Көкшетау қалалық соты Қопа көлінің жағалауын салу жобасын іске асыру кезінде бюджет қаражатын жымқыруға қатысы бар үш тұлғаға қатысты үкім кесті.
Сотталғандардың қатарында қалалық әкімдіктің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау өкілі және мердігер ұйымның жетекшісі бар.
Ақмола облысының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу барысында 2020 жылы айыпталушылардың 170 млн теңгеден астам қаражатты жымқырып, кейіннен оны заңдастырғаны анықталды. Сот сотталушыларды аса ірі көлемдегі алаяқтық, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот шешімімен оларға сәйкесінше 5 жыл 8 ай, 6 жыл 8 ай және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ.









