Спорт министрі футболдың бас бапкеріне қатысты пікір білдірді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов  футболдың бас бапкеріне  қатысты жайтқа пікір білдірді. Министр, Станислав Черчесовтың әрекетін одан әрі ушықтырмай, халқымызға тән кеңпейілдік танытуымыз дұрыс деді.

«Құрметті достар!Әрине, Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді.

Дегенмен, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын.
Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал.Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік.
Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін.Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік!», — деп жазды фейсбуктегі парақшасында  https://www.facebook.com/100094570982990/posts/400478509781179/?mibextid=CTbP7E&rdid=xIxM71WcPzjX60Opминистр.
Естеріңізге сала кетейік,  Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызған болатын. Станислав Черчесовтің  қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске келемеждеп жауап берген. «Французша сұрап тұрсың ба», деп орынсыз қалжыңдаған. Осы жайттан кейін туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті.https://sona.kz/kk/qazaqstandyq-fwtboldagy-bas-bapkerdin-basy-dawga-qaldy-9131/ Ал, еліміздің футбол федерациясы Станислав Черчесовтің қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайтынын айтып ақталды.
Айта кетейік, бас бапкердің қазақ тілін кемсітуге қатысты бұл бірінші жағдай емес. Бірер ай бұрын Черчесов баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске шүйліккен еді. Желіде бұл жағдай көпшіліктің наразылығын тудырғаннан кейін Черчесов қазақ тілін оқып жатырмын деп құтылды.
Спорт министрлігі еліміздегі өзге де федерацияларды қазақ тіліне, мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға шақырады. Орынсыз қалжыңға жол жоқ екенін қатаң ескертеді.

Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *