Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Ақылы жолдардан түсетін кіріс 2026 жылы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін

    Ақылы жолдардан түсетін кіріс 2026 жылы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін

    Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардан түсетін табыстың айтарлықтай өскені туралы баяндады.

    2024 жылы түсім сомасы 48 млрд теңгеге жетті. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскені іске қосу жоспарлануда, бұл кірісті 60 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін.

    «Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда», – деп атап өтті министр.

    Бюджетке түсетін жүктемені азайту әрі өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкциялау және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы жол» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді.

    Сонымен қатар министр жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының дамуын атап өтті. Бүгінде елімізде 1 446 жол бойы сервистік объектілері жұмыс істейді, оның 90%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ 400-ден астам заманауи қызмет көрсету нысандарын салу үшін ірі инвесторларды тарту жоспарлануда.

    «2029 жылға дейін 60 бірлік кешенді объектілердің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 10 бірлігі осы жылы жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеттері қарастырылған. Жол бойы сервистік объектілерін дамытудың негізінде елімізде бірінші рет отандық қонақүйлер жүйесі және олардың франшизасы қалыптасатын болады. Бұл жол бойы объектілерінің тасымал процессімен қатар, автотуризмнің де дамуына септігін тигізеді», – деп атап өтті Марат Қарабаев.

  • Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты.

    «Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда – 91%-ды құрайды.

    Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Күрті – Қонаев (67 км), Қызылорда – Жезқазған (398 км) және Ұзынағаш – Отар (42 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 045 шақырым бірінші техникалық санаттағы жаңа магистралдардың құрылысы басталады», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

    Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл қазақстандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

    «вБұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала мен ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.

    Ағымдағы жөндеумен 6,6 мың шақырым қамтылады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өңіраралық және аудандық жолдарды қосу. Биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ауқымды жұмыстар жоспарланған», – деді ведомство басшысы.

    Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 км) толық жөндеуден өтеді.

  • Алматыда боди-массаж жасайтын 16 салоннан 30 әйел ұсталды

    Алматыда боди-массаж жасайтын 16 салоннан 30 әйел ұсталды

    Алмалы ауданының тәртіп сақшыларының айтуынша, қаланың тұрғын алабында жыл басынан бері сауықтыру массажы қызметінің атын жамылып жұмыс істеген 16 жезөкшелер үйі анықталды.

    «Жергілікті рейдтер нәтижесінде интимдік қызмет көрсеткен 30-дан астам әйел ұсталып, полицияға жеткізілді. Оның үшеуі – шетелдік. Сот шешімімен олар еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін елден шығарылды. Қалған әйелдерге де әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар, жезөкшелер үйі қызметін атқарған 16 ғимараттың иелері жауапқа тартылғанын айта кету керек», – дейді Алмалы аудандық ПБ-ны қарасты полиция бөлімінің бастығы Батыржан Абдумасаров.

    Спикердің айтуынша, басқа да боди-салондарды анықтау бойынша рейдтер жүріп жатыр.

  • Мал ұрлағандар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Мал ұрлағандар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне мал ұрлығына қатысты жеке бап енгізілді. Бұл туралы  Шыңғыс Алекешев мәлімдеді.

    Ең қатаң жаза – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Сондай-ақ, қайталанған ұрлықтар мен тұрғынжайға заңсыз кіру арқылы жасалған қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Бұл оларды ауыр қылмыстар санатына жатқызуға мүмкіндік береді және мал ұрыларының жәбірленушімен татуласу арқылы жауапкершіліктен құтылуына жол бермейді, – деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.  

    Ресми өкілдің айтуынша, ІІМ Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

    «Мал ұрлығының алдын алу бойынша ішкі істер органдары мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау органдарының өзара әрекеттестігі туралы» бірлескен бұйрық әзірленді. Сонымен қатар, мал ұрлығының алдын алудың тиімді шараларының бірі – тұрақты түрде жедел-алдын алу шараларын өткізу. Оларға полиция қызметкерлері, ветеринариялық бақылау мамандары және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысады. Былтыр республикалық деңгейде екі рет «Мал ұрысы» жедел-алдын алу іс-шарасы және өңірлік деңгейде 76 іс-шара өткізілді, – деді спикер.  

  • Ақтөбеде 20 көшенің атауы қазақшаға өзгертіледі

    Ақтөбеде 20 көшенің атауы қазақшаға өзгертіледі

    Ақтөбе қалалық мәслихаты «идеологиялық тұрғыдан ескірген және елеусіз қалған» көшелердің атауын өзгерту туралы шешім қабылдады.

    Алдын ала ұсыныстар бойынша, қазіргі Нахимова көшесі Тоқтамыс ханның құрметіне қойылуы мүмкін. Ал Кірпіш көшесі Роза Бағланованың құрметіне, Октябрь – Сафуан Шаймерденовтің құрметіне, Станциялық көшесі Сырбай Мәуленовтің құрметіне ауысса, Местпром көшесі-Әбу Сәрсенбаевтың құрметіне өзгертілуі мүмкін.

    Сондай-ақ Белогорка елді мекені Құндызды болып өзереді. Әрі тағы оншақты көшеге жаңа атау берілуі мүмкін.

  • -30°C дейін аяз болады: Қазгидромет ескерту жасады

    -30°C дейін аяз болады: Қазгидромет ескерту жасады

    Қазгидромет алдағы үш күнде күн күрт суытатынын ескертті.

    Мекеме алдағы үш күнде республиканың батысында, солтүстігінде, шығысында ауа-райын атмосфералық фронтальды бөлімдер қалыптастыратынын, қар, жаяу бұрқасын, батыс өңірлерде жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде, көктайғақ құбылыстары болжанатынын айтады.

    Елдің оңтүстігінде ауа-райы жауын-шашынсыз, температура қолайлы болады деп болжанады. Қазақстан бойынша тұман, желдің күшейетіні айтылады.

    Түнде ауа температурасының батыста -8…-13°C дейін, солтүстікте, орталықта -13…-21°C дейін, шығыста -15…-30°C дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі.

  • Қазақстан халқының саны 20 286 084 адамға жетті

    Қазақстан халқының саны 20 286 084 адамға жетті

    2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 20 286 084 адам болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Оның ішінде қала тұрғындары – 12 774 743
    ауыл тұрғындары – 7 511 341

    Былтырғы жыл басынан бері халық саны 252 242 адамға өсті, оның ішінде табиғи өсім есебінен — 235 078 адамға, көші-қон есебінен 17 164 адамға.

    Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана мен Алматы қалаларында, тиісінше 6,91% бен 2,86%, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелді – 2,80%.

    Республикалық маңызы бар қалалардан басқа, бір миллионнан астам халқы бар облыстар – Түркістан (2,1 млн), Алматы (1,5 млн), Жамбыл (1,2 млн) және Қарағанды (1,1 млн).

    Еске салсақ, 2050 жылы Астанада халық саны 3,5 млн адамға жететіні туралы жазған болатынбыз.

     

  • Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынбайды

    Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынбайды

    Мәжіліс депутаттары мен «АМАНАТ» партиясы фракциясының мүшелері Ішкі істер министрлігін қоғамды адастыратын резонансты ақпараттарға жедел назар аударуды өтінді.

    Атап айтсақ, көліктерді бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салынады деген ақпараттар қоғамды алаңдатып отыр. Депутат Нартай Сәрсенғалиев атап өткендей, жалпы еліміздің солтүстік өңірлерінде көлікті жылытуға бес минут уақыт аздық етеді, ал егер көлікті қыздырмай жүргізсе, бұл жүргізушілерге қосымша қаржылық жүктеме туғызады.

    Ал Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха көлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ екенін атап өтті.

    «Автокөлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ. Елді мекендерде тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда механикалық көлік құралдарымен оталдырған қалпы тоқтап тұруға тыйым салынады. Тек арыз түскен жағдайда ғана бұл норма бойынша жауапқа тартамыз. Былтыр осындай үш жағдай тіркеліп, оның бірі прокуратура тарапынан жойылды. Яғни, біз көлік қыздырған адамды жауапқа тартпаймыз», – деді вице-министр.

    Ал депутат Бақытжан Базарбек көлікті қыздыру үшін айыппұл төңірегіндегі шу мемлекеттік органдардың немқұрайлылығы екенін тілге тиек етті.

     

  • Елімізде 4237 шетелдік заңсыз такси қызметін атқарған

    Елімізде 4237 шетелдік заңсыз такси қызметін атқарған

    Наурызбай ауданының прокуратурасы еліміз бойынша 400-ден астам таксопаркті анықтады, онда 4 237 шетелдік жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз қызметін заңсыз жүзеге асырған.

    Еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында заң шығарушы көші-қон заңнамасын бұзған жұмыс беруші мен шетелдіктердің жауаптылығын көздеген.

    Қазіргі уақытта Көші-қон қызметі комитеті прокуратураның қадағалау актісін қарауда, онда елде заңсыз қызметті жүзеге асырған таксопарктерге де, шетелдіктерге де қатысты тиісті шаралар қабылдау туралы мәселе қойылған.

    – Бүгінгі күні еліміз бойынша ӘҚБтК-нің 517-бабымен 346 шетелдік-таксист (Алматы – 136) және ӘҚБтК-нің 519-бабымен 148 адам (Алматы – 29) шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін (таксопарктер) әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 112 қабылдау-тарату орнына (Алматы – 81) қамалды, республикадан 156 шетелдік шығарылды (Алматы – 79), деп жазды Алматы қаласының прокуратурасынан.

  • Бас прокуратура «QI-Trade» қаржы пирамидасының жетекшісін экстрадициялады

    Бас прокуратура «QI-Trade» қаржы пирамидасының жетекшісін экстрадициялады

    Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қырғыз Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады.

    Аталған топтың мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында «QI-Trade» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан астам салымшының жалпы сомасы 15 миллиард теңге қаражатын заңсыз иемденген.

    Қылмыстық топтың кейбір мүшелері сотпен әртүрлі жазаға тартылған, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды.

    Іздеуде бола тұра, ол Қырғызстанда кісі өлтіру қылмысын жасап, қырғыз сотымен сотталды.

    Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол уақытша ұстап берілді, ал қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылғаннан кейін Қырғыз Республикасына қайтарылатын болады.

    Осылайша, көрші мемлекет аумағында жазасын өтегеннен кейін күдіктіні Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін жаза күтетін болады.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура осы қылмыстық топтың екі мүшесін Ресей мен Польшадан экстрадициялап, олар қазір әртүрлі жылдарға бас бостандығынан айыруға сотталған.