Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген 251 миллион теңгені жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, мемлекеттік субсидия жалған құжаттар арқылы алынған. Қаржының бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Субсидия қалай алынған?
Тергеу мәліметінше, күдікті өз бақылауындағы «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін пайдаланған.
Осы компаниялар арқылы Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін инвестициялық субсидия алуға өтінім берілген.
Алайда ҚМА мәліметінше, шығындарды растайтын құжаттар жалған болған.
Уәкілетті органға жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыстардың актілері ұсынылған.
Соның негізінде екі компанияның есепшотына жалпы сомасы 251 миллион теңге мемлекеттік субсидия аударылған.
Қаржының бір бөлігіне үй сатып алынған
Тергеу барысында алынған ақшаның кейін қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталған.
ҚМА мәліметінше, қаражаттың бір бөлігі тұрғын үй сатып алуға жұмсалған.
Сот санкциясымен аталған жылжымайтын мүлікке тыйым салынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.




