Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Алматы-Шәуешек автобус бағыты ашылды

    Алматы-Шәуешек автобус бағыты ашылды

    Қытайдың Шәуешек қаласы мен Алматыны байланыстыратын халықаралық автобус бағыты 15 наурыз күні іске қосылды, деп хабарлайды Қытайдың Тарбағатай аймақтық әкімдігінің ресми сайты.

    Аталған бағытты «Шынжаң Синта жолаушы тасымалы» жауапкершілігі шектеулі компаниясы іске асырады. Автобус Шәуешек қаласынан аттанып, Бақты кедендік бекеті арқылы Қазақстанға өткеннен кейін, Алматыға жол тартады.

    – Жаңа халықаралық бағыттың қашықтығы шамамен 900 шақырым, Шәуешектен шыққан автобус Алматыға 13 сағатта жетеді. Жоспар бойынша, бастапқы кезеңде автобус аптасына екі рет қатынайды, алдағы уақытта жолаушылар ағынына байланысты рейстер саны арттырылмақ. Билет бағасы бір адамға 330 юань (шамамен 22,400 теңге), бұл жолаушылардың шығынын азайтуға септігін тигізеді, – дейді Синта компаниясының басшысы Ма Цзюнь.

    Шәуешек – Қытайдың солтүстік-батыс аймағындағы маңызды шекаралық қалалардың бірі. Алматы-Шәуешек халықаралық автобус бағытының ашылуы екі ел тұрғындары үшін ыңғайлы көлік қызметін ұсынумен қатар, Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

  • Бөтен ЭЦҚ-ны пайдаланған адам жауапкершілікке тартылады

    Бөтен ЭЦҚ-ны пайдаланған адам жауапкершілікке тартылады

    Енді жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерді қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба салаларындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан бір жылға дейін ұзартылды. Бұл туралы ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі мәлім етті.

    Жаңа нормалар 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді.

    – Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу, атап айтқанда, дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамау үшін ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері үш есе ұлғайтылады. Бұрын айыппұлдар құқық бұзушылықтың құрамына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 10-нан 1000 АЕК-ке дейін өзгеріп отырған. Енді олар 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, – делінген хабарламада.

    Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 640-бабы бойынша жаңа әкімшілік құқық бұзушылық түрі күшіне енеді. Яғни, басқа адамның ЭЦҚ кілтін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

    – Бұған дейін әкімшілік жауапкершілік тек ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз беру және оны қорғау бойынша тіркеу куәлігінің иесі тарапынан қажетті шараларды қабылдамау жағдайларына ғана қолданылатын. Енді өзгерістер күшіне енгеннен кейін, ЭЦҚ-ны заңсыз берген де, оны пайдаланған тұлғалар жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлады ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметінен.

    Қабылданған шаралар азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуге, электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ЭЦҚ-ға байланысты алаяқтық әрекеттерді азайтуға, сондай-ақ ақпараттандыру саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

  • «Қазақстанға Сенат қажет емес» – Депутат

    «Қазақстанға Сенат қажет емес» – Депутат

    Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, ЖСДП партиясының төрағасы Асхат Рахимжанов Jibek Joly телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджанның авторлық «УӘДЕ» жобасына қатысты. Сұхбат барысында Қазақстанның саяси құрылымы және партияның парламенттік көпшілікке ие болған жағдайда жүзеге асыратын реформалары талқыланды.

    «Біріншіден, бізге Сенат қажет емес, өйткені біз унитарлы мемлекетпіз. Қазақстанға Сенаттың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мәжіліс депутаттарының санын көбейткен дұрыс. Партиялық тізім бойынша 50 пайыз, 50 пайыз мажоритарлық жүйе бойынша қалыптастыру керек. Бұл біздің партия бағдарламамызда да көрсетілген».

    Журналистің Сенат елдің даму жүйесіне кедергі келтіре ме деген нақтылаушы сұрағына спикер былай деп жауап берді:

    «Көптеген сарапшылар, және біз де онымен келісеміз, Сенат белгілі бір бақылау функциясын орындайтын сияқты. Заңнамалық процесті не үшін бақылау керек? Мысалы, Мәжіліс бір заң жобасын қабылдайды, оны жұмыс топтарында, комитеттерде, кеңейтілген отырыстарда егжей-тегжейлі талқылайды. Содан кейін екі оқылымнан кейін ол Сенатқа кетеді. Сенаттың бір нәрсеге көңілі толмаса, оны қайтарады. Кейбір түзетулер енгізу керек деп санайды».

    Асхат Рахимжановтың айтуынша, Сенат депутаттарын сайлау жүйесін де қайта қарау қажет:

    «Егер өкілдік туралы айтатын болсақ, ол толыққанды болуы керек. Мысалы, Мәжіліс құрамының 50%-ы аймақтардан сайланса, оның заңдылығы мен легитимдігіне қатысты сұрақтар туындамайды. Ал Сенат, мысалы, сайлаушылар арқылы сайланады. Бұл сайлаушылар – Маслихат депутаттары. Маслихат депутаттары барлық жерде көпшілігімен аманаттықтар», – дейді Мәжіліс депутаты.

  • Күн +30℃ дейін ысиды – Қазгидромет ескерту жасады

    Күн +30℃ дейін ысиды – Қазгидромет ескерту жасады

    Мекеме республиканың көп бөлігі жауын-шашынсыз күтілетін антициклон сілемінің әсерінен болатынын, күн шуақты ауа-райы, елдің тек батыс, солтүстік-батыс, солтүстік аудандарына циклон ойпаты әсер ететінін хабарлайды. Онда жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады, жел күшейеді, жолдарда көктайғақ болады. Елде жаппай тұман күтіледі.

    Елдің солтүстігінде ауа температурасының түнде -3℃ аязға дейін +5℃ жылы, күндіз +5+16℃ жылы, орталықта түнде -3℃ аязға дейін +5℃ жылы болады. Күндіз +5+20℃ жылы, елдің шығысында түнде -7℃ аязға дейін +5℃ жылы, күндіз +3+16℃ жылы. Батыста түнде -5℃ аязға дейін, ал күндіз +5+18℃ дейін, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде +5+13℃ дейін, күндіз +22+30℃ дейін көтеріледі.

  • 2024 жылы 15,8 млрд теңгеге VIP-нөмірлер сатып алынған

    2024 жылы 15,8 млрд теңгеге VIP-нөмірлер сатып алынған

    Ең арзан VIP-нөмірлер (010, 020, 030, т.б.) 57 АЕК (210 330 теңге) тұрса, ең қымбаттары (001, 002, 777) 285 АЕК (1 051 650 теңге) бағаланған. Қазақстандықтар 2024 жылы VIP-нөмірлерге 15,8 миллиард теңге жұмсаған.

    Алматы, Астана және Шымкент тұрғындары бұл нөмірлерге ең көп қаражат бөлген. Алматыда 4,9 млрд теңге, Астанада 2,5 млрд теңге, ал Шымкентте 2 млрд теңге жұмсалған.

    VIP-нөмірлерді арнайы ХҚКО немесе e-Gov порталы арқылы рәсімдеуге болады. Мұндай нөмірлер басқа адамға берілмейді, тек мұрагерлікке немесе жақын туыстарға қалдыруға рұқсат етілген.

  • Президент түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

    Президент түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

    Бүгін Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды пікір білдірді.

    Президенттің айтуынша, оған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдаған. Адвокат өз хатында әйелдер колониясындағы ахуалды, соның ішінде, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударған екен.

    «Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек», – деді Тоқаев.

  • Президент спорт саласындағы діни радикалдар туралы айтты

    Президент спорт саласындағы діни радикалдар туралы айтты

    Бурабайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда спорт саласындағы діни радикалдар туралы сөз болды.

    «Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ», – деді Тоқаев.

    Президент елімізде дін бостандығына кепілдік берілгенін еске салды.

    «Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», – деп санайды ол.

  • 63 блогер өз еркімен салық төледі

    63 блогер өз еркімен салық төледі

    Мемлекеттік кірістер комитеті 63 қазақстандық блогер өз кірістерін өз еркімен декларациялағанын хабарлады.

    Комитет мәліметінше, 63 блогер 2,8 млрд теңге табысын декларациялап, 105 миллион теңге салық төлеген.

      – 13 наурыздағы жағдай бойынша, 63 блогерлер 2 768,4 млн теңге сомасына қосымша табыс декларациялады және 105 млн теңге сомасында салық төледі, – делінген хабарламада. 

    Еске салайық, бұған дейін салықшылар ескертуінен кейін қазақ блогерлері 1,5 млрд теңге салық төлеген болатын.

    Камералдық бақылау өз бетінше салық салынатын кіріс алатын барлық тұлғаға бірдей дәрежеде жүргізіледі. 2025 жылы камералдық бақылау нәтижесінде 80 000 жеке тұлғаға, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге хабарлама жолданған.

    Хабарлама алған жеке тұлғалардың қатарында блогерлер де бар. Олар хабарламаны алғаннан кейін әлеуметтік желілерде белсенділік танытты. Осыған байланысты әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, 80 000 жеке тұлғаның ішіндегі 594-і блогер екені анықталған.

  • Қазақстанда үйсіз-күйсіздерге арналған уақытша баспана пайда болады

    Қазақстанда үйсіз-күйсіздерге арналған уақытша баспана пайда болады

    Қазақстанда үй-күйсіз көше кезіп жүрген қаңғыбастарға, түрмеден жазасын өтеп шыққандар мен зорлық-зомбылық құрбандарына арналған уақытша болу ұйымдары құрылады. Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі тиісті бұйрық жариялады.

    «Уақытша болу ұйымдары тұрғылықты жері жоқ адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға, сондай-ақ адам саудасының және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған», – делінген құжатта.

    Мұндай ұйымдар қалаларда халық саны 100 мың адамнан көп болған кезде құрылады. Ал елді мекендерде, аудандарда және ауыл округтерінде тұрғындар саны 50 мың және одан асқан жағдайда, жергілікті атқарушы органның шешімімен бір аудан деңгейінде уақытша болу ұйымын құруға болады.

    Бұйрық он күн өткен соң күшіне енеді.

  • 14 наурыз – Көрісу күні

    14 наурыз – Көрісу күні

    «Амал мерекесі» қауышу күні ғана емес, бұл ең алдымен – өмірді жаңа парақтан бастауға, өткенге разы болып, болашақты сеніммен қарсы алуға үндейтін мереке.

    14 наурызда қонаққа бару, үлкендерге құрмет көрсету және бір-бірін көктемнің басталуымен құттықтау дәстүрге айналған. Көрісу күні – Наурыздың алғашқы хабаршысы және бізге дәстүріміз бен ортақ құндылықтарымыз біріктіретін бір отбасы екенімізді еске салады.

    Бұл күні адамдар бір-бірімен сағынышпен көрісіп,  мейірімімен бөліседі.