Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Әнші Алмас Кішкенбаев полицияға жеткізілді

    Әнші Алмас Кішкенбаев полицияға жеткізілді

    Белгілі қазақстандық әнші Алмас Кішкенбаевқа 17 жастағы балаға қол жүгіртті деген айып тағылып жатыр.

    Кеше түнде құқық қорғау органдарына курьер болып жұмыс істейтін кәмелетке толмаған баланың әкесінен арыз түскен.

    «Кешкі 21:00 шамасында курьер жігіт бір мекен-жайға үш бөтелке сыраны жеткізуге тапсырыс алған. Ол тауарды дүкеннен алып, тапсырыс берушіге апарады. Содан кейін түсініксіз жағдай болған. 17 жастағы жасөспірімнің айтуынша, 40-қа таяған ер адам сыраны бірге ішуді ұсынған.

    Сол кезде ер адам 11-сынып оқушысын жыныс мүшесінен ұстап алған. Курьер бала үйіне барған соң әкесіне бәрін айтып береді. Арызда келтірілген уәждерді тексеру аясында полиция қызметкерлері сыраға тапсырыс берген ер адамның пәтеріне барып, оны полиция бөлімшесіне жеткізген. Күдікті – Алмас Кішкенбаев», – деп жазды журналист.

    Алматының полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеріс жүріп жатқанын, күдікті К. есімді азамат полицияға жеткізілгенін айтты.

  • Интернет кеңістігінде заңға қайшы контент екі есе өскен – Аида Балаева

    Интернет кеңістігінде заңға қайшы контент екі есе өскен – Аида Балаева

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі қолданушыларынан ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұрады. Бұл туралы министр Facebook-тегі парақшасында жазды.

    Балаеваның сөзінше, қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқылануда. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады.

    «Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын.

    Миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өткім келеді. Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс», – деп жазды министр.

    Аида Балаеваның мәліметінше, татистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті.

    Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды.

    «Достар, кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлар – ауызбіршілік пен ынтымақ. Сондықтан бәріміз Мемлекет басшысы атап өткендей, нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануымыз қажет», – деп қорытындылады Мәдениет және ақпарат министрі.

  • ҚМДБ әйелдердің мешітте намаз оқуына қатысты мәлімдеме жасады

    ҚМДБ әйелдердің мешітте намаз оқуына қатысты мәлімдеме жасады

    Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуыны тыйым салынбайтынын, бірақ үйінде оқығаны абзал екенін айтты.

    «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел­деріңе ме­шіт­ке ба­руға тыйым салмаңдар. Бі­рақ үйле­рі олар үшін ме­шіт­ке ба­ру­дан да қайырлы» деген. Ханафи мәзһабының ғалымдары фитнаға (бұзақылық) түсіп қалу қаупі болғандықтан, жас әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуын мәкруһ санаған. Себебі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйле­рі олар үшін ме­шіт­ке ба­ру­дан да қайырлы» деген. Ал жасы үлкен, қарт әйелдердің таң және ақшам мен құптан намаздарында мешітке баруына болады. Бұл – имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Өйткені ниеті бұзақылар бесін мен екінті намазында қаптап жүреді. Ақшам намазында кешкі асын ішумен әлек, таң намазы мен құптанда ұйқыда болады дейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша қарт әйелдер барлық парыз намазда мешітке бара алады», – деп жазылған хабарламада.

    ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі мәліметінше, мешітте әйелдерге арналған бөлек жер болса және ол жерге барар жол да көпшілікке көрінбейтіндей болса, оқасы жоқ.

    «Басты мақсат – әйелдің абыройы мен қоғамда түрлі бүліктердің тууына жол бермеу», – деді ҚМДБ өкілдері.

  • Жемқорларға қатаң жаза қолданылуы мүмкін

    Жемқорларға қатаң жаза қолданылуы мүмкін

    Енді жегі құрттай болған жемқорлардың елден шығуына тыйым салынуы ықтимал.

    – Айта кетейін, бұл бірінші рет көтеріліп жатқан сұрақ емес, бұл бізде баяғыдан бері талқылануда. Бұл бастама бұрыннан қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, тиісті ұсыныстар бар, – деді Данияр Бигайдаров.

    Агенттік өкілінің сөзінше, парамен ұсталғандарды елден шығармау мәселесі басқа да құзырлы органдармен бірлесе қаралып жатыр.

    – Талқылау нәтижесі көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмысты біз ғана қабылдай алмаймыз, мұны бүкіл мемлекеттік орган, аппарат қабылдауы тиіс. Депутаттар қолдаса, әрине, енгізілуі мүмкін, – деп сөзін қорытындылады ол. 

  • Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды

    Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды

    Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Мұқышеваның үкімі бойынша Болат Мажағұлов тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл 6 айға сотталды. Ол өзіне қызметте болған кезде берілген мемлекеттік наградасынан айырылады.

    Еске сала кетейік, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айының басында ұсталды. Тергеуді ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) жүргізді.

    Экс-шенеунікке ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, «Солнце» субұрқағын салу кезінде бір миллиардтан астам теңге жымқырылған.

    2016 жылы елорданың туған күніне орай пайдалануға берілген «Солнце» субұрқағы Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба ретінде таныстырылған еді. 80 метрге дейін көтерілетін су ағындары жарқын шоу жасап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты.

    Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жарамсыз болып, су ағындарын бүркуін тоқтатты. ҚМА мәлімдеуінше, субұрқақ құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен келісімшарттарға қол қойылған.

  • 1223 елді мекенді су басу қаупі бар

    1223 елді мекенді су басу қаупі бар

    Қазақстанның 1223 елді мекені су басу қаупі бар аймақта. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов хабарлады.

    ТЖМ осы орындардың инфрақұрылымын ықтимал су тасқынына дайындау үшін жергілікті билік органдарымен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара әрекеттеседі.

    «Мысалы, елді мекендерді қорғау үшін 576 км қорғаныс бөгеттері мен қорғандары тұрғызылып, нығайтылды. 164 км дренаждық жүйе жөнделіп, салынды, автомобиль және темір жолдардың астына 960 су өткізу құрылымы орнатылды және ауыстырылды, 658 км каналдар мен арықтар орнатылды. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде үш жүз шақырымнан астам тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердің ішінде нөсер және дренаж жүйелерінің құрылысы мен жөндеуі жүргізіліп жатыр», – деді Шыңғыс Әрінов.

     

  • Жыл басынан қос азаматтығы бар 91 адам шекарадан өтпек болған

    Жыл басынан қос азаматтығы бар 91 адам шекарадан өтпек болған

    2025 жылдың басынан ҰҚК Шекара қызметі өткізу пункттерінде бір мезгілде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің азаматтығы бар адамдардың шекарадан өтуінің 91 фактісін анықтады.

    «Ұсталғандар ісі қарау үшін полиция органдарына берілді. Айта кету керек, 2024 жылы Мемлекеттік шекарада 1190 қос азаматтық фактісі анықталды. Құқық бұзушылықтардың негізгі бөлігі жақын шетел азаматтарына тиесілі болды. ҰҚК Шекара қызметі қазақстандық заңнамаға сәйкес қос азаматтықтың болуы 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға немесе әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкелетінін еске салады», – делінген ведомство хабарламасында.

    Бұл ретте қазақстандықтардың басқа мемлекеттің азаматтығын алуы Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру үшін тікелей негіз екенін айта кеткен жөн.

  • Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қорының төрағасы қызметінен кетті

    Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қорының төрағасы қызметінен кетті

    «Қазақстан халқына қоры» 2022 жылы құрылған болатын. Оны содан бері Болат Жәмішев басқарып келеді.

    Болат Жәмішев басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.

    «Қазақстан халқына» қорының мәліметінше, қор 104 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасына бастамашы болды, оның 62-сі іске асырылды.

    «Қорда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік болды. Біздің бастамамызда қорды қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Бірге айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік және қор алдағы уақытта да дами беретініне сенемін. Барлық серіктестерге, донорларға және қызметкерлерге ортақ игі ісімізге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын», – деді Болат Жәмішев.

     

  • Министрлік тұран жолбарысын көбейту үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы сұрады

    Министрлік тұран жолбарысын көбейту үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы сұрады

    Экология министрлігі тұран жолбарыстарын көбейтуге жағдай жасау мақсатында 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы сұрады.

    Министрлік қаржы жолбарыстарға қажетті жағдай жасауға және Ұлытау тау массивінің табиғи әрі тарихи-мәдени орындарын сақтау үшін қажет деп көрсеткен. 2025 жыл үшін 778 726 000 теңге, ал 2026 жылға 370 148 000 теңге сұраған.

    2010 жылы Қазақстан елде жолбарыс тұқымдарын қайта жандандыру идеясын қолдады. Осы мақсатпен 2024 жылы Қазақстанға Нидерландыдан амур жолбарыстары жеткізілді. БҰҰ қолдауымен «Іле-Балқаш» табиғи қорығында жолбарыстарға арналған вольер орталығы құрылып, қазір олар сол жерде өмір сүруде.

    Министрлік мәліметінше, амур және тұран жолбарыстары жеке түрлер емес. Қазақстанға жеткізілген жолбарыстар аумақтық белгі бойынша автоматты түрде тұран популяцияның бөлігі болып саналады.

    Қазіргі уақытта «Іле-Балқаш» табиғи қорығында екі жолбарыс – Богдан мен Кума өмір сүріп жатыр. Биыл Ресейден жабайы табиғаттан тағы үш-төрт жолбарыс әкелу жоспарланған.

     

  • Алматыда тұрғын үй подъезінен нәресте табылды

    Алматыда тұрғын үй подъезінен нәресте табылды

    Алматы қаласы Түрксіб ауданында тұрғын үй подъезінен жаңа туған сәби табылды. Жылап жатқан баланың дауысын үй тұрғындары естіп, полицияға хабар берген.

    Алматыда екіқабатты үйдің кіреберісінен жаңа туған сәби табылды. Жерде шырылдап жатқан шақалақты көрген тұрғындар абдырап қалған. Дүние есігін енді ашқан қыз баланы тұрғындар бүгін түскі уақытта байқапты. Бөбекті үйдің екінші қабатына тастап кеткен. Жылап жатқан сәбиді тұрғындар дереу жылы жерге кіргізіп, жедел жәрдем мен полицияға хабар берген.

    Жаңа туған қызды Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары тауып алды. Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сәбидің анасының жеке басын және істің мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деді Салтанат Әзірбек.

    Телеарна сайтында бірер сәт бұрын Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар сәбиді ата-анасы ауруханадан алып кеткенін мәлімдегені туралы ақпарат жарияланды. Олардың қолында сәбидің құжаты бар, делінген сайттағы мәліметте.