Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Наурызнама: Көне дәстүр қалай жаңғырды?

    Наурызнама: Көне дәстүр қалай жаңғырды?

     Бұл күн жаңару мен жақсылықтың бастауы, береке мен ырыстың белгісі. Қазақ қоғамында Наурыз мейрамы бір күндік той емес, бірнеше күнге, тіпті оншақты күнге созылатын мерекелік кезең ретінде тойланған. Осы дәстүр «Наурызнама» деген атаумен белгілі.

    Наурызнама – қазақ халқының ежелден қалыптасқан мейрамды ұлықтау дәстүрі. Бұл кезеңде әр күнге ерекше мағына беріліп, түрлі салт-дәстүрлер мен шаралар ұйымдастырылады.

    Наурызнаманың шығу тарихы

    Наурызнаманың тарихы көне түркі дәуіріне барып тіреледі. Ол заманнан бері түркі халықтары күн мен түннің теңелуін ерекше атап өтіп, табиғаттың жаңаруын мерекелеген. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз бұл мейрамды тек көктемнің келуі ғана емес, бірліктің, татулықтың және жақсылықтың символы деп есептеген.

    Орта ғасырлардағы тарихи деректерде Наурыз мерекесінің бірнеше күнге созылғаны туралы жазбалар кездеседі. Қазақ хандығы тұсында бұл мереке халықты бірлікке шақыратын ірі тойлардың бірі болған. Наурызнама деген атау да осы кезеңдерде кең тараған.

    Наурызнама кезінде халық бір-біріне қонаққа барып, ізгі тілектерін айтып, ұлттық ойындар ойнап, түрлі мерекелік шаралар өткізген.

    Наурызнама қандай күндерден тұрады?

    Қазіргі кезде Наурызнама бірнеше күнге бөлініп, әр күннің өзіне тән атауы мен мағынасы бар. Осы дәстүр қайта жаңғырып, ел ішінде кеңінен таралып келеді.

    1. Амал күні (14 наурыз) Бұл күн – «Көрісу күні» деп те аталады. Амал мерекесінде адамдар бір-бірімен құшақтасып, «Жасың құтты болсын!» деп тілек айтады.

    Көрісу – халықтың бір-біріне деген құрметін, татулығын нығайтатын дәстүр. Бұл күні жасы кіші адамдар ауылдағы үлкендерге барып, амандық-саулық сұрайды.

    1. Жайнау күні (15 наурыз) Бұл күн тазалық пен жаңару күні деп есептеледі. Адамдар үйін, ауласын тазалап, артық заттардан арылып, айналаны ретке келтіреді. Сонымен қатар, моральдық тазалық та маңызды, яғни адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-реніштерін ұмытуы тиіс.
    2. Шаттық күні (16 наурыз) Бұл күні әр отбасыда мерекелік көңіл-күй орнап, түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Қазақтың ұлттық ойындары ойналып, балалар мен жастарға ерекше көңіл бөлінеді.
    3. Береке күні (17 наурыз) Береке күні дастарқан жайылып, қонақ күту дәстүрі жанданады. Әр отбасы Наурыз көже әзірлеп, көрші-қолаңды шақырып, «Дәм-тұзымыз аралассын» деген ниетпен бірге тамақтанады.
    4. Өнер күні (18 наурыз) Бұл күнде жастар өнерлерін көрсетіп, ақындар айтыс өткізіп, ән-күй шырқалады. Қазақтың дәстүрлі өнері дәріптеліп, мәдени шаралар ұйымдастырылады.
    5. Игілік күні (19 наурыз) Игілік күні қоғамға пайда әкелетін іс-шаралар өткізіледі. Адамдар қажетсіз заттарын мұқтаж жандарға таратып, қайырымдылық жасайды.
    6. Тарихқа тағзым күні (20 наурыз) Бұл күн ата-бабалар рухына тағзым етіп, өткенді еске алатын күн. Мешіттерде құран оқытылып, бабалар рухына дұға бағышталады. Сонымен қатар, ел тарихына қатысты мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады.
    7. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз (21-22 наурыз) Наурыз мерекесінің шарықтау шегі – Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні ұлан-асыр той жасалып, халықтық серуендер ұйымдастырылады.

    Наурыздың басты нышандары:

    • Наурыз көже – жеті түрлі тағамнан жасалған қасиетті ас;
    • Туыстың араласуы – алыс-жақыннан келген қонақтарды қарсы алу;
    • Ұлттық ойындар – бәйге, көкпар, күрес, қыз қуу сияқты сайыстар;
    • Батаның берілуі – үлкендердің жастарға ақ тілек айтуы;
    • Татуласу – бұрынғы реніштерді ұмытып, ағайынның араласуы.

    Наурызнаманың қазіргі заманға сай жаңғыруы

    Қазіргі таңда Наурыз мейрамын бірнеше күн атап өту дәстүрі қайта жанданып келеді. Мемлекеттік деңгейде Наурыз мейрамы ұлттық құндылық ретінде насихатталып, әр күнге арнайы атаулар берілуде.

    Мысалы, Қазақстанда Наурыз мерекесі «Жасыл экономика», «Отбасы күні», «Ұлттық спорт күні», «Қайырымдылық күні» секілді атаулармен атап өтіледі. Бұл – ежелгі Наурызнама дәстүрінің жаңаша үлгіде қайта жаңғыруы.

    Наурызнама – тек мейрам емес, ұлттық рух пен бірлікті дәріптейтін мереке. Оның басты мақсаты – халықты жақындастырып, дәстүр мен мәдениетті жаңғырту.

  • Қазақстанда қымыз өндірісі артты

    Қазақстанда қымыз өндірісі артты

    Наурыз мерекесі қарсаңында Ұлттық статистика бюросы қымыз өндірісінің 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға өскенін мәлімдеді. Жалпы, 178 тонна қымыз өндірілген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12 тоннаға артық.

    Сонымен қатар, шұбат өндірісінің көлемі төмендегені байқалады. 2025 жылдың алғашқы екі айында 184 тонна шұбат өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 тоннаға аз немесе 2,8%-ға төмен.

    Соңғы екі жылдағы динамикаға қарасақ, 2023 жылы қымыз өндірісі 1812 тоннаны құраса, 2024 жылы 1541 тонна болған. Ал шұбат өндірісі керісінше өскен: 2023 жылы 1813 тоннадан 2024 жылы 1865 тоннаға жеткен.

    Сарапшылардың айтуынша, ұлттық сусындарға сұраныстың артуы және сүтті мал шаруашылығының дамуы өндірістің өсуіне ықпал еткен.

  • Наурыз көже дайындау қанша тұрады?

    Наурыз көже дайындау қанша тұрады?

    Наурыз көже – көктемгі жаңару мен молшылықтың символы. Бұл тағам әр өңірде әртүрлі дайындалғанымен, негізгі ингредиенттері өзгеріссіз қалады.

    Ұлттық статистикасының мәліметінше, Қазақстанда Наурыз көже әзірлеу үшін қажет өнімдердің орташа бағасы төмендегідей:

    • Айран (2,5%) – 446 теңге/литр
    • Сүт (2,5%) – 413 теңге/литр
    • Арпа жармасы – 399 теңге/кг (ең төмен баға Көкшетауда – 283 теңге)
    • Күріш – 639 теңге/кг (ең төмен баға Шымкентте – 535 теңге)
    •  Қазы, жылқы еті – 3098 теңге/кг
    • Тұз – 76 теңге/кг

    Қазақстанның әр өңірінде Наурыз көженің құрамына құрт, құрғақ өрік және кеспе қосылады. Бұл тағамды дайындау дәстүрі дастарқан молшылығы мен амандықтың белгісі саналады.

    Бағалар нарыққа байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ бастысы – Наурыз көже тек тағам ғана емес, халықтың бірлігі мен дәстүрге деген құрметінің көрінісі.

  • Наурызнама онкүндігі: Бүгін – Ынтымақ күні

    Наурызнама онкүндігі: Бүгін – Ынтымақ күні

    Қазақстан – адамдар бір-біріне қол ұшын беретін, қиын жағдайда қалғандарға қолдау көрсетіп, ортақ болашақ үшін жұмыла әрекет ететін ел.

    Бұл күні әрбір қазақстандық елдің бірлік-берекесін нығайтуда өзінің үлес қоса алатынын, игіліктің үлкен-кішісі болмайтынын, жақыныңа жақсылық жасау – шынайы құндылық екенін сезінуі керек.

    Бұл күн ата-баба өнегесін, бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын еске салады. Ынтымақ – әр түрлі этникалық және әлеуметтік топтардың бірігуі, қоғамда ортақ құндылықтар мен азаматтық бірегейліктің қалыптасуы.

    Қазақстандықтардың күші бірлікте екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүр. Ынтымақ күні «Әділетті Қазақстан» қағидасына сай құрылған инклюзивті қоғам туралы дұрыс түсінік қалыптастыру мен халықтың әртүрлі топтарын біріктірудің маңыздылығын айшықтайды. Бұл күн бізді түп тамырымызға қайтарып қана қоймай, ел азаматтары мен сырттағы ағайынмен арадағы көпір бола алады.

    Бұл күн бірлік рухын насихаттайды, ортақ құндылықтарды айшықтайды және азаматтық бірегейлікті қалыптастырады. Бұл – әділ және берекелі қоғам құру жолында бейбітшілік, келісім мен толеранттылықты ұстанып, өзара құрмет, жолдастық пен бір-біріне көмектесуді ортақ ережеге айналдырудың маңызын көрсететін күн.

  • Қазақстан ең бақытты ел ретінде танылды

    Қазақстан ең бақытты ел ретінде танылды

    Жыл сайын жүргізілетін Дүниежүзілік бақыт баяндамасы (World Happiness Report) деректері бойынша Қазақстан Өзбекстаннан – 10, Ресейден – 13, Қырғызстаннан – 32 орынға алға шығып, 43-ші орынға табан тіреді.

    Осылайша, еліміз ТМД-ға мүше мемлекеттер рейтингінде ең бақытты ел ретінде танылып, көш бастап тұр.

    2024 жылы Қазақстан аталған тізімде 49-шы орында болған. Дүниежүзілік бақыт баяндамасы — 140-тан астам елдің деректері негізінде жасалатын және жыл сайын Gallup, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Оксфорд университеті жариялайтын рейтинг.

    — Бақыт деңгейі объективті деректерді — жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір сүру ұзақтығы, еркіндік, жомарттық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты назарға ала отырып, әлемдік Gallup сауалнамасы негізінде ел тұрғындарының субъективті бағалауын ескеретін бірнеше критерий бойынша анықталады. Мұнда респонденттер өз өміріне көңілі толу деңгейін 0-ден 10-ға дейінгі көрсеткіш негізінде бағалайды, — делінген құжатта.

     

  • 21 наурызда ауа райы күрт бұзылады

    21 наурызда ауа райы күрт бұзылады

    Синоптиктер алдағы жұма, 2025 жылдың 21 наурызына арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын ұсынды.

    «Қазгидромет» РМК деректері бойынша жауын-шашынсыз ауа райы еліміздің оңтүстік-шығысында ғана күтіледі.

    «Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа-райының тұрақсыз сипаты сақталады: жауын-шашын (жаңбыр мен қар) болады. Республика бойынша тұман, желдің күшеюі, солтүстік өңірде көктайғақ түрінде ортақ табиғи құбылыстар көрінісі күтіледі», деп болжанады.

    Ал гидрологиялық болжамға келетін болсақ, алдағы тәулікте оңтүстіктің, оңтүстік-шығыстың таулы өзендерінде температуралық фонның жоғарылауына байланысты су деңгейінің ауытқуы байқалады.

  • Тоқаев «Қазатомпром» басшысының есебін тыңдады

    Тоқаев «Қазатомпром» басшысының есебін тыңдады

    Өндірілген уран көлемі – 23 мың тонна, сатылғаны – 16,6 мың тонна. Компания 1,8 трлн теңге табыс тауып (+26%), салық төлемдері 58%-ға өсіп, 720 млрд теңгеге жетті. «Үлбі-ТВС» зауыты жылына 200 тонна төмен байытылған уран өндіру қуатына шықты.

    Кездесуде жаңа келісімшарттар, әлемдік нарықтағы жағдай және 2034 жылға дейінгі даму стратегиясы талқыланды. 2024 жылы 170 мың тонна уранға барлау жүргізуге лицензия алынған. Мемлекет басшысы саланы дамыту және әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

  • Жыл басынан бері 37,7 мың қазақстандық бакнрот деп танылды

    Жыл басынан бері 37,7 мың қазақстандық бакнрот деп танылды

    Орталық коммуникациялар қызметінде жеке тұлғаларды банкрот деп тану қызметіне жүгінгендердің статистикасы мәлім болды. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметовтің айтуынша, соттан тыс банкроттық рәсімдеу қызметіне сұраныс жоғары.

    – 2023 жылы банкроттыққа тапсырған азаматтардың өтініштер саны 77 380 болса, 2024 жылы – 83 057, ал 2025 жылдың 3 айында 37 746 болды. Азаматтар арасында соттан тыс банкроттық рәсімі ең көп сұранысқа ие болып қала бермек. Өйткені бұл тәсіл борышкерді банктер мен микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемеден босатады. Аталған рәсім шеңберінде 2023 жылы 8 255, 2024 жылы 11 533, 2025 жылдың 3 айында 2 366 азамат банкрот деп танылды, – деді Сейілжан Ахметов.

    Түрлі себептермен банкроттық рәсімнен орта жолда бас тартатындардың саны азайған. 2023 жылы бас тарту саны 62 738 болса, 2024 жылы – 59 792-ға түскен.

    – Сот арқылы банкрот деп танылғандардың саны да өсті. Мәселен, 2023 жылы тек 1 азамат банкрот деп танылса, 2024 жылы – 135, 2025 жылдың басынан 23 адам сот шешімімен банкрот деп танылды, – деді комитет басшысының орынбасары.

  • 1 сәуірде бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау басталады

    1 сәуірде бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау басталады

    Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы тапсыруға болады.

    Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2025 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Орта білім комитетіне сілтеме жасап.

    ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, 1-сыныпқа ата-анасының өтініші бойынша балалар 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ қағаз нұсқада 1 сәуір-31 тамыз аралығында тапсыруға болады.

    Қазақстан азаматтары үшін Жалпы білім беретін орта мектепке қабылдауға қажетті құжаттар тізімі:

    1) ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;

    2) №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты;

    3) өлшемі 3х4 см сурет (2 дана)

    Шетел азаматтары үшін:

    Ата-аналар немесе басқа заңды өкілдер Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруы керек. Шетелдіктер мектепке Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығы туралы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсынуы керек.

    Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.

    «Құрметті ата-аналар! Құжаттарды тапсыруды соңғы күндерге қалдырмай, балаңызды мектепке беруді алдын ала ойластыруға шақырамыз», – делінген министрлік хабарламасында.

  • Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама онкүндігінің аясында бүгін Қазақстанда Ұлттық спорт күні тойланады.

    Ұлттық спорт күні қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту мен насихаттауға арналған. Бұл күні азаматтарды спорттық дәстүрлер мен дала халықтарының бай мұрасын тануға, тән мен жан үйлесіміне ұмтылыс біріктіреді.

    Көкпар, асық ату, қыз қуу, күрес сынды дәстүрлі спорт түрлерінің тамыры сонау Ұлы Дала тарихында жатыр. Олар көшпелі халықтардың тұрмыс салты  дене күші, ептілік пен батылдықты талап еткен бұрынғы кезеңді еске түсіреді.

    «Ұлттық спорт күні» адамдарды бәсекелестік пен өзара сыйластық арқылы жақындастырады және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл спорт – қиындықтарды жеңудің, жетістіктерді бірге атап өтудің және дәстүрлі құндылықтарды жаңа ұрпаққа жеткізудің ең ұтымды жолы.

    Табиғат пен жан-дүниеміздің жаңаруын бейнелейтін Наурыз мейрамын тойлау аясында бұл күні салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру және ұжымдық рухтың маңыздылығына баса назар аударылады. Ол бізді тән саулығына мән беріп, күш-қуат пен төзімділікті арттыруға және табысқа жету жолында бір-бірімізді қолдауға үндейді.

    Ұлттық спорт түрлері жай жарыс емес, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен құндылықтарын бейнелейтін мәдени мұраның маңызды бөлігі. Күш, ептілік, төзімділік, намыс – көшпенділер өркениетіне сіңісті болған, жас ұрпақты жігерлендіріп келе жатқан қасиеттер. Ұлттық спорттық ойындар арқылы біз рухани тамырымызды сақтаймыз және бай мәдени мұрамызды мақтан тұтамыз.