Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Ресейде бизнес-серігін өлтірді деген күдікпен қазақстандық ұсталды

    Ресейде бизнес-серігін өлтірді деген күдікпен қазақстандық ұсталды

    Павлодар облысының прокуратурасының үйлестіруімен Краснояр өлкесінде бизнес-серігін өлтірді деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды.

    Күдіктіні экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

    Бұған дейін Павлодарда 52 жастағы кәсіпкердің жоғалғаны хабарланған. Бір күннен астам іздеуден кейін ол өлі күйінде табылып, қылмыстық іс қозғалды.

  • ҚМДБ Қазақстан бойынша айт намазының кестесін жариялады

    ҚМДБ Қазақстан бойынша айт намазының кестесін жариялады

    Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы еліміз бойынша айт намазының кестесін жариялады.

    «Сағындырған Рамазан айының да аяқталуына аз қалды. 30 наурыз – Ораза айт мейрамы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы күні оқылатын Ораза айт намазының еліміз бойынша әзірленген кестесін назарларыңызға ұсынады», – делінген хабарламада.

  • Еңбек министрлігі демалыс күндерін ауыстыру туралы пікір білдірді

    Еңбек министрлігі демалыс күндерін ауыстыру туралы пікір білдірді

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі демалыс және мерекелік күндерді ауыстыру мәселесі бойынша не дейді?

    Елімізде атап өтілетін мерекелердің құқықтық негіздері «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңмен реттеледі.

    Бұрын келесі жылдың күнтізбесін Үкімет қаулысымен бекітетін. Кейін бұл функциялар Еңбек министрлігіне берілді, алайда ведомство кейбір мерекелік күндердің ауыстырылуы туралы алдын ала емес, мереке жақындаған кезде хабарлай бастады.

    Еңбек кодексіне сәйкес, мереке және демалыс күндері жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында уәкілетті орган демалысты жұмыс күніне ауыстыруға құқылы.

    «Демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыру әр жолы жеке тәртіпте қарастырылатынын атап өткен жөн», – делінген министрліктің жауабында.

    Былтыр қарашада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2025 жылы демалыс күнін ауыстыру туралы бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2025 жылы жексенбі, 5 қаңтардағы демалыс күні жұма, 3 қаңтарға ауыстырылды. Алайда 2025 жылға басқа ауыстырулар жоспарланбаған.

    Биыл күнтізбе бойынша 121 демалыс және 244 жұмыс күні.

  • Дүркіретіп той жасағандарға салық салына ма?

    Дүркіретіп той жасағандарға салық салына ма?

    Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті не дейді?

    – Әңгіме жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысатындарға қатысты болып отыр. Комитет қызмет түріне қарамастан, жеке тұлғалардың салық төлеу міндетін әкімшілендіру арқылы қадағалайды. Аталған қызмет түрлерімен айналысатын адамдар, яғни іс-шара жүргізушілері, тамадалар, әншілер салық міндеттемелерін басқа азаматтар мен кәсіпкерлер сияқты жалпы негізде орындайды, бұл салық салудың әділдік қағидатына сәйкес, – деді комитет.

    Осы орайда Кірістер комитеті камералдық бақылау табыс тапқан барлық тұлғаға теңдей жүргізілетінін еске салады.

  • Telegram-да оқушыларды арбайтын контент анықталды

    Telegram-да оқушыларды арбайтын контент анықталды

    Түркістан облысының прокуратурасы «Telegram» әлеуметтік желісіне талдау жүргізу барысында порнографиялық сипаттағы, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен фото/бейне материалдарды көруге арналған ақылы арнаны тапты.

    Аталған факті бойынша қаулы шығару арқылы жедел-іздестіру іс-шаралары басталды.

    Осылайша, тексеру барысында «Telegram» желісінде 2500 теңгеге порнографиялық бейнероликтер, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен мектеп оқушыларына қатысты материалдар ұсынылғаны анықталды.

    – Сайтта барлығы 8012 жазылушы тіркелген. Желі аудиториясы Қазақстан және ТМД елдерінің жазылушылары. Арнайы іс-шараларының нәтижесімен сайт ұйымдастырушылары мен қарау, кіру және жазылу үшін ақша төленетін дроперлер анықталды. 14 наурыз күні облыс прокуратурасының үйлестіруімен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен аталған топ мүшелері Түркістан және Қызылорда облыстарында ұсталды. Ұйымдастырушы бұған дейін ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болған, қазіргі таңда ол қамауға алынған, – делінген хабарламада.

    Аталған фактілер бойынша ҚК 311-бабы және 312-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

    Бұдан бөлек, прокуратураның нұсқауымен «Telegram» желісіндегі 8 мың жазылушысына қатысты олардың әрекеттерінде педофилия белгілерінің бар-жоғы және осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын сотталғандарды анықтау бағытында тексеру жұмыстары басталды.

  • Қазақстанда 13,6 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді

    Қазақстанда 13,6 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді

    Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 569 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 514 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 711 және 1 010 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 217 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 563 адам тартылды.

    Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 744 жұмыс беруші бар. Оларда 377,6 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,5% — ы.

    Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 052 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 296 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 281 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 263 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 975 адам.

    Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 945 адам, Үндістан – 1 169 адам, Түркия – 1 165 адам, Өзбекстан – 1 056 адам.

    Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2%, 14,8 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.

  • Талдыкорғанда 1,6 млрд теңге жымқырған шенеуніктер сотталды

    Талдыкорғанда 1,6 млрд теңге жымқырған шенеуніктер сотталды

    Сарқан ауданының білім бөлімінің бас бухгалтері мен бірнеше қызметкері бюджет қаражатын қызметкерлердің шоттарына артық аударып, 1,6 млрд теңге жымқырған. Антикор оларды екі қытай сөмкесі толы ақшамен ұстаған видеоны жариялады.

    Сот бас бухгалтерді 8 жылға, екі бухгалтер мен “Қазпошта” өкілін 7 жылға соттады. Бақша меңгерушісі мен аудитор ірі көлемде айыппұл арқалады. Барлығы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • Қазақстандықтар білім жинақтау жүйесі бойынша алғашқы төлемдерін алды

    Қазақстандықтар білім жинақтау жүйесі бойынша алғашқы төлемдерін алды

    Бағдарлама білімге қаржы жинауға мүмкіндік беріп, 5-7% мемлекеттік сыйақы қарастырады.

    2025 жылы 5 жасқа толатын балаларға – 60 АЕК (235 920 теңге), жетім балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) бастапқы капитал беріледі. Жинақ теңгеде – 8%, долларда – 4,2% табыстылықпен жүргізіледі.

    Грантқа түскен жағдайда қаражатты шешіп алуға немесе басқа отбасы мүшесіне аударуға болады. Келісімшарт «Евразия» сақтандыру компаниясында рәсімделеді.

  • Жедел жәрдем қызметі әкімдіктердің құзыретіне берілуі мүмкін

    Жедел жәрдем қызметі әкімдіктердің құзыретіне берілуі мүмкін

    – Жедел жәрдемге байланысты проблема жоқ емес, бар, осы орайда келесі жылы барлық облыс жергілікті бюджет есебінен тиісті қаражат бөліп, жедел жәрдем көлігі мәселесін шешуді жоспарлап отыр. Бізде тағы бір ұсыныс бар, жедел жәрдем қызметінің тиісті тарифін белгілеп, жергілікті атқарушы органдарға беру мәселесі қаралуда, – деді Ақмарал Әлназарова Мәжілісте МӘМС жүйесі туралы заң жобасын таныстыру барысында Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере тұрып.

    Одан әрі министр жедел жәрдем қызметін өңір әкімдіктерінің құзыретіне берудің себебін атады.

    – Көлік, инфрақұрылым, автокөліктер тұрағы мәселелерін шешу, бригадалардың санын көбейту жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болуы керек. Қаражат бөлу, басқа да мәселелер тез арада шешіледі, – — дейді ол.

    Бұған дейін Ақмарал Әлназарова 2027 жылдан бастап жедел жәрдем қызметі бойынша жаңа норма енгізілетінін мәлімдеген еді.

     

  • Алматы облысында түрмедегі әйелдердің балалары ауруханаға түскен

    Алматы облысында түрмедегі әйелдердің балалары ауруханаға түскен

    Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы облысындағы әйелдер колониясында балалардың уланып, ауруханаға түскенін растады.

    Оның айтуынша, оқиға бүгін болған және қазір осы іспен вице-министр шұғылданып жатыр.

    «Иә, бүгін осындай жағдай болғаны рас. 3 бала жансақтау бөлімінде. Олардың аналарын жанына кіргізбеген. Біз мәселеден хабардармыз, вице-министр тиісті жұмыс жүргізіп, мәселені шешкелі жатыр. Егер бүгін әйелдерді балаларының жанына жіберуге дайын болса, біз кіргізе аламыз», — деді ол.