Автор: Дана Альсеитова

  • «Балаң денсаулығымен жауап береді»: Шерзаттың әкесі жанжал қалай басталғанын айтты

    «Балаң денсаулығымен жауап береді»: Шерзаттың әкесі жанжал қалай басталғанын айтты

    Бүгінгі сот отырысында қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесі — Каржаубай Нұрымов 2024 жылдың 3-нен 4 қарашаға қараған түні не болғанын айтып берді.

    Оның айтуынша, жанжал болған дүкен көршісінің туысына тиесілі, шамамен екі ай бойы жұмыс істемеген. Онда кезекпен отбасы мүшелері тұрған: әпкесі, інісі, әйелі. Ал етті тек Нұрқанат сатқан, жазда оған Шерзат көмектескен. Дүкен нақты уақытпен жұмыс істемеген — кейде түнгі 11-ге дейін, кейде 2-ге дейін ашық болған.

    Кешкі тоғыз-он шамасында Нұрымов жұмыстан келіп, дүкенге кірген. Сол жерде Дархан Аскентаймен сөйлескен. Оның айтуынша, бастапқыда ешқандай жанжал болмаған. Кейін тағы үш ер адам келген, біреуі таныс болған. Дархан сыра сұраған. Нұрымов түнгі 11-ден кейін ішімдік сатуға тыйым салынғанын айтып, бас тартқан, бірақ Дархан қайта сұрап, аударым арқылы төлеген соң, беруге келіскен. Нұрымовтың сөзінше, Дархан мас болған — аузынан ішімдік иісі шығып тұрған, дөрекі сөйлеп, балағаттаған.

    Кейін дүкенге Шерзат кіріп, зарядкасын алмақ болған. Әкесі оған «Кеш болды» деп ескерту жасағанда, Шерзат досы Ахметті шығарып салатынын айтқан. Каржаубай рұқсат берген.

    Сол сәтте Дархан қайта келіп, сөйлесу басталған. Шерзат дөрекі сөз естіп, сыртқа еріп шыққан. Терезе арқылы әкесі айқай естіген. Сыртқа шыққанша, Шерзат Дарханды ұрып үлгерген. Әкесі араласып, ажыратқан. Ұлын ұрысып, Дарханға оны ағасы арқылы танитынын, ауруханаға апарып, ем ақысын немесе ішімдік алып беретінін айтқан. Бірақ Дархан ренжіп кетіп бара жатып:

    «Балаң денсаулығымен жауап береді», — деген.

  • Астанада тұтас бір ауданның электр қуатын тұтынған майнинг-ферма әшкереленді

    Астанада тұтас бір ауданның электр қуатын тұтынған майнинг-ферма әшкереленді

    Астанада қозғалтқыш жөндейтін орталық ретінде жасырып, криптовалюта өндірген жасырын майнинг-ферма ұйымдастырған үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

    2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамырына дейін олар заңсыз майнингпен айналысып, тұтас бір тұрғын ауданның бір айлық электр энергиясына тең көлемде қуат тұтынған. Нәтижесінде 143 миллион теңгеден астам сомада цифрлық актив алған.

    Тінту кезінде 1 257 ASIC-майнер, өндірістік желдеткіштер мен трансформаторлық қосалқы станция тәркіленді.

    Сот оларды Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі бойынша («Заңсыз кәсіпкерлік») кінәлі деп танып, айыппұл салды. Сонымен қатар мемлекет пайдасына жалпы құны 900 миллион теңгеден асатын екі автокөлік (Toyota Camry, Nissan Juke) пен барлық майнинг жабдығы тәркіленді.

    Мемлекет кірісіне 143,2 миллион теңге заңсыз табыс өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.

  • Атырау облысында полицейлер өртеніп жатқан үйден ер адамды құтқарды

    Атырау облысында полицейлер өртеніп жатқан үйден ер адамды құтқарды

    Құрманғазы ауданында полицейлер жеке үйден шыққан өртті байқап, дереу әрекет етті. Учаскелік инспекторлар Есмағамбет Миянов, Беркін Уахитов, Карима Ниязова және патрульдік полицей Бақытжан Зияш оқиға орнына жеткен.

    Үй ішінде ер адамның қалып қойғанын анықтаған олар терезені сындырып, ішке кіріп, тұншығып қалған азаматты сыртқа алып шықты.

  • Балаға кесірін тигізген видео үшін министрлік блогерлерге ескерту жасады

    Балаға кесірін тигізген видео үшін министрлік блогерлерге ескерту жасады

    Анасының рұқсатынсыз түсірілген тоғыз жастағы баланың видеосы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Daricorn есімді блогер Qatty Tatty дәмханасын жарнамалау үшін түсірген роликтен кейін балаға мектепте, секцияда және аулада мазақ көрсетілген. Баланың анасы видеодағы монтаж баланың сөзін бұрмалап көрсеткенін айтты. Оқиғаға Білім министрлігі араласып, отбасына психологиялық және заң көмегін ұсынды. Ведомство блогерлерге ескерту жасады: баланың бейнесін ата-анасының рұқсатынсыз пайдалануға заң тыйым салды.

  • «Сені де өлтіремін» – Шерзаттың анасы сұмдық жайттарды айтып берді

    «Сені де өлтіремін» – Шерзаттың анасы сұмдық жайттарды айтып берді

    Оның айтуынша, ол баласын қалай соққыға жыққанын және пышақтағанын өз көзімен көрген.

    «Шерзаттың аузынан қан ақты. Ол: “Анашым, сол жақ бүйіріме бірдеңе кіріп кеткен сияқты” деді. Қарасам — пышақ қадалып тұр екен. Кейін Нұрқиястың қолында мылтық барын көрдім. Алдымен олар Нұрғанатты ұрды, содан кейін Шерзатқа ауысты. Нұрқияс мылтықпен ұрды. Мен баламды қорғамақ болдым, соққы қолыма тиді. Сол кезде ол: “Үніңді шығарма, әйтпесе сені де өлтіремін” деді»,- деді марқұмның анасы.

    Бишембаева Шерзаттың аузынан қан ағып жатса да, айыпталушылар оны ұруды тоқтатпағанын айтты — олар оның басынан пышақпен ұрып, теуіп жатқан.

  • Шерзаттың өлімі: әжесі сотта Абзалды таныды

    Шерзаттың өлімі: әжесі сотта Абзалды таныды

    Талғар аудандық сотында 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша жәбірленушілерден жауап алу басталды. Бүгін сотта Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова эмоционалды түрде куәлік берді.

    Ол күдіктілердің бірін — Абзал Шынасылды бірден танығанын айтты. “Немерем менің қолымда өсті, ешқашан төбелеске араласпаған. Егер қарумен келетінін білсем, үйден-ақ полиция шақырар едім”, — деді ол.

    Қанды оқиға болған жерге жеткенде немересін таппай, топ адамның артынан жүгіріп барып көрген. “Оны ұрғандардың ішінде Абзал болғанын кейін Нұрғанат айтты”, — деді жәбірленуші.

    Шерзаттың досы Ахмет Махмет шетелде оқып жатуына байланысты сотқа келе алмаған. Бірақ өз атынан өкілдеріне сенімхат берген.

    Іс бойынша басты сот отырыстары жалғасып жатыр.

  • Астанада автокөлік бөлшектері сақталған ангар өртенді

    Астанада автокөлік бөлшектері сақталған ангар өртенді

    ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер жоғарылатылған шақыру дәрежесімен жетіп, тілсіз жауды сөндіруге кіріскен.

    Өрт сағат 7:30-да толық ауыздықталды. Жалын шарпыған аумақ — 550 шаршы метр.

    Қазір оқиға орнында арнайы өрт-зерттеу зертханасы мен төтенше жағдайлар департаментінің тергеу бөлімі жұмыс істеуде.

  • Жаңаөзенде грант жеңіп алған оқушыны соққыға жыққан лицей оқушыларына іс қозғалды

    Жаңаөзенде грант жеңіп алған оқушыны соққыға жыққан лицей оқушыларына іс қозғалды

    «Білім-инновация» лицейінің оқушылары қатарласын қызғанышпен соққыға жыққан. Жәбірленуші жақында шетелдік ЖОО-ға грант ұтып алған. Оқиға 16 сәуірде үйінің жанында болған.

    Полиция қатысушыларды анықтап, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізді. Қылмыстық іс қозғалып, ата-аналардың жауапкершілігі қаралуда. Материалдар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға жолданады.

    Оқушы ми шайқалып, түрлі жарақат алған. Оны қорғауға келген әкесінің аяғы сынған. Екеуі де ауруханаға түсті. Күдіктілер профилактикалық есепке қойылады.

  • Шерзаттың өліміне қатысты сотта әжесіне жедел жәрдем шақырылды

    Шерзаттың өліміне қатысты сотта әжесіне жедел жәрдем шақырылды

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында оның әжесі Жұмабике Қадирова өзін жайсыз сезініп, сот залынан жедел жәрдеммен шығарылды. Ол — марқұмның анасы жағынан әжесі, Каржаубай Нұрымовтың анасы. Бұған дейін де Жұмабике денсаулығына байланысты сот процесін ұйымдастыруда ескеруді сұраған болатын.

  • Шерзат ісі: дүкен алды жанжалды кім бастағаны белгілі болды

    Шерзат ісі: дүкен алды жанжалды кім бастағаны белгілі болды

    2023 жылғы 3 қазан, түнгі 23:22. Сотталушы Әскентай мас күйінде «Қамажай» дүкеніне кіріп, сыра мен темекі алады. Ақшаны танысы Асқарбек арқылы аудартып, чекті көрсетіп, үстінен тағы 1000 теңге қолма-қол береді. Сатушы Нұрымов ақшасын алып, қайтаратын ақшаны беріп, Әскентаймен қол алысып қоштасады.

    Арада жарты сағат өтпей, Әскентай дүкенге қайта оралып, телефонын қуаттауға сұрайды. Бұл кезде іште Нұрымовтың ұлы Шерзат отырған. Сыртта тұрған Әскентайды бақылап, артынан өзі де шығады. Содан 23:52-де Әскентайға әкесін балағаттады деген желеумен екі рет жұдырықпен ұрады.

    Бәрін көріп тұрған Нұрымов араша түсіп, ұлын тоқтатып, Әскентайдан кешірім сұрайды. Қанын жуып, жағдайын түзетуге тырысады. Бірақ Әскентай бұл үшін тоқтамай, дүкен алдына достарын шақырады. Соңы қайғылы оқиғаға ұласқаны белгілі.

    Сараптама бойынша, Шерзат сол түні Әскентайдың бет сүйегін сындырған.