Астанада жеке балабақша қызметкерінің балаларға күш қолданғаны түсірілген видеоға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция әйелдің жеке басын анықтап, оны полиция басқармасына жеткізді.
Бұл туралы Halyqstan Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Әлеуметтік желіде тараған видеода балабақша қызметкерінің балаларға күш қолданып жатқаны көрінеді.
Жазба Threads желісінде жарияланып, қоғамда қызу талқыланды.
Алғашында Астана қаласының білім басқармасы оқиғаның шамамен бір жыл бұрын болғанын растады. Алайда қызметкерге сол кезде қандай шара қолданылғанын нақтыламады.
Кейін полиция оқиғаға қатысты қосымша мәлімет берді.
Белгілі болғандай, әйел түзету бағытындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген.
«Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бейнежазбаның 2025 жылдың қазан айында түсірілгені анықталды», — деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшылары әйелдің жеке басын анықтап, оны полиция басқармасына жеткізген.
Сондай-ақ оқиғадан зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталған.
Қазір тергеушілер болған жағдайдың барлық мән-жайын тексеріп жатыр.
Әйелдің әлі де балалармен жұмыс істейтіні немесе істемейтіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ бейнежазбаның неліктен бір жылдан кейін жарияланғаны хабарланған жоқ.




