Рубрика: Спорт

  • Футзалдан Бразилия құрамасы әлем чемпионатының финалына шықты

    Футзалдан Бразилия құрамасы әлем чемпионатының финалына шықты

    Жартылай финалдық ойынның бірінші күнінде Украина мен Бразилия құрамалары шеберлік байқасты. Жанкүйерлердің басым бөлігі бұған дейін бес дүркін әлем чемпионы болған бразилиялық футзалшылар қарсыласын оңай жеңеді деп болжаған еді. Дегенмен кездесу барысында Украина құрамасы оларға лайықты тойтарыс бере білді.

    Ойын басынан қос құрама бірден шабуылға көңіл бөлді. Нәтижесінде украиналық Игорь Чернявский 18-минутта мергендік танытып, өз құрамасын алға шығарды. Бразилиялық футзалшылар одан кейін таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

    Екінші кезеңде бразилиялықтар жылдам екі гол соғып кетті. Алдымен украиналық Ростислав Семенченко 21-минутта автогол авторы атанса, 22-минутта Диего мергендігімен көзге түсті. Ал, украиналық Игорь Корсун 29-минутта есепті теңестірді. Алайда бразилиялық футзалшы Диего пенальти тебуге мүмкіндік алып, командасының жеңісті голын соқты. Осылайша қарсыласынан 3:2 есебімен басым түскен Бразилия финалға жолдама алды.

    Енді 3 қазанда екінші жартылай финалдық кездесуде Франция мен Аргентина кім мықтыны анықтайды. Финал мен 3-орын үшін ойын 6 қазанға белгіленген.

  • Қазақстандық шахматшылар әлемдік рейтингті жаңартты

    Қазақстандық шахматшылар әлемдік рейтингті жаңартты

    Шахматтан Қазақстан құрамасының мүшелері жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингінің топ-20-лығында бірден бес орынды иеленді, деп хабарлады 1bol.kz.

     Жасөспірімдер арасында үздік жиырмалыққа Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және Лия Құрманғалиева енген.

    Алғашқы жиырмалыққа Үндістанның төрт өкілі мен екі қытайлық шахматшы ілікті. Одан бөлек ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева әйелдер арасында әлемдік рейтингіде 16-орынға тұрақтады.

    Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер құрамасы Будапеште өткен шахмат Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Құрама намысын Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және Әмина Қайырбекова қорғады.

  • Астанаға отыз бір елден мәнерлеп сырғанаушылар жиналады

    Астанаға отыз бір елден мәнерлеп сырғанаушылар жиналады

    3-5 қазан аралығында «Барыс Арена» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан «Denis Ten Memorial Challenge 2024» V Халықаралық турнирі өтеді.

    Турнирге 31 елден 120-ға жуық спортшы қатысады, олардың арасында Диас Жиренбаев (Қазақстан), Даниэль Грассль (Италия), Анастасия Губанова (Грузия), Старр Эндрюс (АҚШ), Алекса Ракич (Канада), Йе Куан және Ханна Лим (Оңтүстік Корея) және басқалары бар.

    Жарыс ересектер мен жасөспірімдер арасында екі санатта өтеді – жеке конькимен сырғанау және мұз биі.

    3 және 4 қазан күндері сағат 11.00-ден 20.00-ге дейін көрерменге кіру тегін. 5 қазан күні сағат 19.30-да марапаттау рәсімі мен гала-шоу өтеді. Гала-шоуға кіру билеттер бойынша жүргізіледі.

    Жарыстың кестесі ұйымдастырушының, яғни «Денис Тен қоры» қоғамдық қорының @denistenfoundation ресми парақшасында жарияланады.

  • Назым Қызайбай Олимпиададан кейін сыйға алған көліктерін сатып жатыр

    Назым Қызайбай Олимпиададан кейін сыйға алған көліктерін сатып жатыр

    Бокстан 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай өзіне сыйға тартылған көліктердің екеуін сатуды жоспарлап отырғанын айтты.

    Айта кетсек, Париждегі жеңісінен кейін демеушілер спортшыға 3 көлік сыйлаған болатын. Назым Zeekr мен Mini Cooper көліктерін сататынын жеткізді.

    Айтуынша, ол қаржылық қажеттіліктеріне байланысты осындай шешім қабылдаған. Сонымен қатар, 3 көлікті бірден қолдануға мүмкіндігі жоқ екенін де атап өтті.

    (далее…)

  • Теннисші Соня Жиенбаева чемпион атанды

    Теннисші Соня Жиенбаева чемпион атанды

    18 жастағы қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева өз спорттық мансабында ITF World Tennis Tour санатындағы екінші атағын жеңіп алды.

    Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Жиенбаева (781 WTA) әйелдер арасындағы кәсіби турды бағындырып келеді. Қазақстандық Мадридте өткен ITF World Tennis Tour W 15 турнирінің чемпионы атанды. Финалда Соня британдық Алиса Джиллианды (668 WTA) 6:1, 5:7, 6:1 есебімен ұтты.

    «Қадірлі жеңіске жету жолында Соня турнирдің бірінші, үшінші және бесінші ракеткаларын жеңді», – деді ҚТФ.

    Бұл Жиенбаеваның ересек әйелдер турындағы мансабындағы екінші жалғыз жүлдесі. Бұған дейін қазақстандық қыз Анталияда өткен турнирде жеңімпаз атанған болатын. Дүйсенбі күні қазақстандық спортшы WTA-ның жаңартылған рейтингінде рекордтық 753-орынға көтеріледі.

  • Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды

    Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды

    Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті.

    Бас ассамблеяның күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі – жаңа бас хатшыны сайлау. Геннадий Головкин Әлімжан Ақаевтың кандидатурасын ұсынып, ұсынысты қатысушылар бірауыздан бекітті.

    Әлімжан Ақаев 2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан ҰОК президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған.

  • Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Ұлттық құрама 1/8 финалда Португалияны 1:2 есебімен жеңіп, әлемдік доданың ширек финалына жолдама алды.Тартысқа толы кездесудің 11-минутында-ақ Шыңғыс Есенаманов қарсыластардың қақпасына гол салды. Кейін португалиялықтар есепті теңестіргенімен, Дәурен Тұрсағұлов ұлттық құраманы қайта алға шығарды. Есеп 1:2. Бұған дейін Қазақстан осы жарыстың топтық кезеңінде Испания, Ливия, Жаңа Зеландия құрамаларымен кездескен еді. Енді ширек финалда Аргентина — Хорватия командалары арасындағы ойын жеңімпазымен бақ сынасады.

  • Геннадий Головкин тағы бір жоғары лауазымға тағайындалды

    Геннадий Головкин тағы бір жоғары лауазымға тағайындалды

    Жұмыс барысында Қазақстан ҰОК басшысы World Boxing қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты халықаралық спорттық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге көңіл бөледі. Сонымен қатар, оның комиссия басшысы ретіндегі басты міндеттерінің бірі – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалдырып, World Boxing ұйымын ХОК мойындауы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнату болмақ.

    «Жеке өзім үшін, Қазақстан үшін және барша спорт әлемі үшін боксты олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтап қалу маңызды және бұл менің жұмысымдағы ең басты басымдық болмақ.

    Сондай-ақ, бокс олимпиадалық құндылықтарға сай, әділ әрі ашық болуы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнатуды көздеп отырмын.

    Менің кәсіби спортшы ретінде жиған тәжірибем World Boxing жұмысын бір жүйеге келтіреріне сенемін және күшімізді біріктіре отырып, бокстың дамуына жаңа серпін бере аламыз. Бірақ алда біз атқаратын жұмыс көп», – деп атап өтті Геннадий Головкин.

  • Демеу Жадыраев спорттық мансабын жалғастыра ма?

    Демеу Жадыраев спорттық мансабын жалғастыра ма?

    Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев спорттық мансабы туралы әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты, деп хабарлайды Olympic.kz порталы.

    Балуан бар уақытын отбасына арнап жүргенін мәлімдеді.  «Қазіргі бар уақытым отбасыма арналуда. Жаттығу, жарыс деп, жанұямнан үнемі жырақта жүрдім. Үйге келіп, қайтадан жаттығуға жиналатынмын. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, жақындарыма уақыт арнаудамын. Келесі Олимпиада туралы әлі ойланғаным жоқ. Спорттық мансабыма қатысты шешім қабылдамадым», – деді Демеу Жадыраев.

  • Жанқош Тұраровтың жекпе-жегі өтпейтін болды

    Жанқош Тұраровтың жекпе-жегі өтпейтін болды

    Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров  (28-0, 28 КО) 28 қыркүйек күні шаршы алаңға шықпайтын болды. 

    «28 қыркүйекке жоспарланған жекпе-жегім оң иығымнан жаттығу барысында жарақат алуыма байланысты кейінге қалдырылды, қай уақытта болатынын алдағы уақытта хабарлайтын боламын», — деп жазды боксшы.

    Жанқош Алматыда екі бірдей чемпиондық атағын қорғау үшін 28 қыркүйекте шаршы алаңға шығады деп күтілген еді. Қарсыласы бұрын-соңды жеңіліп көрмеген венесуэлалық Хесус Корреа Пинто (16-0, 16 КО) болатын.