Метка: Басты оқиғалар

  • Қазақстанда қанша әйел бар?

    Қазақстанда қанша әйел бар?

    Қазақстанда кейінгі 10 жылда әйелдер саны 15,2%-ға өсті. Әйелдердің 64,4%-ы қалаларда, 35,6%-ы ауылдық жерлерде тұрады, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

    Қазақстандағы әйелдер саны – 10 381 377 адам, бұл еліміздегі жалпы халық санының – 51,1%-ы.

    Әйелдер саны бойынша өңірлер арасында Алматы алда келеді – 1,2 млн әйел. Екінші орында Түркістан облысы – 1 млн әйел, ал үшінші орында – Астана – 803 мың әйел.

    Кейінгі он жылда әйелдер санының ең жоғары өсімі Астанада байқалған – 82,1%. Алматыда қыз-келіншектер саны 37,5%-ға, Маңғыстау облысында 32,5%-ға өскен.

    Жас құрамы бойынша әйелдердің 3,3 млн 18 жасқа дейінгі жаста, 18-60 жас аралығындағылардың саны 5,3 млн және 60 жастан асқан әйелдер саны 1,7 млн. Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы – 34,1.

    Бүгінгі таңда 4,4 млн әйел әртүрлі салаларда жұмыс істейді, олардың басым бөлігі білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында еңбектенеді.

     

  • Ерлік жасаған Мұса Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

    Ерлік жасаған Мұса Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында адамды кепілге алу жағдайы жөнінде хабардар екенін оның баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім еткен еді.

    «Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды», — деп жазды ол.

    Сонымен, әуежайда қаскөй кепілдікке алған қызметкерді құтқарып қалған 52 жастағы Мұса Әбдірайымов марапатталды.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мұса Сайранбайұлы Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

  • Шымкентте 5-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады

    Шымкентте 5-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады

    Мектеп басшылығының мәліметінше, оқиға баланың өз үйінде болған. Мұндай әрекетке баруына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін.

    Otyrar.kz-тің хабарлауынша, марқұм қаладағы №9 IT лицейінде білім алған. Оқиғаны полиция растады, қазір қылмыстық іс қозғалған.

    «Кәмелет жасқа толмаған баланың өлімі жайты бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», – деді Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі

  • Әуежайда ерлік жасаған азамат «Жігіттер» квартеті продюсерінің інісі болып шықты

    Әуежайда ерлік жасаған азамат «Жігіттер» квартеті продюсерінің інісі болып шықты

    Әуежайда қаскөйдің қолынан пышақты жұлып алған адам әнші, «Жігіттер» квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымовтің інісі және квартет мүшесі Бағлан Әбдірайымовтың ағасы болып шықты.

    Бұл туралы Ерғали Әбдірайымов пен Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желіге жазба қалдырды.

    «Ата-анадан туған 7 бала, 1 қыз едік.
    Ішіміздегі кенжеміз — Абдраймов Мұса Сайранбайұлы 1973 жылы Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында дүниеге келген.

    Бүгін мені «Жігіттер» тобымен Қостанай қаласына 09.25 те концерттік шараға әуежайдан шығарып салып, ұшақтан түссек әлеуметтік желі қайнап, көптеген қоңырау түсіп, «Мұса сіздің ініңіз емес пе?» деп жатыр. Ішімнен не бүлдіріп қойды екен деп қобалжыдым. Сөйтсем нағыз ер мінезді жігіттің ісін жасап, елдің құрметіне ілініп жатыр екен.

    Ол кәсіби спортпен шұғылданған. Қазіргі таңда 5 баласы бар ардақты әке. Бүгінгі ерлігі «еркекпін» деп жүрген біраз жігіттердің қолынан келмейді. Ешкім батыр боламын, қахарман боламын деп жоспармен жүрмесі анық. Дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, өзіңнің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, басыңды кепілдікке тігу үлкен ерлік пен имандылықтың белгісі.
    Мемлекеттік марапатқа да ұсынып үлгеріпті. Кез келген марапатқа лайықсың!», — деп жазды.

    Айта кетейік, Алматыда ер адам әуежай қызметкеріне пышақпен тап берген. Телеграмда ер адам әуежай қызметкерінің шашынан ұстап алып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқан видеосы тарады. Ер адамның қолында пышақ болған.

    Артынша белгісіз ер адам қаскөйге қызды жіберіп, кепіл ретінде өзін ұсынып, қасына келген.

    Желіде тараған видеоларда ер адам алдымен қаскөймен сөйлесіп тұрып, артынша қолындағы пышағын жұлып алады.

  • Әуежайда кепілге алынған қыздың орнына өзін ұсынған ер адам кім?

    Әуежайда кепілге алынған қыздың орнына өзін ұсынған ер адам кім?

    Алматы әуежайында қарулы адамды залалсыздандырған ер адамның кім екені белгілі болды. 

    Кепілге алынған қыздың орнына өзін ұсынған – 1973 жылы туған Мұса Әбдірайым есімді азамат.

    Ашуға мінген ер адам тексеру қызметкерінің шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан. Куәгерлер абдырап қалған сәтте, 52 жастағы Мұса Әбдірайым жағдайды өз қолына алды. Бұрын спортпен айналысқан ол тай боксы және жекпе-жектің басқа түрлерін меңгерген екен.

    «Мен жай ғана танысымды шығарып салып тұрдым. Қызға шабуыл жасағанын көрдім. Өзім үшін емес, тек қыз үшін қорықтым», – деді ол.

    Әбдірайым бірден өзін кепілге алуды ұсынып, артынша шабуылдаушыға қарсы шығып, оның қолындағы пышақты тартып алып, жерге құлатқан. Шабуылдан қорқып қалған қыз өзін құтқарып қалған азаматқа   алғыс айтты.

    «Полицейлер де қоңырау шалып, алғыстарын білдіріп жатыр. Телефоным тынымсыз шырылдап жатыр», – дейді ол.

    Әбдірайым мұндай жағдайға бірінші рет тап болғанын айтып, барлығының аман қалғанына қуанышты екенін жеткізді.

  • Қазақстанда 18-ге толған жастардың шотына 8 млн доллар түсті

    Қазақстанда 18-ге толған жастардың шотына 8 млн доллар түсті

    «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылған 2024 жылдың 1 ақпанынан бері 18 жасқа толған жастардың шотына 8 миллионнан аса доллар аударылған, деп хабарлайды БЖЗҚ баспасөз қызметі.

    Жалпы, Қазақстан бойынша ұлттық қордан түскен қаражатын алу үшін 75 329 адамнан өтініш түскен екен.

    «Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 43 781 адамның шотына 4,65 млн доллар,  білім алу ақысын төлеу үшін 31 548 балаға  3,35 млн доллар аударылды», – деп хабарлайды БЖЗҚ.

     

  • Алматыда тағы 13 нысан сүрілді

    Алматыда тағы 13 нысан сүрілді

    Алматының Медеу ауданында 13 заңсыз дүңгіршек сүрілді, – деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

    2025 жылы 20-27 қаңтар аралығында 13 сауда нүктесінің иесіне нысандарды өз еркімен бұзу қажеттігі туралы хабарламалар жіберілді. Соның нәтижесінде олардың 9-ын өздері, ал қалған 4 нысан әкімдіктің араласуымен сүрілді.

    «6 күрделі құрылыс нысанына қатысты әрі қарайғы шараларды қабылдау үшін мемлекеттік органдарға өтініш жіберілді», – делінген хабарламада.

    4 ақпаннан бастап қала бойынша 300-ден астам СЕСН мен 222 ойын аппараты жойылды. 32 капиталды нысанға қатысты сотқа талап-арыз жолданғаны айтылды.

  • Алматы әуежайында ер адамның қарулы шабуылына қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Алматы әуежайында ер адамның қарулы шабуылына қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Ер адамның қауіпсіздік қызметкеріне асхана пышағымен шабуыл жасауына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

    «7 наурызда Алматы әуежайының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру аймағына жақындаған кезде тексеруші инспектордың шашынан ұстап алып, асхана пышағымен қорқытқан ер адамды ұстады. Полицейлер әуежайдың қауіпсіздік қызметі мен оны шығарып салушы азаматтың көмегімен құқық бұзушыны залалсыздандырып, полиция бөлмесіне алып кетті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.

    Тергеу барысында Алматы қаласының 67 жастағы тұрғыны анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

  • Ақтөбедегі көпбалалы ана 11 баласын дүниеге әкелді

    Ақтөбедегі көпбалалы ана 11 баласын дүниеге әкелді

    3 наурыз күні Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығында 42 жастағы жергілікті тұрғынсалмағы 3680 грамм, бойы 57 см болатын ұл баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды «Диапазон» басылымы.

    Орталық директоры Гүлшат Темірбаеваның айтуынша, бұл әйелдің барлық баласы осы перзентханада дүниеге келген. Қазір ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты, ал жаңа туған сәбиге әлі ат қойылмаған.

    Отбасында 17 жастағы үлкен баласы бар, ал 2023 жылы егіздер дүниеге келген.

    «Әдетте көпбалалы аналар бізге 5-ші немесе одан кейінгі балаларын босану үшін келеді, ал 11-ші бала – бірінші рет. Анасы мен балаларына зор денсаулық тілейміз», – деді Темірбаева.

    Дәрігерлердің айтуынша, Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығында жылына екі үшемдүниеге келеді. Биылғы алғашқы үшем 26 ақпанда туған. Жалпы, орталықта жылына шамамен 8 мың бала өмірге келеді.

  • «Жұмыс визасын жасап беремін» деген алаяқ ​92 миллион теңге иемденген

    «Жұмыс визасын жасап беремін» деген алаяқ ​92 миллион теңге иемденген

    Түркістан облысында алаяқ 2023-2024 жылдар аралығында 23 жәбірленушіні Оңтүстік Корея мемлекетіне еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс визасын жасап беремін деп алдау арқылы 92 020 000 теңге жымқырған, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасы.

    Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Өз кезегінде алаяқ 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ 23 жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.