Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Телефоннан ақша аударған азаматтардың бәрі салық төлей ме?

    Телефоннан ақша аударған азаматтардың бәрі салық төлей ме?

    Жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына салық салынбайды. Азаматтардың есепшотына 3 ай қатарынан 100 түрлі тұлғадан аударым түссе ғана Салық комитеті бақылауға алады. Бұл ретте түскен қаржының мөлшері маңызды емес. 

    Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістері әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді.

    «Мобильді аударымдар – кәсіпкерлердің емес, жеке тұлғаларға арналған құрал. Оларға салық салынбайды. Бірақ кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін мобильді көп пайдаланып кетті. Сондықтан салықтан жалтарғандарды анықтап, олардың кірісіне салық төлеуді міндеттеу және кәсіппен айналысса да, тіркелмей жүргендерді дара кәсіпкер ретінде тіркету мақсатында мобильді аударымдарды бақылаймыз», – деді ол.

    Салық комитетінің өкілі 3 ай қатарынан 100 аударым емес, 100 түрлі адамнан аударым түссе ғана тексеру жүретінін атап өтті.

    «Мәселен, жеке адамның каспиіне қаңтар айында 100 түрлі адам, ақпанда да 100 адам, наурыз да да 100 тұлғадан ақша аударылса ғана назарға ілінеді», – деді Ерсайын Көптілеуұлы.

    Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары 255 мың теңге шек әлі заңмен бекітілмегенін мәлімдеді. Бұл – Қаржы министрлігінің ұсынысы. Комитет өкілі 255 мың теңгенің қайдан шыққанын түсіндіріп өтті.

    «Бізде Кәсіпкерлік кодексінде 12 ең төменгі жалақы деген түсінік бар. 12 ең төменгі жалақыдан төмен табыс тапсаңыз, сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылысыз. Ал енді 255 мыңға келсек, бұл – үш айдағы ең төменгі жалақы. Бір жылда 12 ай бар деп есептесек, 3 ай бойынша ең төменгі жалақы көлемі 255 мың болады. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. 3-ті 85 мыңға көбейтсеңіз 225 мың болады», – деді.

    Салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлер қолма-қол ақшаға көшіп жатыр. Салықтан жалтарған кәсіпкерлерге алдымен ескерту беріледі, ал екінші рет қайталанса, 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

  • Қонаевтағы орталық саябаққа Б.Соқпақбаевтың есімі берілді

    Қонаевтағы орталық саябаққа Б.Соқпақбаевтың есімі берілді

    Былтыр балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Қонаевта ұлы тұлғаны есімі әлі де ұлықталуда. Орталық саябаққа Б.Соқпақбаевтың есімі берілді.

    Бұл саябақ 2023 жылы 25 қазанда күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген болатын. Аумағы – 8 гектар. Паркте субұрқақтар, сахна, көрермен орны, дүңгіршектер, түрлі шағын сәулеттік нысандар қойылған.

    Саябақ заманауи стильдегі жабдықтармен жабдықталған. Оның қатарында орындықтар, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері бар. Сондай-ақ күрделі жөндеуден өткенде мұнда қосымша 584 түп ағаш егілген. Бұл саябақта спорт алаңы мен футбол алаңы да салынған. 2024 жылдың соңында орталық саябақта Б.Соқпақбаев пен оның танымал туындысы «Менің атым Қожаның» шағын сәулеттік нысаны ашылса, 11 қаңтар күні мұз айдыны қолданысқа берілмек. Сонымен қатар қаладағы Центральная көшесіне жазушының есімі берілген болатын.

    Айта кетейік, Б.Соқпақбаев (1924-1991) – қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, аудармашы. Ол балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосқан.

  • Алматыда төбелес шығарған шетелдік студенттер депортацияланады

    Алматыда төбелес шығарған шетелдік студенттер депортацияланады

    Жаңа жыл түні Алматының Медеуінде бір топ шетелдік студент жаппай төбелескен болатын. Бұл туралы  Сенат депутаты, ІІМ-нің бұрынғы бірінші орынбасары Марат Қожаевтың пікір білдірді.

    «Біздің елге келген кез келген шетелдік біздің заңды, біздің дәстүрді, біздің ережелерді сақтауы керек. Бұл әлем бойынша солай. Біздің заңнама бойынша сол елдің тәртібін бұзған шетелдіктер елден депортацияланады. Соның ішінде, елімізде заңсыз жүргендер депортацияланады. Олар ішке одан кейін бес жыл бойы кіре алмайды», – деді Қожаев.

    Айта кетейік, Алматы полициясы осы іс бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.

  • Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Сенат депутаты, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұға қатысты пікір білдірді. Айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге өсті.

    Қазақстанда аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

    Бұл норма бірнеше жылдан бері тұрғындардың ашуын туғызып жүр. Олардың айтуынша, әсіресе Астана қаласында қыста көлікті жылытуға көбірек уақыт қажет.

    Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

    – Қалаларымыздағы ауа бассейндері қатты ластанған. Сондықтан осындай норма қабылданған. Әрине, осы бап бойынша жауапқа тарту үшін даусыз процессуалдық дәлелдер қажет. Бұл – бейнежазба, уақытты тіркеу және басқа да факторлар. Егер осылар анықталса, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай ережелер дамыған елдерде де қолданылады, – деді сенатор. 

    Ал ІІМ тұрғын үй тұрған аймақта қозғалтқышы бар көлік құралының тоқтап тұруы жайлы былай дейді.

    ІІМ 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көліктің тоқтап тұру – көлік құралының қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсірумен, не көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептер бойынша бес минуттан артық уақытқа әдейі тоқтату саналады. Ереженің 88-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4-тармақшасында да көрсетілген, – делінген ІІМ хабарламасында.

    Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңа норма емес. 20 жылдан астам уақыттан бері бар. ІІМ түсіндіруінше, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.

  • Алматыда алғашқы қар еріту пункті іске қосылды

    Алматыда алғашқы қар еріту пункті іске қосылды

    Жаңа пункт «Алматы Тазалық» мекемесінің көктайғаққа қарсы реагенттері сақталған бұрынғы базасында салынған. Қар еріту пункті соңғы жылдары қардың көп түсуіне және қаланың инфрақұрылымына жүктеменің артуына байланысты салынған.

    Қар еріту пунктінің жұмыс процесі қолданыстағы кәріз желісі арқылы келетін ағынды сулардың жылуын пайдалануға негізделген. Жылы су қысыммен сорғы қондырғылары және құбырлар жүйесінен өтіп, қарды ерітеді. Осыдан кейін еріген су сүзгіге түседі, құм мен қоқыстардан тазартылады. Кейін қалалық кәріз желісіне жіберіледі. Пункттің қуатылығы – тәулігіне 1200 текше метрге дейін қарды ерітеді, – деп хабарлады әкімдіктен.

    Жалпы қар еріту пунктіне Әуезов, Алмалы және Бостандық аудандарының аумақтарынан қар жеткізіледі.

  • Боранға байланысты бірнеше өңірде жолдар жабылды

    Боранға байланысты бірнеше өңірде жолдар жабылды

    Бүгін түнгі сағат 00.00-де ауа-райының нашарлауына байланысты (боран, көрінудің шектелуі, жел) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» компаниясы.

    Ақмола облысында:

    «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған»  автожолының 232-260 шақырым аралығында (Қостанай облысы шекарасынан Сұрған ауылына дейін);

    «Жақсы-Есіл-Бұзылық»  автожолының 71-82 шақырым аралығында (Ақсай ауылынан  Бұзылық ауылына дейін) ;

    «Жезқазған-Петропавл» автожолының 536-553 шақырым аралығында (Бұзылық ауылынан Сұрған ауылына дейін);

    Қостанай облысында:

    «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» автожолының 108-232 шақырым аралығында (Әулиекөл ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін);

    «Екатеринбург-Алматы» автожолының 686-729 шақырымы(Сарыкөл ауылынан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін);

    Солтүстік Қазақстан облысында:

    «Екатеринбург-Алматы» автожолының 729-768 шақырымы (Қостанай облысының шекарасынан Тоқсан би ауылына дейін) жолдар жабық.

  • Метапневмовирус: Мектептерде шектеу енгізіле ме?

    Метапневмовирус: Мектептерде шектеу енгізіле ме?

    Біздің елдің білім беру жүйесі кез келген сын-қатерге дайын екенін көрсетіп отыр. Бұл пандемия кезінде жинақталған тәжірибенің нәтижесі. Барлық колледждер мен мектептер мұндай жағдайларда қажетті құралдармен толық жабдықталған. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күту қажет деп ойлаймын. Егер шешім қабылданса, біз әрдайым қиындықтарға дайынбыз, – деді Ғани Бейсембаев Үкіметтегі брифингте.

    Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) сұрау салғанын атап өтті.

    – ДДСҰ бізге алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Бұл вирус ұзақ уақыттан бері елдерде айналымда жүр, оны емдеу жолдары бар. Профилактикалық шараларды жүргізу қажет. Біз осыған сүйенеміз. Бұл кезеңді бірге еңсеруіміз керек, – деді ол.

  • Жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ

    Жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ

    Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

      «Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», – деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.

    Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

    «Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуы тиіс. Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

     

  • Соңғы екі жылда 120 ұйымдасқан қылмыстық іс тіркелді

    Соңғы екі жылда 120 ұйымдасқан қылмыстық іс тіркелді

    Ішкі істер министрлігі қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес жүргізу бағытында жұмыстарын жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

    Соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және оларға қатысу фактілері бойынша 120-дан астам қылмыстық іс тіркелді, соның ішінде 13-і трансұлттық қылмыстық топтарға қатысты. Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша 600-ден астам қылмыскер жауапкершілікке тартылды. Халықаралық іздестіруде болған ұйымдасқан қылмыстық топтардың 27 мүшесі, яғни «қылмыс әлемінің беделділері» ұсталды.

    Жақын шет елдерден келген алты «заңдағы ұрының» Қазақстан аумағында болуының алдын алынды. ІІМ ҰҚК-мен бірлесіп, бопсалау және басқа да ауыр қылмыстарды жасаған 160 қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты. Бопсалау фактілері бойынша барлығы 1300-ден астам қылмыстық іс қозғалды. 400-ден астам адам саудасымен байланысты қылмыстар анықталды.

    – Министрлік ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресті жалғастырады және бұл бағытта нақты шаралар қабылданатын болады, – деп атап өтті ведомствода.

  • Колледждің бір студенті үшін 912 мың теңге жұмсалады

    Колледждің бір студенті үшін 912 мың теңге жұмсалады

    2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстандағы колледждердің бір студентін даярлау үшін жылына 912 мың теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін үкіметте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

    Айта кетейік, бұрын бұл қаражат екі есеге аз еді.

    «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көптен күткен жаңалығы – 2025 жылы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаяды. Қазір қолданыстағы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 1 студентті даярлау үшін бөлінетін қаржының орташа мөлшері 437 мың теңге болса, ол енді орташа есеппен 912 мың теңге болады», – деді Ғани Бейсембаев.