Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.

     – Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді.

    Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды.

    Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Қаңтар кезінде археологты өлтірген подполковник 7 жылға сотталды

    Қаңтар кезінде археологты өлтірген подполковник 7 жылға сотталды

    Алматы гарнизоны әскери сотының жабық сот отырысында ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қаруды қолдана отырып, билікті асыра пайдалану айыбы тағылған Айтжан Әубәкіровке қатысты қылмыстық іс қаралды.

    Сот мәліметіне сәйкес, айыпталушы биліктің өкілі бола отырып, өзінің құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс әрекеттер жасаған. Әубәкіров іс-әрекетінің нәтижесі екі жәбірленушінің өліміне алып келген.

    Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады.

    – Сотталушының кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Сотталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әскери атағынан айырылды және жәбірленушінің пайдасына 20 миллион теңге моральдық залал өндірілді, – деп хабарлады соттан.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

     

  • Елімізде мектеп директоры жетіспейді

    Елімізде мектеп директоры жетіспейді

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның алқа мәжілісінде мектеп директорларының деңгейі ойдағыдай болмай тұрғанын айтты.

    «Республикада 7 мыңнан аса мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Талдау директорлардың біліктілік деңгейін көтеру керектігін көрсетіп отыр. Олардың тек 9 пайызында ғана «жетекші-көшбасшы» санаты бар. Осы жағдайды шешу үшін 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып келе жатыр. Бүгінгі күні 583 кандидат Республикалық кадрлық резервке енгізілді. Жоба іске қосылғанына қарамастан, 740 мектепке директор жетіспейді, оның 81%-ы ауыл мектебі», – деді Ғани Бейсембаев.

    Директорлар тапшылығы әсіресе Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында тіркелген көрінеді.

    «Резвервтегі кадрларды тағайындау Ақтөбе облысында қажетті деңгейде орындалмаған. Яғни басшылық лауазымға 12 кадрдың екеуі, Шымкентте 23-тің үшеуі ғана тағайындалған. Алматы қаласында ревервте тұрған 30 маманның біреуі де тағайындалмаған. Бұл білім басқармалары тарапынан өңірдегі бос орындарды ескере отырып, оқытуға қатысушыларды іріктеу кезінде нақты тәсілдің жоқ екенін көрсетеді. Басқаша айтсақ, стратегиялық маңызы жоба бетімен жіберілген. Мәселе тек жаңа директорлар дайындауда ғана емес, бүкіл директорлар құрамын сапалы менеджментке оқыту қажеттігі туындап отыр. Сонда ғана білім беру саласында айтарлықтай өзгерістерге қол жеткіземіз», – деді министр.

  • Шығыс Қазақстанда май зауыты өртенді

    Шығыс Қазақстанда май зауыты өртенді

    ШҚО Глубокое ауданына қарасты Предгорное ауылындағы май зауытында өрт шықты, — деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    – Предгорное ауылында май зауытының аумағында қабық пен шротты түйіршіктеу цехының қабықты шығару нориямында өрт шығып, түтін 4-ші мен 6-шы қабаттарға тарады. Күнбағыстың қабығы өртенді. Объектінің қызметкерлері үй-жайдан уақытылы шығып кеткен.  Шақырту орнына барған өрт сөндіру есептоптары қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, шығудың жоғары дәрежесі бойынша жұмыс істеді.

    50 шаршы метр алаңға тараған өрт сөндіріліп, өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында объектінің негізгі жабдықтары құтқарылып қалды, – делінген ақпаратта.

  • Серік Жұманғарин ҚҚС-ның кімдерге қатысы болмайтынын айтты

    Серік Жұманғарин ҚҚС-ның кімдерге қатысы болмайтынын айтты

    Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық реформаның кімдерге қатысы жоқ екенін түсіндірді.

    Министр пікірін Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистер сұрағына берген жауабында айтты. «Осы бастамалар аясында (салық реформасы) көптеген сарапшы пайда болғанын көрдік, түрлі мәлімдемелер жасады. Мәселен, кеше ғана өңірлердің бірінде дүкен иелері пікірін айтқан… Біз үнемі халықпен тікелей жұмыс істейтіндердің барлығына – бөлшек сауда нысандарына, яғни соның ішінде үй жанындағы дүкендерге, дүңгіршектерге, мейрамханалар мен шаштараздарға бұл реформа әсер етпейтінін айтып келеміз. Олар бөлшек сауда режимінде жұмыс істеген тәртіпте қызметін жалғастыра береді. Атап айтқанда, олар үшін өзгермейді», – деді Серік Жұманғарин.

    Осы орайда ол ҚҚС мәселесі қай бағытты қамтитынын айтты.

    «Бұл реформа бөлшектеніп кеткен бизнестің белгілі бір бөлігіне ғана қатысты. Отбасын асырап, халықпен жұмыс істеп, базарда сауда жасайтындарға бұл реформаның әсері жоқ, бөлшек сауда салығы өзгеріссіз қалады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

    Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Серік Жұманғарин қосымша құн салығы шегін неліктен көтеру қажет екенін түсіндірген болатын.

    Үкімет қосылған құн салығын 20 пайыз көтеру туралы нақты шешім қабылдаған жоқ.

  • Нұрлан Өнербаев қазақ тілінде сөйлемейтіндерге айыппұл салуды ұсынды

    Нұрлан Өнербаев қазақ тілінде сөйлемейтіндерге айыппұл салуды ұсынды

    Қазақстанның танымал əншісі әрі қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев қазақ тілінде сөйлемейтін азаматтарға айыппұл салу туралы өзекті ұсынысымен бөлісті.

    Өнербаев өз Instagram парақшасында қазақ тілінде сөйлемейтіндерге 39 320 теңге мөлшерінде айыппұл салу қажет деген жазба жариялады.

    «Күнде бір айыппұл түрін шығарасыңдар! Халық, өзіміз ұсынайық. Қазақ тілінде сөйлемейтіндерге 39 320 теңге айыппұл салынсын», – деп бөлісті ол.

  • Астана халықаралық форумын өткізуге 4,5 млрд теңге жұмсалады

    Астана халықаралық форумын өткізуге 4,5 млрд теңге жұмсалады

    Премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл өтетін Астана халықаралық форумына қанша теңге жұмсалатынын айтты.

    Бұл туралы вице-премьер сенаттың кулуарында айтты. Оның сөзінше, форумды өткізуге 4,5 миллиард теңге жұмсалмақ.

    – 4,5 миллиард – шамамен алынған сома. Біз оны оңтайландыруға тырысамыз. Бірақ бізге шамамен осы сома керек. Негізінен бұл деңгейдегі форумдар үшін қалыпты сома, – дейді Жұманғарин.

    Айта кетейік, Астана халықаралық форумы 29-30 мамыр аралығында өтеді. Шара Астанадағы Астана Конгресс орталығында өтеді.

  • Астанада 35 зейнеткер  алаяққа 286 млн теңге жинап берген

    Астанада 35 зейнеткер алаяққа 286 млн теңге жинап берген

    Астанада бір адам 2016 жылдан бастап 2024 жылға дейін «Happy Life KZ» атты қаржы пирамидасын құрып, 35 зейнеткерді сан соқтырған.

    Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, алаяқ зейнеткерлерге биологиялық белсенді қоспа сатамын деп әрі оны өзгелерге сатса, мол табысқа кенелесіздер деп олардан кемі 7500 теңге, ал ең көбі 2 млн теңге алған. Жалпы, 35 адамты тартқан алаяқ 286 млн теңге жинап алған.

    «Зардап шеккендердің бәрі – жеңіл табыс туралы құрғақ уәдеге сеніп қалған зейнеткерлер екенін атап өту керек», – дейді ҚМА агенттігі.

    Қаржы пирамидасын құрған адам жиналған ақшаны өз мүддесіне жұмсап, Астанадан қымбат пәтер сатып алған. Қазір сот оның пәтеріне арест қойып, өзінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алған.

  • Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталды – Ержан Сәденов

    Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталды – Ержан Сәденов

    Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы жөнінде ақпарат берілді.

    Президентке елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайғаны баяндалды.

    Соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Сонымен қатар тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскен. Ержан Сәденов қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты.

    2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстаған. Мемлекет басшысына ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Министрдің айтуынша, соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталды, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеді, 64 есірткі зертханасы жойылды. Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталды. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленді. Алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеді.