Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялады

    Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялады

    11 жылға сотталған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында: «Мен аштық жарияладым. Себебі, әу бастан өзімді кінәсіз санаймын», – деп жазды.

    Бұдан кейін ол өз қолымен жазған қолжазбаны жүктеді.

  • Еңбекші ауылындағы мешіттің неден өртенгенін сараптама анықтайды

    Еңбекші ауылындағы мешіттің неден өртенгенін сараптама анықтайды

    Бұл туралы аймақтық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

    Кеше, 9 ақпан күні Алматы облысы Қарасай ауданы Еңбекші ауылындағы мешіттен өрт шыққан болатын. Аймақтық ТЖД өрттің себебін анықтау үшін зертханаға сынама жіберген.

    Дереккөзге сүйенсек, аумағы 50 шаршы метр болатын өртті 14 адам сөндірген. Қайтыс болғандар мен өрттен жараланғандар жоқ.

  • Наурыздан бастап Алматыдан Балқашқа тікелей пойыз жүреді

    Наурыздан бастап Алматыдан Балқашқа тікелей пойыз жүреді

    Биыл наурыз айынан бастап Алматы мен Балқаш арасында тікелей пойыз қатынайды. Билет бағасы 7 700 теңгеден басталады.

    Бұған дейін Балқаш тұрғындары Алматыға жету үшін алдымен Сарышаған станциясына жетіп, сол жерде басқа пойызға ауысуға мәжбүр болатын.

    «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2025 жылғы 1 наурыздан бастап Алматы мен Балқаш арасында тікелей теміржол қатынасын ашады. Тікелей бағыт іске қосылғаннан кейін жол жүру уақыты қысқарып, сапар әлдеқайда қолайлы әрі ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар, бұл бағыт, әсіресе демалыс маусымы қарсаңында, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға серпін беретін маңызды жобаға айналады», – дейді ұлттық тасымалдаушы.

    Пойыз күнара қатынайды:

    • Балқаш-Алматы: жұп күндері сағат 07:52-де жөнелтіледі, Алматыға 00:58-де келеді.
    • Алматы-Балқаш: тақ күндері сағат 00:10-да жөнелтіледі, Балқашқа 15:03-те келеді.

    Пойыз құрамында бір купе және бір плацкарт вагоны бар. Купеде – 36, плацкартта – 54 орын. Осылайша, пойыз бір сапарда 180 жолаушыға дейін тасымалдай алады.

    Билет бағасы 7 722 теңгеден басталады, деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ.

  • Қонаев қаласында балықшылар өзара мықтыны анықтады

    Қонаев қаласында балықшылар өзара мықтыны анықтады

    Алматы облыстық балық аулау федерациясы Қонаев қаласы әкімдігімен бірлесіп, Қапшағай су қоймасында балық аулаудан ашық біріншілік ұйымдастырды.

    Жарысқа Алматы облысының бірнеше өңірінен, сондай-ақ Алматы және Қонаев қалаларынан балықшылар қатысты. Барлығы 15 команда (әрқайсысы 3 адамнан) жеке және командалық есеп бойынша өзара сынға түсті. Біріншілік 5 сағатқа созылды.

    Нәтижесінде ең үлкен балықты аулап, «Big Fish» арнайы жүлдесін Е. Кембаев жеңіп алды. Жеке есепте 1-орынды К. Курбанов, 2-орынды Д. Канавалов, 3-орынды Н. Шуляков иеленді. Ал командалық есепте «Қонаев-3» командасы 3-орынды, «Наутилус» командасы 2-орынды, ал «Feeder.kz» командасы 1-орынды қанжығасына байлады.

    «Біздің федерация құрылғанына 1 жылдан енді асты. Осы уақыт ішінде мүшелік ететін адамдар саны айтарлықтай артты. Біз жылына 6-7 рет балық аулау жарысын ұйымдастырып отырамыз. Бұл жолы бізге қолдау көрсеткен Қонаев қаласы әкімдігіне алғыс білдіреміз», – деді федерация басшысының орынбасары Дамир Сергибаев.

    Жарыс барысында барлық қауіпсіздік талаптары сақталды. Бұл күні мұздың қалыңдығы 70 см болды.

    Айта кетейік, балықшылар демалыстан кейін су қоймасының үстіндегі қоқыстарды жинап кетуге міндетті. Табиғатқа жанашырлық – әр демалушының жауапкершілігінен басталады. Қоршаған ортаны ластағаны үшін әкімшілік жаза қарастырылғанын еске саламыз.

  • Астана LRT бір станциясы толық салынып бітті

    Астана LRT бір станциясы толық салынып бітті

    Астана халықаралық әуежайы маңындағы LRT станциясының құрылысы аяқталып, дайын тұрғаны белгілі болды. Блогер Ерлан Сәкенов станцияның ішінен видео жариялады.

    «101-станция екі қабат ғимарат. Бірінші қабатында жүкті, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған екі лифт бар. Кабинкалардың іші жарық, кең. Бірінші қабаттағы кеңістікте кейін касса, турникеттер пайда болады. Коммерциялық нысандар да іске қосылуы мүмкін. Станцияда 4 эскалатор бар», – дейді ол.

  • Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі сатылғалы жатыр

    Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі сатылғалы жатыр

    Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы аукционға шығарылды.

    «Қайтарылған автиктерді басқару компаниясы» ЖШС Нұра ауданы, Ерейментау көшесінде орналасқан астыңғы қабаты бар жер үйді сатылымға шығарды. Зәулім сарайдың бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге, кепіл жарнасы 117,9 млн теңгені құрайды.

    Аукцион 25 ақпан күні сағат 10.00-де E-Qazyna веб-платформасында  өтеді. Электронды сауда алаңында сатылымға қойылған үйдің суреттері жарияланған. Дәл осы фотоларды осыдан үш жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялаған еді. Зәулім сарай қазір түрмеде отырған Кәрім Мәсімовке тиесілі болған. Мәсімов ұсталғаннан кейін осы үйден 17,2 млн доллар қолма-қол ақша, қымбат сағат, алтын құймалар мен антиквариат және тағы басқа құнды заттар тәркіленген. Зәулім сарайдың ішінде бассейн, жаттығу залы, би алаңы мен кинозал бар.

    Естеріңізге салайық, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған болатын. Қылмыстық іс бойынша сот жабық өтті. Сот үкімімен Мәсімов мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Алматыда 25 градус аязды күндер келе жатыр

    Алматыда 25 градус аязды күндер келе жатыр

    «Қазгидромет» РМК алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері республиканың солтүстік облыстарының ауа райын Солтүстік циклонның ойығы қалыптастырады, ал оңтүстік аймақтар оңтүстік циклонның әсерінен болады, онымен қар, боран күтіледі.

    Күндізгі уақытта елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қар мен жаңбыр түрінде аралас жауын-шашын болады, мұзды құбылыстар болады.

    Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі деп күтілуде. «ҚР батысында ауа температурасы түнде 5-13 аяз, күндіз 6 аяз-1 жылу, елдің оңтүстік-батысында түнде 1-9 аяз, күндіз 3 аяз-2 жылу күтіледі, республиканың солтүстік-батысында ең төменгі температура 10-18-ден 7-16 аязға дейін көтеріледі, ең жоғары температура 3-10 аяз шегінде болады.

    Қазақстанның солтүстігінде түнде температураның ауытқуы 7-20-дан 10-22 аязға дейін, күндіз температураның төмендеуі 2-8-ден 5-11 аязға дейін, ҚР шығысы мен орталығында 10-23-тен 7-18 аязға дейін өседі деп болжанып отыр, оңтүстік облыстарда 5-13-тен 0-10 аязға дейін өседі деп күтілуде, күндіз 5 аяздан-5 жылудан 1 аязға дейін-7 жылу, елдің оңтүстік-шығысында түнде 5-25-тен 3-20 аязға дейін, күндіз температуралық фон 5 аяздан-5 жылуға дейін, таулы аудандарда 6-11 аяз көтеріледі», – делінген синоптиктер болжамында.

     

  • Қазақстанда тендер өтетін уақыт 10 күнге дейін қысқармақ

    Қазақстанда тендер өтетін уақыт 10 күнге дейін қысқармақ

    2025 жылдың  1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа ережелерге сай, енді Қазақстанда тендер 10 күн ішінде өтеді.

    Үкімет еске салып өткендей, президент 2024 жылғы 1 шілдеде рәсімдерді оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға қол қойған еді. Сондықтан, мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін барынша қысқартуды қамтитын жаңа ережелер қабылданды.

    «Мәселен, конкурс тәсілімен өтетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Осылайша, конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады», – деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.

  • 16 жастағы қыз көпқабатты үйден секіріп, мерт болды

    16 жастағы қыз көпқабатты үйден секіріп, мерт болды

    Куәгерлердің айтуынша, оқиға Кенесары және Ш. Уәлиханов көшесінің қиылысында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде болған.

    – Полиция қызметкерлері аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады, – делінген қалалық полицияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

    Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

     

  • Жеке медициналық кітапшалар тек электронды түрде беріле бастайды

    Жеке медициналық кітапшалар тек электронды түрде беріле бастайды

    2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жеке медициналық кітапшалардың электрондық форматы енгізілді.

    Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл азаматтарға медициналық тексеруден өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл механизм арқылы құжатты бірнеше мекемелерде қолдануға болады.

    Енді Еgov mobile мобильдік қосымшасындағы «E-Densaulyk» сервисі арқылы медициналық тексеру нәтижелері мен санитариялық кітапшасы туралы деректерді алуға болады.

    Бұл медициналық тексеруден өту уақытын едәуір қысқартады және терапевтке қайта бару қажеттілігін болдырмайды.