Рубрика: Қоғам

  • Алғашқы интернеті бар пойыз сапарға шықты

    Алғашқы интернеті бар пойыз сапарға шықты

    Бұл пойыз жолаушыларға интернетке қол жеткізу мүмкіндігін ұсынған Қазақстандағы алғашқы жоба болды. Бұл туралы Қазақстан теміржолы хабарлады.

    «Жаңашылдық спутниктік технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылып, алғашқы рейсте 500 жолаушы интернеттің артықшылықтарын пайдаланып үлгерді. Сапар барысында жолаушылар WhatsApp арқылы хабар алмасып, YouTube-тан бейнелер көріп, басқа да танымал интернет сервистерін пайдалана алады. Дегенмен, торренттер мен ағынды жүктеу сайттарына қолжетімділік шектелген. Локомотивке орнатылған заманауи спутниктік жабдық бүкіл маршрут бойы тұрақты әрі жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.

    Жобаның жүзеге асырылуы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Көлік министрлігі, «Jusan Mobile» телекоммуникация компаниясы және Қазақстандағы Eutelsat-OneWeb ресми дистрибьюторының серіктестігі арқасында мүмкін болды.

  • Алматыда ақша бопсалаған екі блогер ұсталды

    Алматыда ақша бопсалаған екі блогер ұсталды

    Полициядан мәлім еткендей, күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, 8 млн теңге бопсалаған.

    – Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 млн теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Күдіктілер 10 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталды, – деп хабарлады полициядан.

    ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

  • Темірлан Еңсебек түрмеден хат жазды

    Темірлан Еңсебек түрмеден хат жазды

    QazNews24 сатиралық парақшасының әкімшісі Темірлан Еңсебекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы — әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздық қоздыру бойынша іс қозғалды. Ол 2 айға қамауға алынған болатын. Түрмеде отырған Темірлан Еңсебек хат жазды.

    «Сатира қылмыс емес! Мен экстремист емеспін! Мен заңның 20-бабын жүзеге асырдым. Мен қылмыскер де емеспін! Конституцияның менің құқығымды қорғауын талап етемін. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қайда? Мен не үшін отырмын?! Құқықтық мемлекетте әзіл үшін абақтыға жаппайды!», – деп жазды ол.

    Алайда полицияның мәліметінше, Темірланның ұсталуы сатиралық жазбаларына қатысты емес екен. Қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздық қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материал жариялау болған.

  • Бүйрегін 9 млн теңгеге сатпақ болған азамат жазасын бостандықта жүріп өтейді

    Бүйрегін 9 млн теңгеге сатпақ болған азамат жазасын бостандықта жүріп өтейді

    №2 Ақтөбе қалалық сотында Атырау облысының тумасы Ерболат Орынбасаровқа қатысты істің үкімі шықты.

    – Ерболат Орынбасаров Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3 бөлігі, 116 бабының 1 бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63 бабына сай тағайындалған жаза шартты деп саналсын, – деді судья Ақмарал Алиева.

    Сонымен бірге пробациялық бақылау аяқталғанша тұрғылықты жерін өзгертпеуі тиіс. Ал егер өзгерте қалса, пробация қызметіне хабарлайды. Жыл ішінде ойын-сауық орындарына, мейрамханаларға, дәмханаларға бара алмайды.

    Еске салсақ, Атырау облысының 27 жастағы тұрғыны бір бүйрегін сату үшін әлеуметтік желі арқылы хабарлама қалдырады. Осы хабарламаны көрген ақтөбелік полицияға хабарлап, алдын ала келісім жасайды. Сотталушы өз бүйгегін 9 млн теңгеге бағалады. Ол 5 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталып, сот алдында жауап берді.

    Сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар. Үкім кезінде бұл жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.

     

  • Алматыда оқушы өзіне қол салды

    Алматыда оқушы өзіне қол салды

    Әлеуметтік желіде 2009 жылғы оқушы өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат тарады. Алматы қаласының Полиция департаменті бұл деректі растады. Тәртіп сақшылары 105 бап (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

    – Бұл дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

  • Қазақстандықтар қанша алтын құймасын сатып алды?

    Қазақстандықтар қанша алтын құймасын сатып алды?

    Ұлттық банк 2017 жылы өлшенген алтын құймаларды халыққа сату және қайтадан сатып алу бағдарламасын іске қосқан болатын.

    — 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сай, Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктер мен банкке жатпайтын айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 6,8 тонна өлшенген құйма сатты, — делінген хабарламада.

    Аффинирленген, яғни өлшенген алтын құймалар салмағына қарай бес түрге бөлінеді: 5 грамм, 10 грамм, 20 грамм, 50 грамм және 100 грамдық.

    Құймалардың бәрінде бағалы металдың құрамы – 99,99%, соған сай сынамасы – 999,9.

    Ұлттық банк өлшенген құймаларды екінші деңгейлі банктер (Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank пен Банк ЦентрКредит) және банкке жатпайтын кейбір айырбастау пунктері арқылы сатады. Сату және қайта сатып алу тәртібі банктер және айырбастау пункттерімен жасалған шарт арқылы реттеледі.

  • Павлодарда 4 жасар бала ойын алаңындағы биік тордан құлап кеткен

    Павлодарда 4 жасар бала ойын алаңындағы биік тордан құлап кеткен

    Павлодарда 4 жасар бала сауда орталықтарының біріндегі ойын алаңында биіктен құлап кеткен. Кішкентай бала жіп торларда өрмелеп жүріп, 5 метр биіктіктен жерге қарай құлап түскен.

    «Бүгін, 12 қаңтарда сағат 13.00- де 4 жасар баламыз Әмір «Батыр Молл» орталығындағы «Викинг Лэнд» ойын алаңында 5 метр биіктіктен құлап кетті. Әмір екі бауырымен бірге ойнап жүрген. Атасы сыртта күтіп отырған. Ол жерге үлкендердің кіруіне болмайды. Баламның аузы-басынан қан кетті, қатты қорқып қалған. Ортаншы ұлымда құлап қала жаздап, аяғы ілініп аман қалған. Фото мен видео айғақтар бар. Сол жерде жедел-жәрдем мен полицияны шақырдық. Облыстық ауруханаға бардық. Ұлым басынан жарақат алды, тексеріліп жатырмыз. Кінәлілерді жазалауды сұраймыз. Балалар ойнайтын алаңның қауіпсіздігі сақталға тиіс», – деп жазды баланың анасы.

    Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шәкенова жағдайды жеке қарауына алғанын хабарлады.

    «Мен баланың анасымен байланыстамын. Қазір олар облыстық балалар ауруханасына жатты, дәрігерлердің бақылауында», – деп пікір білдірді уәкіл.

    Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала жазылған соң, сот-медициналық сараптама тағайындалады, оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады. Сондай-ақ, тексеру аясында жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

  • Дубай шоколадын сатқан алаяқ сотталды

    Дубай шоколадын сатқан алаяқ сотталды

    Астанада Дубай шоколадын сатқан алаяқ сотталды, деп хабарлайды қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

    Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасады (ҚК190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы) деп айыпталған астаналыққа қатысты істі қарады.

    Астаналық алаяқ дубай шоколадын сатамын деп тұрғындарды алдап, бірнеше рет олардың ақшасын иемденіп алған. Жалпы 10 адамның 301 020 теңгесін жымқырған. Алаяқтың кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, банктік аударымдармен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

    Прокурор 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

    Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағының санкциясы мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуді не айыруды көздейді. Жасаған ісіне өкіну және зиянды өтеуі жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

    Сот үкімімен астаналық алаяқ Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • Қазақстан елшіліктері шетелдіктерге ЖСН беруді тоқтатады

    Қазақстан елшіліктері шетелдіктерге ЖСН беруді тоқтатады

    «Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы шетелдік азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру» пилоттық жобаның қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдік азаматтарға ЖСН беру уақытша тоқтатылды», – делінген елшілік сайтында.

    ЖСН-ға қатысты қосымша ақпарат сайтта жарияланады.

    ЖСН Қазақстандағы кез келген цифрлық мемлекеттік қызметті алу үшін, соның ішінде банк шотын ашу үшін қажет.

  • Жамбыл облысында 98 тұлға бас бостандығынан айырылды

    Жамбыл облысында 98 тұлға бас бостандығынан айырылды

    Жамбыл облысының прокуратурасы «Сотталғандардың өңірдегі криминализацияға әсерін төмендету» жобасын іске асыру барысында облыс бойынша ҚАЖД-нің пробация қызметімен пробациялық бақылау жүргізу кезінде бірқатар бұзушылықтарды анықтады.

    Пробация қызметтері мен ішкі істер органдары арасында жеткіліксіз өзара әрекеттестік, сондай-ақ,  заңбұзушылардың жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы сотқа уақытылы ұсыныстарды жолдамау фактілері анықталды.

    Сот үкімдерімен белгіленген шектеулердің орындалуын талдау нәтижесінде есепте тұрған тұлғалармен қатысты қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалғаны, бақылаудағы аумақтан шығу жағдайлары анықталды.

    Қадағалау актісі бойынша пробация қызметі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы 45 ұсыныс жолданды, олардың 15-і сотпен қанағаттандырылды, қалғандары қаралу сатысында.

    Жалпы биылдың өзінде белгіленген сот шектеулерін бұзғаны үшін 98 азамат бас бостандығынан айырылды.

    Бұл шаралар қайталама қылмыстардың төмендеуіне және криминогендік жағдайдың жақсаруына ықпал етті.