Қазақстанның тағы 10 өңірінде жыл соңына дейін жаңа цифрлық форматтағы халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.
Kazinform мәліметінше, бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Жаңа ХҚКО цифрлық кеңсе форматында жұмыс істейді. Келушілер мемлекеттік қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған арнайы терминалдар арқылы өз бетінше ала алады. Қажет болған жағдайда консультанттар көмек көрсетеді.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазір еліміздің төрт өңірінде осындай бес цифрлық кеңсе жұмыс істеп тұр.
Тағы 10 өңірде қаржыландыру мәселесі шешілген. Енді жергілікті билік ғимараттарды дайындап, цифрлық кеңселерді жыл соңына дейін ашуға тиіс.
Жаңа форматтағы ХҚКО Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында ашылады.
Тағы алты өңірде қаржыландыру мәселесін шешу қажет. Олардың қатарында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстары бар. Бұл өңірлерге жұмысты жеделдетіп, цифрлық кеңселердің нақты ашылу мерзімін белгілеу тапсырылды.
Сонымен қатар eGov GPT мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Қазір цифрлық көмекші арқылы 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін олардың санын 150-ге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қызметтер жалпы сұраныстың шамамен 80 пайызын қамтиды.
2028 жылға қарай жасанды интеллект қолданылатын мемлекеттік қызметтердің үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.




