2026 жылдың басынан бері Қазақстан полициясы 22 қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. ІІМ мәліметінше, олардың мүшелері заңсыз әрекеттерін ақтау үшін діни-экстремистік идеяларды пайдаланған.
Осы істер аясында барлығы 64 адам ұсталды.
ІІМ дерегінше, топ мүшелері бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі сату сияқты қылмыстарға қатысы болуы мүмкін.
Кейбір жағдайларда олардан атыс қаруы да табылған.
Мұндай топтар елдің бірнеше өңірінде, соның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында анықталған.
Жыл басынан бері ішкі істер органдары діни экстремистік идеяны ұстанушылармен байланыстырылған пайдакүнемдік және күш қолдану сипатындағы 155 қылмысты ашқан.
Алматыда төрт адам 7,5 млн теңгеге қатысты іс бойынша сотталды
Осындай істердің бірі Алматыда қаралған.
Полиция мәліметінше, радикалды діни көзқарасты ұстанған төрт адам қала тұрғынының 7,5 млн теңгесін иемденген.
Сот оларды кінәлі деп танып, бес жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Петропавлда әйел алаяқтықтың төрт эпизоды бойынша сотталған.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2 млн теңгеден асқан.
Оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Павлодарда тағы бір жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизоды бойынша кінәлі деп танылды.
Келтірілген шығын көлемі 8 млн теңгеден асқан. Сот оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Қару, граната және есірткі тәркіленді
Әртүрлі жедел шаралар барысында полиция заңсыз айналымнан 114 атыс қаруын және үш суық қаруды тәркіледі.
Сонымен қатар жеті граната мен 1 600-ден астам оқ-дәрі алынған.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 32 келіден асты.
ІІМ жариялаған мәліметте бұл заттардың барлығы дәл 22 топқа қатысты істерден алынды ма, әлде діни экстремизм идеяларын ұстанушыларға қатысты кең ауқымды операциялардың жалпы нәтижесі ме — ол жағы нақтыланбаған.
Радикалды насихат үшін сотталғандар бар
ІІМ интернет арқылы экстремистік және террористік идеология таратуға қатысты істер туралы да мәлімет берді.
Ақтөбеде ер адам әлеуметтік желіде діни алауыздық тудырғаны үшін үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылған.
Полицияның мәліметінше, ол өзге дін өкілдерін қорлайтын мазмұндағы жарияланымдар таратқан.
Ақтөбедегі тағы бір іс бойынша тергеу радикалды көзқараста болған және күш қолдануға бағытталған әрекеттерді жоспарлаған деп санаған жас жігіт терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға сотталған.
Түркістан облысында тағы бір ер адамға жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот оны халықаралық террористік ұйым «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеяларын интернетте таратқаны үшін кінәлі деп таныды.
ІІМ діни экстремизм идеясын қылмыстық әрекетке пайдаланатын тұлғаларды, сондай-ақ терроризмді насихаттау мен діни өшпенділікті қоздыру фактілерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатқанын хабарлады.
Сонымен бірге адамның қандай да бір дінді ұстануын экстремизммен теңестіруге болмайды. Бұл материалда сөз нақты қылмыстық әрекеттер мен сот немесе тергеу құқықтық баға берген жекелеген істер туралы болып отыр.




