еңбек орталығының №190 конвенциясын әлі ратификациялаған жоқ. Бірқатар елдерде (Франция, Канада, Оңтүстік Корея) мұндай әрекеттерге ішкі жауаптар мен санкциялардың процедуралары белгіленген.

    Ұсынылған құжатта қолданыстағы Еңбек кодексі жұмысшыларды зорлық-зомбылықтан қорғай алмайтыны көрсетілген.

    Заң жобасы авторларының пікірінше, кодекске өзгерістер енгізілсе, бұл жұмыс берушілерді қудалау жағдайларына нақты жауап беруге және шағымдарды қараудың ішкі рәсімдерін әзірлеуге міндеттейді. Қызметкерлер өз құқықтарын қорғауға қосымша кепілдіктер алады.

    Жоба “Ашық НҚА” порталында қоғам талқылауына шығарылды.

  • Отандық авторлардың 100 таңдаулы кітабы анықталады

    Отандық авторлардың 100 таңдаулы кітабы анықталады

    23 сәуірде Астана қаласында «Ұлттық кітап күнін» мерекелеу аясында төл әдебиетіміздегі 100 танымал кітапты іріктеп алуға арналған жалпыұлттық сауалнаманың таныстырылымы ұйымдастырылып, игі іс-шара басталды.

    Сауалнама 3 айға созылып, нәтижесі 10 тамыз – «Абай күні» қарсаңында жарияланатын болады.

    Сауалнаманың басты мақсаты – еліміздің әдеби мұрасын сақтау және дамыту, Қазақстан жазушыларының шығармаларын дәріптеу, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және баспа ісін дамыту.

    «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу идеясын қолдады. Президент: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айтқан еді. Бүгін біз алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өтіп отырмыз. Осынау айтулы күні төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған жалпыұлттық сауалнама басталды. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.

    Электронды үкіметтің ресми сайтында (eGov.kz) арнайы бөлім ашылып, онда әрбір ниет білдірген азамат Қазақстан жазушыларының өзі ұнататын шығармаларына дауыс бере алады.

    Еліміздің қалаларында дауыс беру парақшасына өтуге мүмкіндік беретін QR-код бейнеленген баннерлер орнатылады. Сауалнамаға қатысушылар проза мен поэзия, фантастика, публицистика, тарихи романдар және басқа да түрлі жанрлар бойынша 10 кітапқа дейін таңдау жасай алады.

    Жұртшылықтың қызығушылығын арттыру үшін жобаның серіктесі «Меломан-MARWIN» дүкендер желісі ынталандыру сыйлықтарын ұсынады.

    «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы кітап оқу мәдениетін нығайту жолындағы жаңа қадам болмақ. Сондай-ақ ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға және қазақ әдебиетінің рөлін күшейтуге септігін тигізеді.

    Бұл жоба Ұлттық құрылтайдың бастамасымен жүзеге асырылып отыр.

    2025 жылғы 23 сәуірде таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтады. Оның айтуынша, бұл мереке білімге деген құштарлықты, білуге ​​құмарлықты және кітап оқуға деген сүйіспеншілікті білдіреді.

  • 2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр

    2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тарихи-мәдени мұраларды сақтауға жергілікті билік құлық танытпай отырғанын сынға алды.

    – Біз өз тарапымыздан жергілікті әкімдіктерге бірнеше рет хат жолдап, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға қатысты ұсыныстарымызды жібердік. Алайда кейбір жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жіті назар аудармай отыр. Осы орайда, министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағыттағы жоспар жобасын жасап, мемлекеттік органдармен келісіп, Үкімет қарауына ұсынуға дайын, – деді Мәдениет министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

    Бұл жоспар жергілікті әрі халықаралық деңгейде әртүрлі жұмыстарды ұйымдастыруға негізделген. Ондағы бірінші бағыт – ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу. Бұл бағытта басым мәселелер қатарына ЮНЕСКО стандарттарын сақтау, қорғалатын және заманауи буферлік аймақтарды мониторингілеу технологияларын енгізу, Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 3 номинацияны (10 ескерткіш) басқарудың менеджмент-жоспарын әзірлеу бар.

    – Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында ЮНЕСКО қарауына екі номинациялық құжат жолданды. Олар – «Маңғыстау жерасты мешіттері» және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірлесіп дайындалған «Жібек жолы. Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы. Халықаралық регламенттерді ескере отырып, 2026 жылы ЮНЕСКО тізіміне 11 жаңа қазақстандық ескерткішті енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүріп жатыр, – деді А. Балаева.

    Жақында ғана «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды. Таяуда «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылды.

  • 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні

    23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні

    Бұл мереке 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен белгіленген. Мақсат – оқуға қызығушылықты арттыру, авторлар еңбегін дәріптеу және кітаптың қоғамдағы маңызын насихаттау.

    Қазақстанда бұл күн кітапханаларда ашық есік күндері, әдеби кештер мен шығармашылық кездесулер арқылы атап өтілуде. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында оқуға деген қызығушылық артып келеді.

    Кітап – тек білім көзі емес, тұлғаны тәрбиелейтін құрал.

  • Астанада ҰҚК қызметкерінің денесі табылды

    Астанада ҰҚК қызметкерінің денесі табылды

    21 сәуір күні елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласынан ҰҚК қызметкерінің мәйіті табылды. Бұл ақпаратты ҰҚК-нің баспасөз қызметі растады.

    Оқиға елордадағы тұрғын үй алабында болған. Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері келіп, кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

    Қайтыс болған адамның жеке басы, өлімнің себептері мен қандай да бір күш қолдану белгілерінің бар-жоғы туралы ресми мәлімет әзірге жарияланған жоқ.

  • Марафонға қандай шектеу қойылуы мүмкін?

    Марафонға қандай шектеу қойылуы мүмкін?

    Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жартылай марафондағы қайғылы жағдайдан соң министрлік мұндай шараларға талапты күшейтетінін әлеуметтік желіде жазған еді.

    «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумы барысында Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев:

    – Біз бұл мәселені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрімен талқыладық. Олардың да ұсыныстары бар. Мысалы, пульсометр не спорт сағаттарын тағып, өзіне ыңғайлы пульс аймағында жүгіру. Бірақ марафон – бұл кәсіби спорт емес, бұқаралық спорт.

    Сондықтан шектеу не талап қою дұрыс болмайды. Негізгі статистиканы алсақ, дүниежүзі бойынша 80 мың марафоншы арасында 1 адам қайтыс болады екен. Өкінішке қарай, бұл өмір. Сағаты болса да, болмаса да қайтыс болған екі азамат та тәжірибелі марафоншылар. Бірінші жүгірулері емес. Шектеу қойғанмен 100 пайыздық шешім жоқ. Бірақ бүгін министр федерация және спорт мамандарын біріктіріп, олардың ұсыныстарын талқылайды, – деді вице-министр.

  • Руслан Берденовке оқ атқан ер адамға қылмыстық іс қозғалды

    Руслан Берденовке оқ атқан ер адамға қылмыстық іс қозғалды

    Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалуына байланысты  полиция кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

    Айта кетейік,  Берденовке бес рет оқ атып, оның екеуі оның өкпесі мен бүйрегіне зақым келтірді. Оқиға 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында қалалық әкімдік ғимаратының жанында болды. Қазіргі таңда Шымкент әкімінің орынбасары ауруханада есін жиған, өміріне аса қатты қауіп жоқ.  Дегенмен де,  жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланды.

  • Жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті

    Жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті

    Қазақстанның танымал жазушысы, драматург әрі сценарист Әкім Тарази 2025 жылғы 22 сәуірде 92 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды ақын Бауыржан Қарағызұлы әлеуметтік желіде жариялады.

    Әкім Үртайұлы Әшімов (әдеби лақап аты — Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ол — қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі, бірнеше буын оқырманның рухани дүниесін байытқан көркем туындылардың авторы.

  • 1 мамырдан бастап жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі өзгереді

    1 мамырдан бастап жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі өзгереді

    Бұл өзгерістер азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.

    «Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты», делінген хабарламада.

    Сонымен, 1 мамырдан бастап не өзгереді:

    ● емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады;

    ● өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;

    ● 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

    Мұндай шақыртулар жедел шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға кедергі келтіреді. Өзгерістер жүктемені оңтайландырып, азайтып, күту уақытын қысқартады.

    МСАК мобилдік бригадасы шақыртуға 60 минут ішінде келеді, ал шұғыл жағдайларда келу уақыты 1-санат үшін — 10 минут, 2-санат — 15 минут, 3-санат — 30 минут.