Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Ағаш егуге бөлінген қаржының есебі бар ма? – Депутат

    Ағаш егуге бөлінген қаржының есебі бар ма? – Депутат

    Өңірлерде 15 млн көшет отырғызу жоспарланса да, іс жүзінде олардың саны 3 млн-ға да жетпепті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Оның айтуынша, бір ғана Маңғыстау облысында жүздеген мың ағаш егілмей қалған. Қалған өңірлерде де мұндай мысал көп. Депутат бюджет қаржысы ұрланып жатыр деп күдіктенеді.

    ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек: «Әр ағаш – бұл ақша, халықтың қаржысы ғой. Мұндай мысал әр аймақта бар. Бір жерде 30, бір жерде 50, бір жерде 100-150 мың ағаш егілмеді. Мұны біреу бақылай ма, әлде жай ақша бөліп отыра бересіздер ме? Депутат ретінде осыны білгім келеді. Бөлінген қаржы қомақты. Неге бұл фактілер бойынша бірде-бір қылмыстық іс қозғалған жоқ, ешкім жауапқа тартылған жоқ?», – деді.

    Депутаттың сынына Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі жауап берді. Олардың айтуынша, ақша ұрланбады, керісінше, қаржыландыру жеткіліксіз болды. Сол үшін жоспарды орындау мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды.

  • Мектеп оқушыларына жылқы еті, жент пен қаймақ беріледі

    Мектеп оқушыларына жылқы еті, жент пен қаймақ беріледі

    Енді оқушыларға жылқы еті, жент пен қаймақ беріледі, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

    Сонымен қатар дастарханда қант пен тұздың мөлшері аз тағамдар тұру керек. Бұдан бөлек, балаларға хош иісті шай мен майлылығы аз сүт және йогурт ұсынылады.

    Салаттар қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, қырыққабаттан дайындалады және балалар салатты өздері таңдайтын болады. Ал ыстық тамақ жылқы, сиыр еті мен балықтан пісірілуге тиіс. Сонымен қатар алма, банан, құрма, ірімшік беріледі.

    Айта кетейік, жаңа мәзірді Денсаулық сақтау министрлігі нутрициолог мамандармен бірлесе отырып дайындаған. Жауапты ведомство мәліметінше, бүгінде бастамаға толықтырулар енгізіліп жатыр.

     

  • Қазақстанға келген туристерге QR-коды бар арнайы карталар беріледі

    Қазақстанға келген туристерге QR-коды бар арнайы карталар беріледі

    Жүйе туристердің қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар шетелдік инвестициялар үшін қолайлы әрі тиімді орын ретінде Қазақстанға деген сенімді арттыруға бағытталған.

    Енді әрбір шетелдік қонаққа елге кірген бойда, сондай-ақ шекара бақылауынан өткен кезде электрондық көп тілді SafeTravel.kz порталына нұсқайтын QR-коды бар арнайы карточка беріледі.

    Порталда туристердің Қазақстанда қауіпсіз жүріп-тұруына қажетті ақпарат пен ұсынымдар, сондай-ақ пайдалы мобильді қосымшаларды жүктеуге сілтемелер көрсетілген.

    QR-коды бар алғашқы карточкалар елорданың халықаралық әуежайында шетелдік қонақтарға тапсырыла бастады.

    SafeTravel.kz-те:

    • Полициямен жедел байланыс орнатуға арналған «102» мобильді қосымшасы, оның ішінде «SOS» функциясы;
    • Көші-қон заңнамасын сақтау жөніндегі жадынама;
    • Танымал қосымшаларға сілтеме мен жүрген қаланың картасы;
    • Ресми такси мен онлайн-қызметтердің тізімі;
    • Байланыс операторлары мен олардың ресми сайттарына сілтеме;
    • Түрлі оқиғалар бойынша әрекет ету алгоритмдері;
    • Жедел жәрдем, өрт сөндіру мен құтқару сияқты басқа да шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлері қолжетімді.
  • Екі ай бұрын жоғалған бойжеткеннің денесі табылды

    Екі ай бұрын жоғалған бойжеткеннің денесі табылды

    Марқұм Айша Хамитті жақын араласқан жігіті өлтіріп, денесін сөмкеге бөлшектеп салғаны белгілі болды. Полицейлер 19 жастағы күдіктіні ұстаған.

    Еске салайық, марқұм былтыр қараша айында үйінен «туған күн кешіне барамын» деп шығып кеткеннен табылмаған еді. Бірақ, оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырған.

    Айшаның әпкесі Әсия Хамиттің айтуынша, қызға 2 миллион теңгеден аса несие алдыртқан.

    – 19 жастағы бала екен, есімі – Нұрмахан. Несие алдыртқан, сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. Қайтармаймын дегеннен кейін, Айша айтқан: «Ата-анама айтамын, полицияға арызданамын». Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген, – дейді ол.

    Марқұм қыз сырқат әпкесін «осы кісіге көрсетемін» деп оның көмекшісімен, яғни күдікті жігітпен жаз айларында танысқан. Содан бері екеуі сөйлесіп жүрген көрінеді.

    – Ауру әпкесін емдеймін деп, TikTok-тан алаяққа кезігіп қалады. Сонымен барған кезде, жаңағы балдызы екен, көмекшісі боп жүрген, сөйтіп танысады. Біз сүйегін алып шыққан кезде, төрт жігіт әрең көтердік. Қыздың салмағы кемі – 60 келі. 19 жастағы жігіт ол 60 келі денені жалғыз өзі көтеріп жүре алмайды, – дейді марқұмның нағашысы Табиғат Әлібек.

    26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы саналыпты. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген.

    – Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

    Марқұмның денесінде зорлық белгілері болған-болмағанын сот-медициналық сараптасы арқылы анықтайды.

  • Сейсмикалық аймақта үй салу үшін ТЖМ рұқсатын алуға тура келеді

    Сейсмикалық аймақта үй салу үшін ТЖМ рұқсатын алуға тура келеді

    Сейсмикалық аймақтағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа жүйелі тәсілдер енгізіледі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.

    Министр Мәжіліс депутаттарына заң жобасындағы өзгерістерді таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттің, шаруашылық жүргізу субъектілерінің және халықтың өзара қарым-қатынасын реттейтін сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жеке тарау ретінде енгізіледі.

    «Атап айтқанда, министрлік пен жергілікті атқарушы органдарға сейсмикалық қауіптілікке бағалау жүргізу өкілеттігі беріледі. Мұнда халықты жер сілкінісінен қорғау және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар көзделеді. Сонымен қатар Министрлікке сейсмикалық, сел және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қала құрылысы жобаларын келісу бойынша функция беріледі. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетіне орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қатысты төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі бақылау функциялары беріледі»,  – дейді Шыңғыс Әрінов.

  • AZAL ұшағы сыртқы объектілердің әсерінен зақымданғаны белгілі болды

    AZAL ұшағы сыртқы объектілердің әсерінен зақымданғаны белгілі болды

    Көлік министрлігі «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының «Embraer-190» ұшағының апатқа ұшырауын тергеу туралы алдын ала есебін жариялады.

    Құжат Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

    Құжатта көрсетілген дерекке сәйкес, Ақтау маңына құлаған ұшақты тесіп өткен зақымдар конструкцияға сыртқы объектілердің енгенін көрсетеді.

    «Апаттан кейінгі фрагменттерді тексеру кезінде фюзеляждың артқы бөлігінде, тік тұрақтандырғышта, лифт пен рульде әртүрлі өлшемдегі және пішіндегі зақымданулар анықталды. Сол сияқты ұқсас зақымданулар ұшақтың сол жақ қозғалтқышы мен сол қанатында, сондай-ақ ұшақтың тораптары мен бөлшектерінен табылды. Кейбір жерлерде зақым кәдімгі төртбұрышты пішінге ие», – делінген хабарламада.

  • Ақтауда құлаған ұшақ ішінде қандай тосын жағдай болған?

    Ақтауда құлаған ұшақ ішінде қандай тосын жағдай болған?

    Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиғаны тергеу туралы алдын ала есебі белгілі болды. Құжатта көрсетілгендей, «Azerbaijan Airlines» ұшағы Грозный әуежайына екі рет қона алмағандықтан Бакуге оралуды ұйғарған.

    Ұшақ апатына байланысты 53 беттік есепте мыналар жазылған:

    Ұшаққа бірінші соққы сағат 05:13:31-де тіркелген.

    Ұшаққа екінші соққы сағат 05:13:56-да тіркеледі.

    Сағат 05:14:58-де ұшқыш жағдайды анықтау үшін бортсерікке хабарласып, не болғанын сұрайды.

    Ұшқыш:

    – Алло, не болды?

    Бортсерік:

    – Екі орындық жарылды, мен… жаныңызға бара алмаймын, өйткені жолаушылар тұрып кетті, мен оларды отырғызып жатырмын.

    «Azerbaijan Airlines» ұшағы Бакуге оралуды ұйғарып, артынша Ақтауға ұшқан.

    Ұшқыш әуелі Баку мен Махачкаланың ауа райын сұраған, сосын Бакуге бет алмақ болады.

    Кейін Ақтаудағы ауа райын сұрайды. Қолайлы болған соң, сағат 05:42:40-та Ақтауға ұшады.

    Ұшақ 06:02:47-де Ақтау әуежайымен байланысады.

    Сағат 06:27:58-де ұшақ жерге құлайды.

  • 15 жылға сотталған Руслан Ысқақов аштық жариялады

    15 жылға сотталған Руслан Ысқақов аштық жариялады

    ҰҚК-ның бесінші департаментінің басшысы Руслан Ысқақов аштық жариялады. Бұл туралы оның адвокаты Евгений Яворский:

    «Қоғамға жариялағым келіп тұрған ақпарат. Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Серікұлы Көкшетау қаласының түрмесіне түскеннен кейін, аштық жариялады. 28 қаңтардан 3 ақпанға дейін ол осы күйде отыр. Адамдар бұндайды жайдан-жай жарияламайды, бір себептер бар. Құзырлы органдардан Русланның не үшін бұндай қадам жасағанын білуін сұраймын.Оны бұндай жағдайға не итермелегенін білу – біз үшін маңызды», – деді адвокат.  

    Айта кетейік, 27 қаңтар күні Руслан Ысқақов Арман Жұмагелдиевке жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруын қолдағаны үшін айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Биыл Алматыда 10 базар жаңартылады

    Биыл Алматыда 10 базар жаңартылады

    Министрліктің Жол картасына сай Алматыдағы «Арлан», «Батыр», «Тұлпар», «Арыстан», «Жібек Жолы», «Азия», «Тау самалы», «Береке», «Сауда кент» және «Сарыарқа» базарларында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

    Өткен аптада ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков Алматыдағы 4 базарға барып, алдағы жаңғырту жұмыстарына дайындығын көріп қайтты. Базар иелері бұл жұмыстарды 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауы керек.

    «Базарларды жаңғырту – бұл тек қана бизнес өкілдеріне жағдай жасау емес, сатып алушылар үшін қолайлы орта құру. Дегенмен жергілікті әкімдікте құрылыс құжаттарына келісім беру әдетте созылып кетеді. Базар иелері көп ретте осы жағдайға шағымданады. Эскиз, жұмыс жобасы сияқты құжаттардың келісілуі ұзақ уақыт алатынын  күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Базарларды жаңғырту жұмыстары уақыты аяқталуы үшін жергілікті әкімдіктерді кәсіпкерлермен дер кезінде бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз»,  – деді Айдар Әбілдабеков.

    Алматыда  қазір 38 сауда базары бар. Оның 4-арнайы базар болса, қалған 34-і әмбебап базар. Сауда заңнамасына сай сауда базарлары өз аумағында  көлік тұрағымен қамтылған, сауда орындары санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптарына сай, онлайн төлем жүргізу мүмкіндігі болуы шарт. Айта кетейік, 2025 жылдың соңына дейін жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген базар иелері келер жылдың басынан бастап әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

     

  • Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін

    Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін

    Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда қашан пилотсыз такси қызмет көрсете бастайтынын айтты.

    «Біз қазір мобильді жолаушы тасымалы дейтін жобаны көбірек талқылап жатырмыз. Былтыр жыл аяғында біз Оңтүстік Кореяға барған едік. Сол кезде осындай мәселені талқыладық. Әуежайдан Алатау қаласына дейін жолаушыларды тасымалдауға аэромобильдер пайдалану көзделіп отыр. Бұл өзі шу шығармайтын, сутегі тұтынатын, 5 адамға дейін жолаушы сиятын тікұшақ деуге болады. Қазір бұл бағытта Оңтүстік Корея мен АҚШ компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық компаниялардың бірі осындай жобаны іске асыруға қызығушылық танытты», – деді ол.

    Министрдің айтуынша, аталған жоба әлі зерттеліп жатыр.

    «Бұл осы мәселені айтарлықтай терең зерттедік және әлі де пилоттық жоба ретінде іске асыру мәселелерін пысықтап жатырмыз. Бірінші сатысында Алматыдан Алатау қаласына дейін сынап көреміз. Бұл 2026 жылға қарай пилоттық негізде іске қосылуы мүмкін деп болжап отырмыз», – деді Марат Қарабаев.