Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Дина Таңсәрі алты қылмыстық іс бойынша күдікке ілінді — Бас прокуратура мәлімдеме жасады

    Дина Таңсәрі алты қылмыстық іс бойынша күдікке ілінді — Бас прокуратура мәлімдеме жасады

    «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі (шын аты Динара Смаилова) алты бірдей қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.

    Оған ірі көлемде алаяқтық жасау, жеке өмірге қол сұғу және жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылып отыр.

    Тергеу дерегінше, 2023 жылы ол әлеуметтік желіде Өскемендегі бойжеткеннің өзіне қол салғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Осы арқылы қорға ақша жинап, 20 млн теңгеден астам қаражат иеленген. Алайда іс бойынша адвокатты қыздың туыстары жалдаған, ал жиналған қаражат іске жұмсалмаған.

    Тағы бір жағдай: ол кәмелетке толмаған қызға көмектесу үшін бірнеше миллион теңге жинаған. Бірақ тергеу бұл істің ойдан шығарылғанын анықтады. Жиналған қаражат қор емес, күйеуінің жеке картасына түскен.

    Сонымен қатар Таңсәрі шетелде жүріп, қор атынан жеке қажеттілігіне ақша жинады деген күдікке ілінді. Кемінде жеті адам полицияға шағым түсірген.

    Сот оны сырттай аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті деп танып, қамауға алу туралы шешім шығарған. Интерпол арқылы Черногорияда ұсталғанымен, екі ел арасында экстрадиция туралы келісім болмағандықтан, Черногория билігі оны босатты.

    Қазақстанның құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастырады.

  • Черногория билігі Дина Таңсәріні қамаудан босатты

    Черногория билігі Дина Таңсәріні қамаудан босатты

    «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі(Динара Смаилова) Черногорияда қамаудан босатылды.

    Жоғарғы сот оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан. Қор өкілдері бұл жаңалықты қуана хабарлап, қолдау білдірген барша жұртқа алғыс айтты.

  • Биылғы жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады

    Биылғы жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады

    Синоптиктердің болжамынша, биылғы жаз өткен жылдармен салыстырғанда ыстық болады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

    «Қазгидрометтің болжамы бойынша, биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері дала өртінің алдын алу және жою бойынша жан-жақты шаралар қабылдап, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік дайындыққа келтіруі қажет», – деді Нысанбаев Үкімет отырысында.

    Министрдің ақпаратынша, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4831 га құрайтын 32 орман өрті тіркелген.

  • Наурыз айында жаңа үйлердің бағасы күрт қымбаттады

    Наурыз айында жаңа үйлердің бағасы күрт қымбаттады

    Наурызда Krisha.kz сайтындағы жаңа үйлердегі пәтерлердің бағасы бір айда 6,3% – шаршы метріне 468,8 мың теңгеден 498,2 мың теңгеге дейін өсті.

    Жаңа үйлердегі пәтерлердің бағасы бір айда 6,3% – шаршы метріне 468,8 мың теңгеден 498,2 мың теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Applied Economic Research орталығы хабарлады.

    Жылдық мәнде өсім 17,9% жетті, былтыр наурыз айында республика бойынша бір шаршы метрдің орташа құны 422,7 мың теңге болды.

    Алматыда баға бір айда 0,3% ғана – 723,5 мыңнан 725,7 мың теңгеге дейін өсті. Дегенмен, жылдық өсім 12,6 пайызға жетті. Осыған байланысты мегаполис Қазақстандағы ең қымбат бастапқы тұрғын үй нарығы позициясын сақтап қалды.

    Астанада бір шаршы метрдің орташа бағасы бір айда 6,3% – 452,1 мыңнан 480,4 мың теңгеге дейін өсті. Жылдық мәнде өсім 16,9%-ды құрады (2024 ж. наурызда – 410,8 мың теңге).

    Ал, Шымкентте баға бір айда 0,6 пайызға арзандап, 437 мың теңгені құрады. Теріс динамика Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Түркістан және Орал қалаларында да тіркелді.

    Наурыз айында Krisha.kz сайтындағы жаңа үйлердегі пәтерлерді сату туралы хабарландырулар саны 666-дан 390-ға дейін азайған. Оның ішінде 225-і комфорт санатындағы тұрғын үйлерді сатуға, 120-сы бизнес-кластағы тұрғын үйлерге арналған хабарландырулар.

    Бұл сегменттердегі орташа бағалар келесідей:

    • эконом-класс – 360,4 мың теңге;
    • жайлылық класы – 399,4 мың теңге;
    • бизнес-класс – 577,9 мың теңге;
    • элита класс – 1,045 млн. теңге.

    Бағаның ең көп өсуі элиталық санаттағы тұрғын үйлерде (+18,5%) байқалды.

    Эконом-класта (+11,3%), жайлылықта (+7,5%) және бизнесте (+1,9%) азырақ айқын динамика.

  • ІІМ: 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталды

    ІІМ: 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталды

    – Құрметті азаматтар! ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті кәмелетке толмағандарды есірткінің айналымына тарту фактілерінің жалғасуына байланысты алаңдаушылық білдіреді.

    Биыл үш айда бүкіл ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде колледждердің бірінші курс студенттері мен 9-11 сынып оқушылары бар.

    Естеріңізге сала кетейік, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

    Бұдан басқа, Қылмыстық кодекстің 299-1-бабында есірткіні, оның ішінде интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау мен жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Құрметті ата-аналар! Сіздерді балаларыңыздың ортасына және олардың бос уақытында не істейтініне ерекше назар аударуға шақырамыз.

    Қауіптің алдын алу маңызды! Балалардың болашағы біздің қолымызда! Тек бірлесіп қана біз есірткісіз қауіпсіз қоғамды құра аламыз!, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

  • Қазақстандық оқушылар ISF U-15 Жазғы гимназиадасында рекордтық медаль иеленді

    Қазақстандық оқушылар ISF U-15 Жазғы гимназиадасында рекордтық медаль иеленді

    2025 жылғы 4-14 сәуір аралығында Сербияның Златибор қаласында өткен ISF U-15 Жазғы мектеп гимназиадасында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді – жас спортшыларымыз 11 медаль жеңіп алып, рекорд орнатты.

    ISF U-15 – 13 пен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең ірі халықаралық спорттық дода. Биылғы жарысқа 65-тен астам елден 3000-ға жуық қатысушы жиналды.

    Қазақстан құрамасының сапында ел намысын 23 оқушы қорғады. Олар республикалық іріктеуден өтіп, дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат секілді төрт спорт түрінен сынға түсті.

    Бокс жарысында Айбек Садық, Шыңғысхан Макаров, Нұртас Алимбай, Сайлауқазы Сымбат және Нұрболат Әмір алтын жүлдені жеңіп алды. Ал Алихан Смағұл қола медаль иегері атанды.

    Дзюдо бойынша Бақдәулет Серікәлі алтын жүлдені қанжығаласа, Ерасыл Қалмаханбет қола медаль алды.

    Еркін күресте де отандастарымыз табандылық танытты: Висхан Арашов – күміс, Мансұр Ақылбай мен Нұрқожа Қалыбек – қола жүлде жеңіп алды.

    Шахмат жарысында Олтинай Алғаппарова мен Жанат Нұрым жоғары деңгейдегі спорттық мәдениетті көрсетіп, әділ ойын қағидаларын ұстанғаны үшін Халықаралық адал ойын комитетінің арнайы марапатына ие болды.

    Айта кетейік, Қазақстан бұл беделді жарысқа 2022 жылдан бастап қатысып келеді. Аз ғана уақыт ішінде еліміздің жасөспірімдер құрамасы халықаралық аренада болашағынан зор үміт күттіретін команда ретінде мойындалды.

  • Заңсыз микрокредит ұйымдастырғандар 32 млрд теңге пайда тапқан

    Заңсыз микрокредит ұйымдастырғандар 32 млрд теңге пайда тапқан

    Алматыда «Creditum» МҚҰ, «Sofi Finance» МҚҰ, «Hava Finance» МҚҰ, «SF Offline» МҚҰ, «POS Credit» МҚҰ, «Сәлем Кредит» МҚҰ басшыларына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактілері бойынша тергеу жүріп жатыр.

    Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған МҚҰ-лардың заңсыз әрекетінің салдарынан 327 мыңнан астам азамат зардап шекті, оларға келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңгені құрайды.

    Төлемдері кешіктірілген қарыз алушылар Hava.kz, Koke.kz, Tengo.kz компаниялармен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүр болған.

    Бұл ретте, кепілгердің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана қарастырылған.

    «Бұл қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлем алынып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде, қарыз алушылар несие сомасынан 3-5 есе артық ақша төлеуге мәжбүр болған.  Микроқаржы ұйымдарының есепшоттарына 1,8 млрд теңге көлемінде тыйым салынды, сондай-ақ 30 млрд теңге мөлшерінде несие портфеліне шектеу қойылды.

    МҚҰ ұйымдастырушысы 2 айға қамауға алынды. Оның жалпы құны 225 млн теңге көлемінде 2 тұрғын үйі мен BMW X6, Toyota Tundra маркалы автокөліктеріне тыйым салынды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

  • ҚазГПЗ-ның экс-директоры Болат Байшуақов 4 жылға сотталды

    ҚазГПЗ-ның экс-директоры Болат Байшуақов 4 жылға сотталды

    Жаңаөзен аудандық соты «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС бұрынғы директоры Болат Байшуақовқа қатысты үкім шығарды. Ол кәсіпорын мүлкін аукционсыз заңсыз сатып, түскен қаражатты иемденгені үшін кінәлі деп танылды.

    Сот шешімімен Болат Байшуақов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол өмір бойына мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды.

    Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Мопед мінсең – техосмотрдан өт

    Мопед мінсең – техосмотрдан өт

    Қазақстанда мопедтер енді толыққанды көлік деп танылады. 5 сәуірден бастап оларды тіркеу ғана емес, техникалық байқаудан өткізу де міндетті.

    Қайда барамыз?
    Еліміз бойынша 2000-ға жуық стационарлы, 750 мобильді техорталық бар – кез келгеніне барып тексертесіз.

    Нені қарайды?
    – Тежегіш
    – Шамдар
    – Руль мен дөңгелек

    Кімге міндетті емес?
    Жасалғанына 1 жыл толмаған жаңа мопедтерге техосмотр талап етілмейді.

    Қысқасы: Енді мопед иелері де көлік жүргізушілерімен бірдей талапқа бағынады.

  • Онлайн төлемнен бас тартса, не істеу керек?

    Онлайн төлемнен бас тартса, не істеу керек?

    Қазақстанда әр сатып алушы өзі таңдаған тәсілмен төлеуге құқылы — онлайн, карта арқылы немесе қолма-қол. Алайда кей дүкендер тек “наличный” сұрап, онлайн төлемнен бас тартып жатады. Бұл — заң бұзу.

    Сатушы төлемнің кез келген заңды түрін қабылдауға міндетті. Егер бас тартса, алдымен ескерту беріледі. Қайталанса — 157 280 теңге айыппұл төлейді.

    Ондай жағдай болса, e-Otinish платформасы арқылы немесе Мемлекеттік кірістер департаментіне шағымдануға болады. Фото, чек сияқты дәлелдер қосқаныңыз дұрыс.

    Сонымен қатар, чек бермегені немесе тиынды қабылдамағаны үшін де жауапкершілік бар.