Рубрика: Спорт

  • Ольга Рыпакова – Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті

    Ольга Рыпакова – Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті

    Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының 2024 жылды қорытындылау жиыны өтті.

    Іс-шараға жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов, облыстық федерацияның басшылары, спортшылар мен федерация өкілдері қатысты.

    Жиында Даниал Ахметов федерацияның атқарған жұмысы туралы есеп беріп, спорттағы бірқатар маңызды жетістіктерін атап өтті. Оның ішінде, халықаралық жарыстарда қазақстандық атлеттер көрсеткен жоғары нәтижелер мен жеңістер, сондай-ақ жеңіл атлетиканың дамуына бағытталған жаңа бастамалар айтылды.

    Отырыста Даниал Ахметов өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, федерация президенттігіне даңқты жеңіл атлет, Рио Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар, соның ішінде облыс федерацияларының басшылығы мен спорт қауымдастығы О.Рыпакованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

    Министр Ербол Мырзабосынов жеңіл атлетика федерациясын бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметовке жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, президенттікке тағайындалған Ольга Рыпакованың қызметіне сәттілік тіледі.

    «Жеңіл атлетика – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда 360 мыңнан астам отандасымыз дәл осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Сондықтан біз бұл спортты жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық аренада танымалдылығын арттыруымыз қажет. Бүгінгі жиында федерацияның жұмысына қатысты маңызды өзгерістер болып жатыр. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетіп жатыр. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

    Жиын соңында министр Ольга Рыпаковаға еліміздегі жеңіл атлетика спортының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын арттыру, спортшылардың дайындығына және резервті даярлауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

  • Елімізде жаңадан 12 футбол стадионы салынбақ

    Елімізде жаңадан 12 футбол стадионы салынбақ

    Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.  «Министрлік республика бойынша барлық спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, елімізде спорттың ойын түрлеріне арналған (футбол, волейбол, стритбол, воркаут) 6 100 жазықтық алаң бар, оның ішінде 1 200-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан.

    Ауылдық балалар мен жасөспірімдердің жыл бойы футболмен, мини футболмен және спорттық ойындармен шұғылдануы үшін 358 спорттық кешен қолданылады.  Елімізде 1 500-ден 30 000 орындық тиісті санаттағы 28 негізгі стадион бар, сондай-ақ Қызылорда қаласында 10 мың орындық трибуналары бар бір стадион салынып жатыр. Одан басқа елімізде 12 стадион құрылысы жоспарлануда. Осылайша, барлық стадиондарды УЕФА-ның халықаралық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілетін болады», – деді Үкімет басшысы жауабында.

    Сонымен қатар Премьер-министр Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мамандарымен бірге 2034 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту стратегиясын бекіткенін атап өтеді.

    – Стратегияда жалпы Қазақстанда кәсіпқой және әуесқой футболды кешенді дамытудың, футболшыларды даярлау жүйесін құрудың ерекшеліктері, футбол бизнесі индустриясын құру, халықаралық аренадағы спорттық нәтижелерді жақсарту бағытында кәсіпқой футболды трансформациялау қарастырылған, – деді Олжас Бектенов.

  • Наталья Богданова Азия чемпионы атанды

    Наталья Богданова Азия чемпионы атанды

    Ұлттық құрама мүшесі Наталья Богданова финалда шаршы алаң иесін жеңді. Осылайша, бокстан 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз ел қоржынына үшінші алтынды салып отыр. Ақтық айқаста ол тай боксшысы Байсон Маниконға мықтылығын мойындатты.

    Айта кетейік, Қазақстан құрамасында қазір 3 алтын, 6 қола медаль бар.

  • «Барыс» СКА командасынан жеңіліп қалды

    Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізеді. Қазақстандық команда қатарынан жеті ойында жеңіліп қалды.  Жарыстың плей-офф сатысына шығу үшін елордалық клуб әрбір кездесуде жеңіске жетуге күш салуы тиіс.

    Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Екеуінің де алғашқы болып есеп ашуына мүмкіндік бар еді. Десе де сәттілік ресейлік клубқа серік болды. Осылайша, елордалық клуб қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.

    Екі команда бұған дейін 31 мәрте кездескен. Оның 7-еуі елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен.

    Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі үш ойынын қатарынан сырт айдында өткізеді. Алдымен 17 желтоқсанда Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасымен кездессе, одан кейін 19 желтоқсанда қытайлық «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің), 21 желтоқсанда «Трактор» (Челябі) клубтарымен шеберлік байқасады.

  • Самат Смақов қазақстандық клубқа бас бапкер болуы мүмкін

    Самат Смақов қазақстандық клубқа бас бапкер болуы мүмкін

    Жуырда Смақовтың Жетісу облысының әкімімен кездескені белгілі болды, деп жазады KazFootball.kz.

    45 жастағы қазақстандық маман Талдықорған қаласына арнайы аялдап, Жетісу облысының әкімімен жолыққан. Бейресми дерек бойынша, кездесу барысында оны команданың бас бапкері ретінде бекіткен. Осылайша, Смақов Талдықорғанның «Жетісу» клубының бас бапкері болып тағайындалуға жақын.

    Бұған дейін Самат Смақов «Астана» клубының техникалық директоры болды. Былтыр Семейдің «Елімай» клубын премьер-лигаға шығарғаны футболсүйер қауымға таныс.

    Ойыншы ретінде қазақстандық маман «Елімай», «Ертіс», «Жеңіс», «Қайрат», «Ақтөбе», «Ордабасы» секілді қазақстандық клубтармен қатар, «Ростсельмаш» (Ресей), «Ризеспор» (Түркия) сияқты шетелдік клубтарда доп теуіп, өзін жақсы қырынан көрсетті. Сонымен қатар, С.Смақов – Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең көп ойын өткізген рекордшы.

  • Қазақстандық жас боксшы Тимур Баситов Таиландта жеңіске жетті

    Қазақстандық жас боксшы Тимур Баситов Таиландта жеңіске жетті

    20 жастағы қазақстандық боксшы Тимур Баситов Таиландта өткен жекпе-жекте бұрынғы WBC Silver чемпионын жеңіп, жанкүйерлерін бір қуантып тастады.

    Тәжірибелі қарсылас 14 жекпе-жекте 11 нокаутпен ерекшеленген. Алайда жас спортшы еш мойымай, қарсыласын 6-шы раундта төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіп шықты.

    Тимурдың бұл жеңісі оның халықаралық аренадағы спорттық мәнсабын үлкен жетістіктерге бастайды. Жас боксшы алдағы уақытта Қазақстанның намысын қорғап, жаңа белестерді бағындыруға уәде берді.

  • Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

    Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

    Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндеттерін орындауға атақты боксшы, Олимпиада чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев кірісті.

    Туризм және спорт министрі Ербола Мырзабосынов комиссия отырысына төрағалық етті. Комиссия отырысында екі облыстың басқарма басшылығына ұсынылған азаматтардың кандидатурасы талқыланды.

    Соған сәйкес Сәпиев Қарағандыда спорт саласын басқаратын болды. Ал Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев Павлодар облысы басқармасына жетекшілік етеді.

    «Президент спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді», – дей келе, Мырзабосынов министрлік жанындағы комиссия басқарма басшыларын тағайындауға ықпал ететінін мәлімдеді.

    Халықаралық спорт шебері, «Парасат» орденінің кавалері Серік Сәпиев 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойынында жеңімпаз болды. Сол жылы Баркер кубогын иеленді. Әуесқой бокстан бірнеше мәрте олимпиада чемпионы атанды.

    2017-2019 жылдары «Нұр отан» партиясы атынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. 2019-2021 жылдары Спорт комитетін басқарды. Кейін комитет басшылығынан өз еркімен кететінін мәлімдеді.

  • Азияда жаңа бокс конфедерациясы құрылады

    Азияда жаңа бокс конфедерациясы құрылады

    World Boxing Азия аумағында бокстың дамуы мен насихатталуын бақылау үшін жаңа Азия бокс конфедерациясының құрылғанын ресми түрде жариялады, деп мәлімдеді Olympic.kz

    Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) Азия бокс конфедерациясының (ASBC) тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне байланысты президенттік қызметінен кеткен Пичай Чунхавадзира өз мәлімдемесінде жаңа ұйымның құрылуына және оның алдағы жұмысына толық қолдау көрсететінін айтты.

    World Boxing басшысы Борис ван дер Ворст қабылданған шешімді тарихи сәт екенін атап өтті:

    Азияда бокстың мүмкіндіктерін кеңейту жолында осындай қадам жасағанымызға қуаныштымыз. Жаңа Азия бокс конфедерациясы ілгері дамып, бокс деңгейін жаңа белестерге көтеретініне сенімдіміз.

    Конфедерацияның құрылуы World Boxing қауымдастығынан айқын қолдау тапты. World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Азия боксының әлемдік аренадағы маңызын ерекше атап өтті:

    «Мұндай жаңашыл құрылымды құруға қатысу – үлкен мәртебе. Бүгінде Азия боксы әлемдік аренада ерекше рөл атқарады. Жаңа конфедерация біздің аймақтың алатын орнын одан әрі бекітіп және осы спорт түрінің дамуына жаңа серпін береді».

    Жаңа Азия конфедерациясының құрылуы құрлық боксының дамуына жол ашады. Ұйым тәуелсіздік, әділдік және спортшыларды қолдау қағидаттарын басшылыққа алып, мүдделі тараптарды ортақ мақсатқа біріктіреді.

  • Шавкат Рахмонов UFC-дегі жекпе-жегі алдында мәлімдеме жасады

    Шавкат Рахмонов UFC-дегі жекпе-жегі алдында мәлімдеме жасады

    Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (18-0) ирландиялық спортшы Иэн Гэрримен (15-0) UFC 310 турнирінде өтетін жекпе-жегі алдында мәлімдеме жасады.

    Бұл туралы қазақстандық спортшы Instagram-дағы ресми парақшасында жазды.

    Шавкат келесі жеңіске бет алды, — деп жазып, жаттығу барысынан бірнеше суретін жариялады.

    Сондай-ақ DAR PRO TEAM командасының Instagram желісіндегі ресми парақшасында қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов пен Иэн Мачадо Гэрридің бір жаттығу залында дайындалып жатқан видеосы жарияланған болатын.

    Айта кетейік, Шавкат Рахмонов 7 желтоқсанда Лас-Вегаста UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Мачадо Гэрримен жекпе-жек өткізеді.

    Шавкат Рахмонов – Иэн Гарри жекпе-жегінің жеңімпазы UFC чемпионы Белал Мухаммадтың келесі қарсыласы болады. Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда өткізіп, америкалық спортшы Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын.

    Шавкат MMA-да 18 рет, UFC-де 6 рет жеңіске жеткен. Ал 27 жастағы Иэн Гэрри өз мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Ол соңғы рет 29 маусымда Майкл Пейджді төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңді.

  • Қазақстан құрамасы Норвегиядан ойсыра жеңілді

    Қазақстан құрамасы Норвегиядан ойсыра жеңілді

    Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының В дивизионындағы алтыншы ойынын Аустрияға қарсы өткізді.

    Ойын басынан норвегиялық футболшылар тізгінді қолына алуға тырысты. Әлемдік футболда жұлдызы жарқыраған Эрлинг Холандтың командасы Алматыда өткен ойындағы олқылықтың орнын толтыруға тырысты. Өзінің айып алаңында қателікке жиі бой алдырған қазақстандық футболшылар оған тосқауыл қоюға мүмкіндігі болған жоқ.

    Нәтижесінде Холанд 23, 37, 71-минутта үш гол соғып, хет-трик жасады. Сондай-ақ норвегиялық тағы бір шабуылшы Александр Сёрлот 41, Антонио Нуса 77-минутта мергендік танытты.

    Бұл ойында ел құрамасы қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді. Салдарынан алты ойында қазақстандық футболшылар бірде-бір соға алған жоқ.