Рубрика: Қоғам

  • Перизат Қайраттың «Biz birgemiz» қоры ресми түрде жабылды

    Перизат Қайраттың «Biz birgemiz» қоры ресми түрде жабылды

    Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады.

     Іс материалдарына сәйкес, осы заңды тұлғаны бастапқы мемлекеттік тіркеу 2021 жылғы 11 қазанда өткізілді. Бірлестіктің құрылтайшылары – 10 адам, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген. Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, 10 құрылтайшының 9-ының атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойған.

    «Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес, заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда, сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін. ҚР Жоғарғы Сотының «Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес, заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады. Бірлестікті құру кезінде анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады», – делінген ауданаралық экономикалық сот үкімінде.

    Шешім заңды күшіне енген жоқ.

  • Әуежайда кепілге алынған қыздың орнына өзін ұсынған ер адам кім?

    Әуежайда кепілге алынған қыздың орнына өзін ұсынған ер адам кім?

    Алматы әуежайында қарулы адамды залалсыздандырған ер адамның кім екені белгілі болды. 

    Кепілге алынған қыздың орнына өзін ұсынған – 1973 жылы туған Мұса Әбдірайым есімді азамат.

    Ашуға мінген ер адам тексеру қызметкерінің шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан. Куәгерлер абдырап қалған сәтте, 52 жастағы Мұса Әбдірайым жағдайды өз қолына алды. Бұрын спортпен айналысқан ол тай боксы және жекпе-жектің басқа түрлерін меңгерген екен.

    «Мен жай ғана танысымды шығарып салып тұрдым. Қызға шабуыл жасағанын көрдім. Өзім үшін емес, тек қыз үшін қорықтым», – деді ол.

    Әбдірайым бірден өзін кепілге алуды ұсынып, артынша шабуылдаушыға қарсы шығып, оның қолындағы пышақты тартып алып, жерге құлатқан. Шабуылдан қорқып қалған қыз өзін құтқарып қалған азаматқа   алғыс айтты.

    «Полицейлер де қоңырау шалып, алғыстарын білдіріп жатыр. Телефоным тынымсыз шырылдап жатыр», – дейді ол.

    Әбдірайым мұндай жағдайға бірінші рет тап болғанын айтып, барлығының аман қалғанына қуанышты екенін жеткізді.

  • Астанада жүк көлігінің жүргізушісі 7 жастағы қызды қағып өлтірді

    Астанада жүк көлігінің жүргізушісі 7 жастағы қызды қағып өлтірді

    Астанада жүк көлігі 7 жасар қызды қағып кетті. Бала оқиға орнында көз жұмды. 

    Қайғылы оқиға Бейсекбаев пен Кенесары көшелерінің қиылысында болған. Полицияның хабарлауынша, жүк көлігінің жүргізушісі жол қиылысында бұрылмақ болған. Сол кезде 7 жасар қыз жаяу жүргіншілер жолынан бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан.

    «Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері келді, көрсетілген көмекке қарамастан, биологиялық өлім тіркелді. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Астананың полиция департаменті.

  • Әйелін ұрып-соққан дипломат Сәкен Мамаш 7 жылға сотталуы мүмкін

    Әйелін ұрып-соққан дипломат Сәкен Мамаш 7 жылға сотталуы мүмкін

    Карина Мамаштың адвокаты Бибінұр Мұратованың айтуынша, экс-дипломат Сәкен Мамаш «Азаптау» бабы бойынша айыпталып, 7 жылға сотталуы мүмкін.

    2024 жылдың мамырында Карина Мамаш (Госманқызы) жұбайы, БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаштан 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді.

    «Мен күйеуімнің маған жасаған барлық қиянаты үшін дипломатиялық мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын. Оларға физикалық, жыныстық, эмоционалдық, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық жатады», – деді ол.

    БАӘ-дегі елшіліктің бұрынғы кеңесшісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке қамалды.

  • Шерзат ісі: Түрмеде туған күн тойлауға жол берген полицейлерді қандай жаза күтіп тұр?

    Шерзат ісі: Түрмеде туған күн тойлауға жол берген полицейлерді қандай жаза күтіп тұр?

    Алматы облысының прокуратурасы қоғамда дау туғызған түрмедегі туған күнге қатысты пікір білдірді. 

    Шерзат Болат ісі бойынша қамауға алынғандардың уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлауына жол берген полицейлерге қатысты тергеудің егжей-тегжейі айтылды.

    Прокуратура 18 ақпанда полиция қылмыстық кодекстің 371-бабының 1-бөлігі «Немқұрайлылық» бойынша соталды тергеу бастағанын растады. Тергеуді Алматы облысы полициясының жеке қауіпсіздік басқармасы жүргізеді.

    «Полиция қызметкерлері жол берген заңбұзушылықтар бойынша Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы 16 ақпанда заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді», – деп хабарлады прокуратура. 

    Қылмыстық кодекстің 371-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңбұзушыларға 1 мың АЕК-ке дейін (2025 жылы 3,9 миллион теңге) айыппұл, 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр.

  • Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жабылады

    Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жабылады

    «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі 2021 жылдың 11 қазанында Астана қаласындағы әділет департаментінде тіркелген.

    «Осы жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жоғарыда аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп танып, мәжбүрлеп таратуды көздейтін талап-арыз берілді. Сот талабын беруге Қаржылық мониторинг агенттігінің «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркеуді жою рәсіміне бастамашылық жасау туралы хаты негіз болды. Себебі бірлестік құру кезінде жойылмайтын сипаттағы, яғни сот шешімі бойынша заңды тұлғаны таратуға негіз болатын заңнамалық бұзушылықтарға жол берілген», – делінген министрлік хабарламасында.

  • Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларына қатысты іс бойынша үкім шықты

    Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларына қатысты іс бойынша үкім шықты

    Тергеп-тексеру ісі Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментімен жүргізілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

    Тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкерлер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды.

    Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылды.

    Сонымен қатар, салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған.
    Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 млн теңгеден асты.

    Сонымен қатар, күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елорданың премиум санатындағы құны 69,5 млн теңге тұратын пәтер сатып алып, қайынен есіне ресімдеген.

    Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген.

    Дегенмен, тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды.

    Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлемінде шығынды өтеді.

    Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және басқару»), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылды.

    Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

    Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілді.

     

  • Ербаян Мұхтардың ісінде ешкім күдікті деп танылмады

    Ербаян Мұхтардың ісінде ешкім күдікті деп танылмады

    Тергеушілер Ұлттық ұланда әскери борышын өтеген сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша әлі күнге дейін ешкімді күдікті деп танымаған.

    Бұл туралы бас әскери прокурордың орынбасары Максат Қазиев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар мен тергеу нәтижелерін алғаннан кейін шешім қабылданады. Іс Бас прокуратураның және бас әскери прокурордың ерекше бақылауына алынған.

    Әскери қызметші Мұхтар Ержанның ауыр жарақат алуына байланысты жедел-тергеу іс-шаралары кешені жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды. Сараптамалар қорытындысын және тергеу нәтижелерін алу бойынша барлық жиналған дәлелдемелер мен нақты деректердің жиынтығы бойынша шешім қабылданады.

    Бүгінгі таңда біз ҚІЖК 201-бабына сәйкес тергеу нәтижелеріне түсініктеме бере алмаймыз, өйткені іс көптеген адамдардың мүдделерін қозғайды, – деді ол. Шенеунік тергеу күдікті адамдарды әлі анықтаған жоқ деп мәлімдеді.

    Іс бойынша нақты күдікті адамдар жоқ. Белгілі бір шеңбер бар, олар нәтижемен пысықталып жатыр, – деді Мақсат Қазиев.

  • «Қазақстан» шахтасындағы бес кеншінің өліміне кінәлілерге үкім шықты

    «Қазақстан» шахтасындағы бес кеншінің өліміне кінәлілерге үкім шықты

    Қарағанды облысы Шахтинск қалалық соты «Қазақстан» шахтасындағы өрттен бес кеншінің қаза табу фактісі бойынша істі қарап, сот үкімін шығарды. 

    Төрт айыпталушы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қайғылы оқиғаға жауапты деп танылған төрт қызметкерді ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзды деп айыптаған болатын.

    Тергеу барысында бірнеше ереже бұзушылық анықталды.

    Жол берілген бұзушылықтардың салдарынан 2023 жылғы 17 тамызда жөндеу ауысымында «Қазақстан» шахтасының көмір конвейерлік еңісінде өрт болды. Өрт салдарынан бес кенші қаза тауып, он жеті кеншіге денсаулығына орташа және ауыр зиян келтірді, – деп мәлімделген Шахтинск қалалық сотының хабарламасында.

    Аталған іс бойынша прокурор Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталушыларды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

    ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс абайсызда орташа ауырлықтағы қылмыс болып табылады. Санкция 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. ҚК-нің 55-бабына сәйкес жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза максималды мерзімнен½, яғни 4 жылдан аспауы тиіс. Заңның бұл талабы сот үшін міндетті болып табылады. Г., М., Т., Г. сотталушыларының жас балалары бар, бұл ҚК-нің 53-бабына сәйкес жеңілдететін мән-жай деп танылады. Яғни, олар үшін жаза 4 жылдан аспауы керек. Сотталушылар бұрын сотталмады, жұмыс орны бойынша оң сипатталады. Прокурор айыптау актісінде ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы туралы жазды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот Г., М., Т., Г. 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деп сот өз үкімін шығарды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

    Еске салайық, қайғылы оқиға 2023 жылдың 17 тамызында болған. Апат болған кезде жер астында 227 шахтер болған, олардың ішінде 222 шахтер жер бетіне шығарылып, бес адам қаза болған еді.

  • Алматыда жасөспірімді үш жыл бойы әкесінің ағасы зорлап жүрген

    Алматыда жасөспірімді үш жыл бойы әкесінің ағасы зорлап жүрген

    Алматылық жасөспірім бірнеше жылдан бері туыс ағасынан зорлық көріп келген.

    Бұл туралы адвокат Айман Омарова айтты. Оның сөзінше, 14 жастағы бала 11 жасынан бері зорлық көрген.  Баланың өз әкесі қайтыс болған. Кейіннен баланы әкесінің ағасы анасы үш баланы асырай алмайды деп тартып алған. Бала 11-ге толғанда ер адам оны зорлай бастаған. Адвокаттың сөзінше, бұл үш жылға созылған.

    Жасөспірім әпкесімен бірге полицияға арыз жазған, алайда бастапқыда оның арызын ешкім қабылдамапты. Артынша ақыры тергеу басталған, бірақ заң бұзушылықтар болған: баладан психолог және адвокатсыз жауап алынып, тергеушілер мен туыстары жәбірленуші бала бұл оқиғаны ойынан шығарып алған деп қысым көрсеткен.

    Алматының полиция департаменті бұл ақпаратты растап, 19 ақпанда баланың әпкесі арыз жазғанын айтты. Бұл дерек бойынша тергеу басталған, күдікті ер адам ұсталды. Қажет сараптамалар тағайындалған. Тергеу жүріп жатыр.

    Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.